Аймақтар • 23 Қаңтар, 2020

Алматы бизнесі етек-жеңін жыя бастады

137 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке еліміздің ең ірі үш қаласы әкімдіктерінің құзыретін, оның ішінде қала құрылысы саясатында, көлік инфрақұрылымы мен сәулет келбетін қалыптастыруда кеңейту туралы тапсырма берілген еді. Осылайша, 2019 жылғы 28 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған.

Алматы бизнесі етек-жеңін жыя бастады

Мамандар бұл заңның қажеттіліктен туғанын айтады. Себебі Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға жаңа көзқарас қажет болды. Бір кездері заң қабылданды. Ол астананы көшіру кезінде декларативті болды. Сондықтан «біз қаланы дамытқымыз келсе, онда бұл заңды өзгертіп, блоктарды мазмұнмен толтыру керек» деген мамандардың пікірі ресми орындар тарапынан қолдау тапты.

2020 жылдың 10 қаңтарынан бастап бұл заң күшіне енді, сондықтан әкімдік Алматыда сауданы ұйымдастыру ережелерін әзірлеуге кірісті, онда стационарлық емес сауда объектілерін орнатудың орнын анықтайтын негізгі талаптар мен өлшемдерді, бірыңғай дизайн кодын, сондай-ақ кәсіпкерлерге орын бөлу механизмін бекіту жоспарлануда. 

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин Алматы қаласы аумағында сауданы ұйымдастырудың жаңа ережелерін әзірлеу, сондай-ақ, маусымдық (жазғы) алаңдарды орналастыру мәселелері туралы айтып берді. Сондай-ақ өткен жылдан бері айтылып келе жатқан Алматы базарларына қатысты даулы мәселелердің әкімдік тарапынан шешімі табылғаны да осы жиында белгілі болды. Базар орналасқан жердің иесі нысанның бастапқы мәнін өзгерту туралы шешім қабылдаған. Тұрғын үй жобасы осы күнге дейін дайын емес екен. Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде  Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының өкілдері Никольский базарының орнына салынатын тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты «Никольский базарының аумағындағы құрылыс мәселесі бойынша бізге рұқсат алуға ешкім өтініш берген жоқ. Ғимараттың сәулет-жоспарлау тапсырмасы және эскиздік жобасы әлі келісілмеді» деген болатын. Бірақ соған қарамастан базардың тағдыры алдын ала шешіліп қойылыпты. Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, Никольск базары осы жылдың сәуір айына дейін ғана жұмыс істейді. Бүгінде онда 170-ке жуық кәсіпкер сауда жасайды.

«Былтыр қазан айында олардың барлығына сәуір айына дейін орынды босату туралы ескертілген. Қазірдің өзінде кәсіпкерлердің 20-30 пайызы басқа орындарға кетіп жатыр» деді Еркебұлан Оразалин. 

Саудагерлерге Алмалы ауданындағы Жұлдыз, Барыс-4 базарларынан орын табуға көмек беріліп жатыр. Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының хабарлауынша, 2020 жылы Алматыда жеті базарды қалпына келтіру жоспарланған. Сарыарқа, Арыстан, Тұлпар, Үшқоңыр, Береке, Өжет базарларының жобасы дайын. Автобөлшектер сатылатын Жібек Жолы базарына қатысты мәселелер әлі толық шешілмеген.  Дүңгіршектер мен базарлардың орнына касса аппараттары бар өркениетті павильондар орнату жұмыстары жалғасуда.

Қазіргі таңда «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес қаланың аумағында сауданы ұйымдастыру Ережелері әзірленуде, онда стационарлық емес сауда объектілерін орнату үшін орындарды анықтаудың негізгі талаптары мен өлшемдерін, бірыңғай дизайн код, сондай-ақ кәсіпкерлерге орындарды бөлу тетігін бекіту жоспарланып отыр.

Еркебұлан Оразалин хабарлағандай, ережелер аясында стационарлық емес сауда объектілерін, оның ішінде жылжымалы фуд-трактарды орнатуға арналған орындарды кәсіпкерлердің өтініштері бойынша санитарлық нормаларды сақтай отырып анықтау ұсынылады, оның үстіне жақын жерде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ұқсас түрі бар коммерциялық үй-жайлар тиіс.

«Бүгінгі күні кәсіпкерлердің өтініштері бойынша стационарлық емес сауда объектілерін орнатуға арналған «Атамекен» ҰКП ұсынған 250 жер учаскесінен бірінші кезеңде 85 учаске іріктелді. Оларды аукцион арқылы немесе отандық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ететін тауар өндірушілермен тікелей шартқа отыру арқылы қолдануға беру ұсынылады» деп атап өтті Е. Оразалин.

Бұдан басқа, фуд-трактарды орналастыру бойынша шамамен 50 орын анықталады. Стационарлық емес объектілеріне жәрмеңке қызметі де жатады. Аталған жәрмеңкелердің негізгі мақсаты - ауыл шаруашылығы және отандық тауар өндірушілердің өнімдерін халыққа тікелей жеткізу.

Бүгін «демалыс күні» жәрмеңкесі қаланың 5 ауданында жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың ақпан айында қосымша 5 жәрмеңке ашу жоспарланған.

«Жеке жер телімдеріндегі стационарлық емес сауда объектілері бойынша Көше саудасы ережелеріне сәйкес бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету қажет» деді Е. Оразалин.

Сонымен қатар маусымдық (жазғы) алаңдардың қызметіне де ерекше назар аударылды. Әзірленетін Ережелерде оларды орналастыру, абаттандыру және пайдалану жөнінде негізгі талаптар жазылады.

Жаңа ережелер, ең алдымен, Алматы қаласының сыртқы сәулеттік-көркемдік келбетінің сақталуын қамтамасыз ету; қауіпсіздік талаптарын, техникалық регламенттерді, құрылыс нормалары мен ережелерін, мемлекеттік стандарттарды есепке алу; сондай-ақ маусымдық алаңның орналасу орны мен эстетикалық сипаттамалары объектінің қасбеттері мен стилистикасына сәйкес келуі үшін қажет.

Е. Оразалин атап өткендей, әзірленіп жатқан құжатқа сәйкес маусымдық алаңдар тек стационарлық тамақтану объектілері жанына ғана орналасуы тиіс. Бұл талаптар мемлекеттік қор аумағындағы, сондай-ақ, жеке жер учаскелеріндегі объектілерге қатысты. Маусымдық алаңның аумағы өзі орналасқан стационарлық қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнының алаңынан аспауы тиіс.

«Сонымен қатар маусымдық алаңдарды қалалық жерүсті жолаушылар көлігінің аялдама пункттерінде; жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерінің аймағында; метрополитеннің техникалық ғимараттарының 25 метрлік аймағында, ғимараттардың аркаларында, гүлзарларда, алаңдарда (балалар, спорт, қалалық көлік тұрақтарында); тұрғын үйлердің шатырларында және олардың жапсарлас салынған үй-жайларында орналастыруға жол берілмейді» деп түсіндірді Е. Оразалин.

2019 жылдың мәліметтері бойынша, қалада 270 жазғы алаң бар, оның 10 пайызы жеке аумақтарда, 90 пайызы мемлекеттік қор аумағында орналасқан. Енді жаңа ережелерге сәйкес, мемлекеттік қордың жерлері аумақтарына орналасқан маусымдық алаңдарды тек жеңіл құрылымдар мен уақытша құрылыстардан ғана орнату ұсынылады. 

Е. Оразалин жеке меншік аумақтардағы жазғы алаңдарға қойылатын талаптар тек жаңа ашылған нысандарға ғана қойылатынын және бұрын орнатылған күрделі құрылыстар өзгеріссіз қалатынын айтып, өзінің сөзін қорытындылады.