Қоғам • 24 Қаңтар, 2020

«Халал стандарты» деген не?

1370 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары әлем экономикасында «Халал стандарты» дейтін жүйе пайда болды. Тіпті Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамында «Total Global Halal industries» атты құрылым өз жұмысын сәтті жүргізіп келе­ді. Құрылымның құрылтайшысы – Малай­зия. Бұл елде шығарылатын өнімнің 95 пайызы халал стандартқа сай.

«Халал стандарты» деген не?

Әлемде халал өнімге деген сұраныс күн санап артып келеді. Халықаралық эконо­ми­калық қатынастарды зерттеу ұйымының мәлі­метіне жүгінсек, бүгінгі таңда бұндай өнімді 122 мемлекетте өмір сүретін 1,5 миллиард адам тұтынады екен. 2005 жылы халал өнімнің жылдық айналымы 5 миллиард дол­ларды құраса, соңғы жылдары 4 триллион долларға жеткен.

«Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Халал үкімі тек тағамға ғана тән десек қателесеміз. Халал индустриясына – тамақ өнеркәсібі (ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері); жеңіл өнеркәсіп (тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері); білім беру (ислам теологиясы, мектеп, балабақша, жоғары оқу орындары); денсаулық саласы (дәрі-дәрмек, акушерлік қызмет, перзентхана, мәйітхана); қаржы-қаражат (кредит, өсім, банкинг); мәдени орындар (театрлар, демалыс орындары, қонақүйлер); даяшылық қызмет (асхана, дәмхана, хауыз, кемпинг-мотел, турзим) барлығы жатады. Нақтырақ айтқанда, халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ.

Өз экономикасының барлық секторын халал стандарты бойынша дамытып отырған Малайзияда жыл сайын әлемдік форум өтеді. Мақсаты – халал индустриясын халықаралық брэндке айналдыру. Бұл іске «Ислам банкі», «Майкрософт корпорейшн» сияқты ірі қаржылық құрылымдар ықылас танытуда.

Осы орайда халал стандарттың шариғи үкімін де білген дұрыс. Себебі аят-хадис адам баласын харамнан аулақ болуға үндейді. Үлкен білім иесі Хафиз ибн Касир: «Харам етілген дүниелерді пайдалану құлшылықтың қабыл болмауына соқтырады» депті. Сол себепті, бізге халал мен харамды ажырата білу ауадай қажет.

Мысалы, электр тоғына соқтырып немесе ауыр балғамен бастан ұрып, бауыздамай өлтірген малдың еті харамға жатады. Осындай әдіспен өлтірілген мал үркіп-қорқудың салдарынан оның адреналин без­дері «қорқыныш» гормондарын бөледі. Үрейлі гормондар дереу қанға өтіп, сол мал­дың етін жеген адамның ағзасына зиян кел­тіреді.

Соққы кезінде ұйыған арам қанға микроб жиналады. Ол ет қанша қайнаса да өлмейді. Қайнаған еттің құрамындағы арам микробтар сыртқы қабыршығын (спора) тұтастырып алып, жойылмай жата береді. Тіпті бұл микро­бтар 500 градус ыстықта да өлмейді. Ет­пен бірге адамның ағзасына өтеді. Бұл – өте қауіпті.

Сирия медицина университетінің бір топ ғалымы «біссімілләсы» айтылып сойылған малдың еті мен айтылмай сойылған малдың етінде айырмашылық бар екенін тапты. Лабо­ратория жетекшісі профессор Халид Хала­венің пайымына қарағанда: «Біссіміл­ләсі айтылмай сойылған мал мен құс етінің құ­ра­­мынан ұйыған қан, көбейуге қабілетті бактерия мен микробтар көп табылды және ет тез бұ­зыл­ды, келесі етте ондай жағдай кезік­педі», дейді.

Халал стандартының басты шарты – өнімге доңыз араластырмау. Өйткені көп­те­ген кәсіпорын қабілетті өнімін (кәмпиттеріне) қатып қалмай ұзақ сақталуы үшін доңыз ма­йын қосады. Тіпті, сабын, тіс пасталары да солай. Күнделікті өмірде жиі қолданатын майо­нез, маргарин майларын да тұтастандырып тұру үшін шошқа майынан жасалған ерітінді қосу етек алған. Медицинада көптеген дәрі­­ге доңыз майы қосылады. Мысалы, асқазан ауруына пайдаланатын пепсиннің құра­мында доңыздың асқазанынан алынған фимо­зин қоспасы бар. Шетелде өндірілетін ойыншықтар мен әйелдерге арналған шағын қол сумкалардың дені шошқа терісінен жасалатынын біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені шошқа терісі арзан. Әлемде ең көп шошқа асырайтын ел  – Қытай. Сондықтан да көрші елден келетін өнімге абай болған жөн.

Жоғарыдағы халал стандартына көшкен мем­лекеттерде барлық өнеркәсіп өнімдеріне доңыз майын қолдану толық тоқтатылған. Олар оның орнына ксантан және гуар шырышын пайдаланып, жап-жақсы өнім алуда. Соңғы жылдары еліміз бойынша азық-түлік өнім­дерін өндіретін кәсіпорындар жаппай ха­лал стандартқа өтіп жатыр. Индустрия және сауда министрлігі құрамындағы «Халал стандарты» ұйымы жақсы жұмыс атқаруда.