Зиялы қауым өкілдері жиылған шарада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов ұлт руханиятының бесігі саналатын өңірдегі бұл бастама өзге аймақтар үшін үлгі болатынын атап өтті.
– Бүгін қолымызға тигелі отырған үш кітап та көп ізденіс пен еңбектің арқасында жарық көріп отырған құнды дүниелер. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде баспа жүзін көрген бұл туындылар өткенімізді танымаққа талап қылған оқырманның танымын байытары анық, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы әзірлеген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының үшінші томына Сыр өңіріндегі сақ, оғыз, қаңлы тайпалары, Қыпшақ мемлекеті тұсындағы стратегиялық маңызды қалалар мен сәулет өнері ескерткіштері туралы деректер топтастырылған. Кітапқа жалпыұлттық және өңірлік мәні бар 84 нысан еніп отыр.
Ал «Алаштың асыл мұрасы» жинағына Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының ел арасынан жинаған түрлі әдебиет үлгілері, көне араб әліпбиінде хатқа түсірген шығармалары және Алаш қайраткерлерінің XX ғасыр басындағы туындылары топтастырылған. Кітапты құрастырған белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан.
«Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаялар» жинағы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнаулы жобасы аясында әзірленген. Әр кезең мен түрлі тақырыптағы фольклорлық мұраларды бір арнаға тоғыстырған құнды жинаққа былтыр «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған этно-фольклорлық және археографиялық экспедиция материалдары пайдаланылған. Бұл бастамаға тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас басқаратын облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары да үлкен үлес қосқанын айта кетейік. Жергілікті өлкетанушылар мәліметтері, облыстық және аудандық музейлер мен архив деректері, Алматы, Ташкент қалаларындағы сирек қорлар материалдары, тарихи фотосуреттер топтастырылған кітапқа өткен ғасыр басында жарық көрген И.Кастаньенің, орта ғасыр ойшылы Жамал Қаршидің, Хиуа тарихшысы Әбілғазы Бахадүр ханның еңбектерінен Сыр бойы ескерткіштері мен көне қалаларға қатысты материалдар мәтіндері еніп отыр.
Тұсаукесер рәсімінде философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, Тұрмағамбет шайырдың немересі Шалқыма Әбдірауықова сөз алып, аймақтың мәдени өміріндегі айтулы жаңалыққа тілектестіктерін білдірді.
ҚЫЗЫЛОРДА