Тарих • 24 Қаңтар, 2020

Қалмаққырылған ба, Қалмаққырған ба?..

3874 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан екі жыл бұрын біз газетімізде «Қалмаққырылған неге елеусіз қалған?..», «Көкірегіме көшкен Қалмаққырылған, Ақшиман» М.Әуезов» деп екі мақала жаздық. Мақалада Қалмаққырылған тарихы – ашылмаған арал секілді екенін, талай жыл бойы облыстық ішкі саясат, мәдениет, туризм басқармалары тарапынан «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінен бастап тарихи-танымдық жұмыс жүргізілмегенін айтқан едік.

Қалмаққырылған ба, Қалмаққырған ба?..

Енді міне, елеусіз қалған Қал­мақ­қырылған тауының сыры ашыла бас­тады.

Осы жуырда облыс орта­лығындағы Toraighyrov University-­те «Қалмақ­қы­рыл­ған тау­­ларындағы археологиялық-этно­графиялық зерттеулер» ат­ты халық­аралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференция өтті. Жер­гілікті ғалымдар тарих­тағы «Қал­маққырылған» деген атау­мен бел­гілі қазақ-қалмақ шайқасына қатысты құнды мәліметтермен бөлісті. Конференцияға студенттер, тарих пәні­нің мұғалімдері, зия­­лы қауым өкілдері қатысты.

Жергілікті ғалымдардың зерттеу жұ­мыс­тарының барысында шайқастың жылы, уақыты, орны анықталыпты. Тіп­ті шайқас сәттерін көрсететін картаны қа­тысушылар назарына ұсынды.

Жиында оқу орнының Е.Бек­маханов атындағы Тарих және этнография ор­талығының директоры Амантай Құда­баев­тың «Серектас шайқасы» деген кіта­бы та­ныстырылды.

– Сондықтан, – дейді оқу орны­ның Е.Бек­маханов атын­дағы Тарих және этно­гра­фия ор­та­лығының директоры Аман­тай Құдабаев, – шайқас өткен жерді «Қалмаққырылған» емес, «Қалмақ­қыр­ған» деп атаған дұрыс. Шайқас Май ауданы, Ақ­шиман ауылының маңында 1741 жылы наурыз-сәуір айларында бол­ған. Ол жерді «Қал­маққырған» десек, қазақтың қалмақты қырған жері болып шығады. Бұл тарихи деректермен дәлелденген. Ал егер «Қалмаққырылған» де­сек, онда қал­мақтар өздігінен қыры­лып қал­ған сияқты көрінеді, – дейді тарихшы ғалым.

Яғни «Серектас шайқасы» кіта­бына тарихшы, этнограф ғалым­дардың «Қал­мақ­қырыл­ған» тарихи шайқасы туралы мақа­­лаларын топтастырып бер­ген. Кі­тапта қазақ-қалмақ шайқас­та­рына байланысты зерттеулер, көнекөз қария­лардың ес­теліктері, өлкетанушылар мен журналист қауымның мақалалары бар.

Ал Toraighyrov University Архео­логиялық зерттеулер орта­лығының директоры Вик­тор Мерцтің айтуынша, қазір Қал­мақ­қырылған тауы түбегейлі зерт­телуде. Таудың солтүстік, сол­түстік-шығыс аймақтарынан қал­мақтардың көне тұрақтары анықталған. Бұл жерлер көшіп-қонуға аса ыңғайлы болған. Сол себепті олар осы жерлерге қызы­ғып, жаулап алғысы келген.

Тау Май ауданы, Ақшиман ауы­лының оңтүстік жағына қарай ор­наласқан. Таудың ені – 10, ұзын­дығы 17 шақырым. Баянауыл тауларымен жалғасады. Аралығы 80 шақырымдай.

Жиынға қатысқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы кафедрасының ғылыми қызметкері Ирина Ерофеева өткен ғасырдың 80-жылдары шы­ғыстанушы Вла­димир Мои­сеев­тің зерттеуі ба­ры­сында Қал­маққырылған жай­лы тарихи оқиғаны алғаш біл­гендерін айтып өтті.

– Алдағы уақытта Ақшиман жерін, Қалмаққырылған тауын­ зерт­теуді жоспарлап отырмын. Шайқас туралы материал­дар ор­талық және аймақтық мұрағат­тарда сақтаулы. Деректердің бар­лығы терең зерттеуді қажет етеді. Алдағы уақытта әріптестерімізбен бірлесіп зерттемекпіз, – дейді Ре­сей ғылым академиясы Қалмақ ғы­лыми орталығының қызметкері В. Тепкеев.

Қалмаққырылған тауы­на, Ақ­шиман ауылына жету – алыс­тың алысы. Май ауданының ор­талығы Көктөбеден шыққан көлік таусылып бітпейтін ұзақ жолға бас­тайды.

Ауылдағы мектепте технология пәнінен сабақ беретін Нұрбек Жұмаділовтің де Қалмаққырылған жайлы айтары аз емес. Облыс­тық музей қызметкерлері «Қал­­мақ­қырылған» жоба­сын да қол­ға алыпты. Бұл жоба­ға Ер­мат Байқұрманов, Әбіл­қақ Тү­гел­баевтар бастаған белсен­ділер үлес қосуда.

Облыста әкім болған Ерлан Арынның кезінде «Батырлар жолы» атты тарихи-танымдық жоба ұйымдастырылды. Жастар Баянауылдан Қалмаққырылған тауына дейінгі аралықтағы 80 ша­қырым жерді жаяу жүріп өтсе, «Қазақ хандығының 550 жыл­дығына» орай «Ұлы дала елі» тарихи-мәдени республикалық экс­педициясы да Қалмаққырылған тауына келіп кеткен.

Негізі осындай тарихи таулы жер ерекше қорғалатын аймаққа алынады. Қалмаққырылған та­уындағы тастарға қалай болса солай жазылған бейберекет жа­зулар, қоқыстар көзге түседі. Күтім ке­рек­тігі кө­рініп тұр.

Мұхтар Əуезов 1958 жылы Баянауылға келеді. Қасында жүр­ген серіктерінің бірі:

– Мұхтар аға, бұрын Баян­ауылда болып па едіңіз? – деп сұ­рақ қояды. Сонда Мұхтар Әуе­зов:

– Баянауылда болғаным жоқ. Бірақ Баянауыл үнемі менімен бір­ге, менің қасымда. Менің дос­­та­рым Əлкей Марғұлан, Қа­ныш Сəтбаев осы Баянауылдан шыққан азаматтар ғой. Олардың айтуы, суреттеуі бойынша Ақбет тауы, Қалмаққырылған жотасы, Жа­сыбай, Сабынды, Торайғыр көл­дері əлі картаға түспей жатып, менің көкірегіме көшкен. Енді, міне Баянауылға құмартып келе жатқан жайым бар, – деген екен.

Мұхаң айтып кеткен «әлі кар­таға түспей жатып» деген сөз­дің мәні бүгінге жетті. Біздің өзі­міз Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы арқылы елі­міздің әр өңіріндегі елеусіз қалған Қал­мақ­қырылған сияқты тарихи жер­лерді, олардың атауларын зерт­теп-зерделеп жазып, картаға түсі­ру керектігін енді қолға алуда­мыз.

Амантай Құдабаевтың «Серектас шайқасы» деген кіта­бының бұлай аталуына келсек, 1756 жылы Олжабай батыр бас­таған Баянауыл мен Ертіс өзені аралығындағы қазақ-жоңғар шайқасына куә болған Серектас таулары – қалмақты қырған же­ңістен соң Қалмаққырған деп атал­ғаны тарихта айтылады.

Бірақ ғалым-тарихшы Қал­мақ­қырған деп атағысы келген атау Май ауданы, Ақ­ши­ман ауылы маңындағы Қал­мақ­қырылған атауынан басқа, елі­міз­дің Ұлытау ауданында, Ақ­төбе об­лысы Темір ауданында да бар, қазақ жерінің тәуелсіздігі үшін күрестің куәсі болған тарихи жер­лер делінеді.

Жалпы, тарихта болған оқи­ғаны ата-бабаларымыз «Қалмақ­қырылған» деп бекер атамаған бо­лар. Аңырақай, Бұланты, тіпті, қалмақтармен болған шайқас­тардың бәрін де халқымыз «Қал­маққырылған» деп атап келген.

Әрине Аңырақай, Бұланты шайқастарының қатарына енді қалмақтарды қырған «Серектас шай­қасы» қосылса – осы күнге дейін елеусіз қалып келген бұл шайқас жайлы бәрі де білетіні қуантады.

Бұл шайқас жайлы Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Осы қырғыннан кейін қайтып қалмақтың табаны Сарыарқаға тиген емес» деп жазды.

Серектастағы «Қалмақ­қырыл­ған шайқасы» жайында Әлихан Бө­кейхан, Әлкей Марғұлан, басқа да тарихшылар жазып кеткенімен, Кеңес кезінде бұл мәселе жабық күйінде қала берді.

Кей жерлерде, жырларда Се­рік­­тас болып та аталып жүр. Ше­­жі­ре­де әркім әртүрлі таратады. Әйтсе де ертеден жергілікті ха­­лық «Қалмаққырылған» атап кет­кен атауды, осы күнге дейін санасына сіңірген тари­хи оқи­ғаны, өткен тарихты қас­терлейік. Атауын өзгерткіміз кел­се, Се­рек­т­астың өзі де бұрын жер­гі­лікті қарттардың айтуларынша Қара­сиыр деп аталған екен. «Қара­сиыр­дағы шайқас» жайлы да өткен тарихта мәліметтер бар.

Қазір бізге керегі: өңірдегі енді ға­на құпиялы тарихы ашылған Қал­маққырылған тауын тарихи-танымдық мағынасында қорғауға алу қажет. Туристер келіп таңдай қағатындай-ақ, табиғаты да, өзінің еш жерде жоқ ерекшелігімен көзге түсетін үшкір, жартасты тауларды қазақ жерінің кереметі ретінде таныстыру қажет.

Бұл жерге келгенде бойыңды тылсым құбылыс жеңіп, басқаша әсерде боласыз. Ақшиманға келер жол бойында «Қалмаққырылған тауы» деп жазылып, нұсқау бел­гілері болуы қажет. Сондай-ақ­ Қал­маққырылғанда тари­хи-та­ным­дық туризм жасау үшін бұл жаққа жол салуымыз қажет.

Осы көріністерді түсіретін кәсіби фотографтарды, тіпті, ша­­­ғын деректі кино түсіретін ма­­мандарды да шақыру керек. Ға­­лам­тордан Қалмаққырылған тау­ларының дөңгеленген көрі­ністерін көрсететін сурет табуың да қиын.

Біз де Қалмаққырылған тауы, Ақшиман ауылы жаққа бірнеше рет барып қайттық. Әр тасында жаугершілік заманның күңгір көне үні қалып, жаңғырады.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы