Руханият • 23 Қаңтар, 2020

Еліміздегі ең үлкен ескерткіш

2187 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Еліміздегі ең үлкен ескерткіш

Ұлттың ұлы тарихында көне Тараз шаһарының өзіндік орны бар. Енді көне қаланың тарихи нышанын сақ­тай отырып, оны қайта жаңғырту, турис­тік орталыққа айналдыру – бүгіннің ісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті Ұлытау жерінде өткен халық­аралық туристік форумда «Ата-баба­ла­рымыз­дың рухын туризмнің озық үлгі­лері арқылы дәріптеуіміз керек», деген болатын. Осы мақсатта Тараздың ірге­сінен бой көтерген «Тектұрмас» этно-тарихи кешені ежелгі шаһар тари­хын толық бейнелейтін нысан деуге болады. Кешен Талас өзенінің жо­ғарғы жағалауындағы Тектұрмас тауы­ның биік тау беткейінде 24 гектар аума­қты алып жатыр. Тарихи аңыздарға қа­рағанда, Тектұрмас әулиенің азан ша­қырып қойған есімі Сұлтан Махмұт екен. Тағы бір деректерде оның Қарахан дәуі­рінде әскербасы болып қызмет ет­ке­­ні баяндалады. Жалпы, Тектұрмас кесе­несі Таразда ілгеріден бар. Ал жаңа ашыл­ған «Тектұрмас» тарихи кешені Әулиеата өңіріндегі ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекенін көрсететін, түркі тарихынан сыр шертетін тарихнама ретінде әрі халқымыздың рухани жан-дүниесін байытып, туризмді дамыту мақсатында салынған. Ғажайып кешен Тараз тарихының барлық кезеңін қамтитын бірнеше архитектуралық құ­ры­­л­­ымнан тұрады.

Тарихи кешенді тамашалау әйгілі Талас өзені арқылы өтетін көпірден бас­­та­лады. Көпірге кіреберіс жерде екі үлкен стелла тұрғызылған. Дөңгелек күн тәрізді тастың бірінші бетінде Ұлы Батыс түркі қағандарының таңбасы бей­не­­­ленсе, екінші бетінде түркі халық­та­ры­ның наным-сеніміндегі Тәңір құсы Самұрықтың бейнесі көрсетілген. Түркі халықтарының айбарлы белгісіне ай­налған арыстанның екі бейнесі ақ түсті мәрмәр тастан құйылып, көпір аяқ­та­ла­тын жердің екі жағында орнатылған. Мүсіндердің биіктігі 4 метр, салмағы 3 тонна. Арыстандардың түр келбеті қазба жұ­мыстары кезінде табылған артефакт бей­несі бойынша жасалған. Ежелгі мифологияда аңдардың патшасы арыстан өз аумағы мен өз үйірін қорғайтын, билік пен байлықтың символы болып есептелген. Ал кешенге кіреберістегі «Көне Тараз» қақпасы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің айбынын арттырып тұр. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі 10 метр, ені 14 метрді құрайды. Қақпаның екі жағында күзет тұратын биік мұнаралары бар. Ал ортасындағы қасбеттері әр түрлі ою-өрнектермен безендірілген. Оның бірінші беті «Тектұрмас этно-тарихи кешені» деген жазумен әшекейленсе, екінші бетінде «Тарих – тектіліктің белгісі» деген жазу жазылған. Қақпаның екі шетіндегі мұна­ралардың іргетасы жергілікті та­би­­ғи тастан қаланса, ал қабырғалары тра­вер­­­тинмен қапталған. Мұнаралардың ал­дың­ғы жағында найза және қылышпен қаруланған сауытты екі жауынгердің мү­­сіндік бейнелері бар. Қос жауынгер мүсінінің бойы 2 метр, ал салмағы 300 келі болады. Кешенге кіреберістен бас­талатын баспалдақтар мен ішкі жол­дар­дың барлығы жергілікті табиғи қызыл тастан жасалған. Баспалдақтың екі жағындағы арнайы ақ тастардан жаса­лып, ежелгі петроглифтермен әше­кей­лен­ген ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан тарихи тұлғалардың, яғни он төрт қаған мен ойшыл ғұламалардың есімдері, олардың билік еткен ғасырлары қашалып таңбаланған. Мұнда жазылған біздің дәуірімізге дейінгі VII-VIII ғасыр­лар­дағы әйгілі Тұран билеушісі Алып Ер Тоңға есімінен бастап ХV-ХVІ ғасыр­лар­да Моғолстан мемлекетінің негізін қалаушы Захир Әд-Дин Бабырға дейінгі қағандар мен ғұламалардың есімдері ұрпаққа ұлағат екені сөзсіз. Бұл жерден әулие Тектұрмас, шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн, түркі ғалымы Махмұд Қашқари, әйгілі Талас құрыл­та­йын ұйымдастырушы Қайду ханның есімдерін көруге болады.

3

Ал баспалдақтан жоғары көтерілген бойда ұлы бабамыз Әулиеатаның еңселі ескерт­кіші бар. Тарихи дерек­тер­де Әу­лие­­атаның Қарахан әулетінен шыққан хан Шах-Махмұд Бұғра Қарахан екені айты­лады. Айша бибі өмірден өткенде, оның басына мазар салдырып, өзі қалған өмірін кесенені күзетіп өткізгендіктен, ел аузында Әулиеата аталған делінеді. Сонымен қатар Әулиеатаның ежелгі Тараз топырағында Ислам мәдениетін қалыптастыру жолын­да еңбек еткені айтылады. Бүгінде шаһар орталығындағы Қарахан кесенесі ХІ ғасырдан бері сақталып келе жатқан көне сәулет үлгісі ретінде құнды. Жаңа бой көтерген Әулиеата ескерткішінің салмағы 10 тонна. Ақ түсті мәрмәр тастан құйылған ескерткіш постаментінің биіктігі 8 метр, ал мүсінінің биіктігі 13 метрді құрайды. Бұл еліміздегі ең үлкен ескерткіш болып саналады. Ескерткіштен ұлылық пен даналықтың бейнесін көруге болады. Абыз тұлға қос алақанын жайып, Жаратушыдан еліне бақ-береке тілеп тұрғандай кейіпте берілген. Ал одан беріде Тектұрмас тауының Талас өзені жағындағы ең биік беткейінде Тараз қаласын жоғарыдан көруге арналған алаңша орналасқан. Бұл алаңда құс ұшу биіктігінен Тараздың тынысы мен Талас өзенінің ағысына қарап, айналадағы тарихи дүниелерді тамашалауға барынша мүмкіндік жасалған. Ал тамашалау алаңшасының ортасында арнайы биік тастан жасалған билік белгісі – Лауһа тұғыры орнатылған. Символикалық белгінің ең ұшар басында әлемді жаратушы Алла Тағаланың қасиетті Құран Кәрімдегі ұлы сөзі «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші» деген Құран сүресі жазылған. Лауханың Құран аяты жазылған жерінің астыңғы жағында түркі халықтарының тастағы тарихы – әйгілі Күлтегін бабамыздың көне руна-түркі тіліндегі жазуы бейнеленген.

Алайда, алып архитектуралық құ­ры­лыс мұнымен тоқтап қалмайды. Жос­парда кешеннің екінші, үшінші кезең­дері бар. Болашақта «Тектұрмас» этно-тарихи кешені қосымша тарихи және танымдық нысандармен кеңей­ті­ле­ді деп жоспарлануда. Жоспар бойын­ша мұнда енді ежелгі қалалар мен қа­малдар қабырғаларының үлгісіне сәйкес, ортағасырлық қорғандар мен дуал­дар­дың көрінісі салынады. «Көне Тараз» қор­ғаны ежелгі керуен-сарай­лар мен цитадельдердің дәстүрлі архи­тек­туралық бейнесі бойынша жасалады. Сонымен қатар тарихтағы Атлах шай­қасы мен Аңы­рақай шайқа­сы­ның тасқа қашалған тарихи бейнесі мону­мен­талдық қабырға бетінде көрініс таба­ды. Бұдан өзге де жоспарлар бар. Ал бүгін «Тектұрмас» кешенінде Алып Ер Тоңға бастаған қағандар мен даныш­пан­дардың, Әулиеата мен Тек­тұрмастың рухы қалықтап тұр­­ғандай әсер етеді. Көз алдымызға за­ма­налар­дың ұлы көші, тарихтың та­ғы­лым­ды сабақ­та­ры елестейді.

 

Жамбыл облысы

 

Соңғы жаңалықтар