«Мына түйелер Баянауылда, біздің жайлауымыздың жанында бір айдан бері жүр. Мал Қазақстанның батысы жағынан келген деген сөздер шығып жатыр. Расымен солай болар. Себебі, біздің өңірде түйе малы атымен жоқ. Жігіттер «обал ғой» деп шөбін беріп жатыр. Түйелердің «О» деген таңбасы бар. Жоғалтқан біреу бар ғой, не болса да» дейді ер адам дауысы Whats App арқылы келген дыбыстық хабарламада.
2014 жылдың қарашасында Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Қособа ауылының тұрғыны Қатірен Байниязовтың жайылымда жүрген түйелері жоғалған еді. Атпен, мотоциклмен, көлікпен іздеді. Қособа мен Тайпақтың арасын былай қойғанда, Ақтөбенің Қобдасын, тіпті Атырау мен Ақтауға дейін барды. Аяғы жетпеген жерге хабар салды. Ізім-ғайым жоқ. Павлодардағы түйелер жайлы естігенде «Менің түйелерім болып жүрмесін!» деп ойлағаны да жасырын емес.
- Жеті атамыздан бері түйе бағамыз. Ол жануардың бір қасиеті – өзінің жайылымынан көп ұзамайды. Менің түйелерім де Жетікөлге, Сайқұдыққа дейін барып жайылып, үш күн, әрі кетсе он күннен кейін Қособаның даласына қайтып келіп жүрді. Жоғалғанынан-ақ қолды болды-ау деп ойладым, - дейді Қатірен ағай.
Жоғарыдағы хабарды ести салысымен, жоқшы Баянауылдағы жігіттерге хабарласыпты. Ол жаққа барған түйе 14 бас екен. Қособа мен Павлодардың арасы 2300 шақырымдай.
- Шамасы, түйелер ұрланып, кейін өздері солтүстік асып кетіп тұр. Менің малымда «О» деген таңба болатын. Жігіттер ондай жазудың барын растады. Өзім салған ен болатын, ол да дәл келіп тұр. Жақынырақ барып суретке түсіру қиын екен, бура жолатпайтын көрінеді. Бағу көрмей бетімен жүргесін, жабайы болып та кеткен шығар. Әрине, барлық түйе менікі деуден аулақпын. Әкем «Біреудің ала жібін аттама!» деп үйреткен. Артық олжадан дәметпеймін, маған өзімнің малым бұйырса болды. Екі түйемнің мінезін білемін. Сол арқылы анықтап алар едім, - дейді Қатірен ағай.
Баянауылдағы түйелер туралы хабардың растығын өз құлағымызбен естімек болып, нөмірін тауып, жоғарыдағы хабарды таратқан адамның өзімен байланысқа шықтық. Иесіз малды көріп, елді құлақтандырған мұсылман – Аймұхамед Молшин деген азамат екен.
- Түйелер шаруашылығымыздың маңында жүргеніне бір айдай болды. Иесіз мал болмайды ғой. Бұл түйелердің иесі бар, іздеп жатқан шығар деп ойладық. Өзіміз де мал өсіріп отырған шаруамыз, жоғалтқанның зардабын білеміз. Біреулер иемденіп кетер деп, қасымыздағы жігіттердің қожалығына тұрақтаттық. Полицияға хабар бердік, өз күшімізбен әлеуметтік желі арқылы да жария салудамыз. Түйелер қазір Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылына қарасты Майқайың елді мекенінің маңында тұр, - деді бізге «Сарыжайлау CAPITAL» шаруа қожалығының басшысы Аймұхамед Молшин.
Жаңалықты естіген белгілі ақын, журналист, қособалық Бауыржан Халиолла «Жаяу Мұсаның еліне «жаяу барған» түйелер шынымен де менің «ауылдастарым» болса, қызықтың көкесі осы емес пе?» деп таңданыс білдірді өзінің Facebok-тегі парақшасында. Ал Қатірен ағамыз Алланың қалауымен бес жыл дегенде түйелерім табылды деп болжап отыр. Қыс бітпей, аяқтай барып, көріп, танып келу де ойында бар. Иә, түйелер Қатірен ағайдың малы болып шыға ма, жоқ па, әңгіме онда емес. Осы оқиға бізге қазақтың адалдығын, имандылығын тағы бір дәлелдегендей. Аймұхамед сияқты аңқылдаған баянауылдық жігіттердің ісі көп қазаққа үлгі болса екен!
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Батыс Қазақстан