Сенімге негізделген серіктестік
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері дипломатиялық байланыс орнатқалы 27 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынастың көкжиегі кеңейіп, серіктестіктің жоғары деңгейі қалыптасты. Қазақстан мен БАӘ қарым-қатынасы өзара түсіністік пен келісімге негізделіп дамып келеді.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед әл-Джабердің сөзіне сүйенсек, БАӘ тарапы үшін Қазақстан – сенімді серіктес, әлеуетті әріптес.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы ең басты серіктесіміз. Тиімді қарым-қатынасымызды бүкіл салаларда белсенді дамытуға мүдделіміз. Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты ұстанымдарымызды салыстырып, Қазақстан-Әмірліктер қарым-қатынасының құқықтық негізін нығайтуға бірлесе күш салуға әзірміз», деді әл-Джабер мырза «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.
Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктіктері әлемдік аренада Қазақстан бастамаларына әрдайым қолдау көрсетеді. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге ұсыныс білдіргенде, Қазақстанды белсенді қолдаған елдердің бірі Біріккен Араб Әмірліктері болатын. Оның үстіне, биыл Дубайда халықаралық ЭКСПО көрмесі өтеді.
Сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру, Қазақстан аймағында МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін құру, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру, Әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларының съезін ұйымдастыру ісінде де БАӘ тарапы қолдау көрсетті.
Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Мадияр Меңлібековтің сөзіне қарағанда, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерде Қазақстан мен Әмірліктердің ұстанымы өте жақын.
БАӘ-нің әлеуеті жоғары
Жоғарыда Біріккен Араб Әмірліктері саяси тұрғыда Қазақстан үшін маңызды серіктес екенін айттық. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, БАӘ Парсы шығанағындағы ахуалға белсенді араласып жүрген санаулы мемлекеттің қатарында.
Бұған дейін Әмірліктер тарапы Сауд Арабиясының бастамаларын әрдайым қолдап, аймақтағы жағдайға осындай әдіспен ықпал етуді көздеп келген-ді. Кейінгі бірнеше жылда БАӘ өңірдің геосаяси мәселесіне дербес араласа бастады. Халықаралық қатынастар жөніндегі Аустралия институты Йемендегі дағдарыс кезінде Әмірліктер мұны анық байқатты деп есептейді. Бұған себеп жетерлік. 2018 жылы ресми Әбу-Даби Йеменнің қарамағындағы Сокотра аралына сарбаз жіберген-тұғын. Мұндай қадам үшін не Сауд Арабиясы, не Йемен билігінің келісімін алған жоқ. Осы оқиғаның өзі Әмірліктердің геосаяси амбициясын анық байқатады.
Әбу-Дабидің басшылары өңірдегі саяси ахуалды жіті бақылап, оң ықпал етуге әрдайым күш салады. Мәселен, Ливиядағы ахуалды реттеуге арналған саммитке БАӘ тарапы белсенді араласты. Сондай-ақ Иран мен АҚШ-тың алауыз болуына мүдделі емес. Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед әл-Джабер аталған мәселелердің оңтайлы шешілуін көздейтінін айтты.
Екіншіден, БАӘ Парсы шығанағы елдерін шартараптың түкпір-түкпірімен жалғастыруға қабілетті. Әсіресе Азияның оңтүстік-шығысымен, Үндістан және Пәкістан секілді саяси-экономикалық тұрғыда маңызды елдермен тығыз байланыс орнатылған.
Оған қоса, ресми Әбу-Даби ұстанған саясат Елбасы Н.Назарбаев негізін қалап берген, Қазақстанның көпвекторлық бағытына өте ұқсас. БАӘ тарапы бүкіл әлем елдерімен тату болуды жөн көреді. Кейінгі жылдары бастары бір қазанға сыймай жүрген Қытай мен АҚШ екеуі де Әбу-Дабиді өңірдегі басты серіктесі санайды.
Үшіншіден, Әмірліктер – мұнайға бай мемлекет. Мысалы, 2019 жылы елде күніне 3,1 миллион баррель өндірілген. Бұл – әлемдік мұнай өндірісінің 4 пайызын құрайды. Сондықтан экономикасы қарқынды дамып, дәулеті тасып, қаржылық әлеуеті артып келеді.
Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын бүкіл араб әлемін жаппай шерулер мен наразылықтар дүр сілкіндіргенін ұмытқанымыз жоқ. Сирия секілді елдердің шаңырағы ойрандалуына әсер еткен осындай оқиғалар Әмірліктерді айналып өтті. Мұның себебі, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсы, «көйлегі көк, тамағы тоқ». Аш адамның ашушаң, жағдайы төмен тұрғынның шерушіл, наразылық жасауға бейім келетінін БАӘ билігі жете түсінеді десек артық айтқандық емес. Сондықтан ел билігі мұнайдан түскен табысты халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсайды.
Биылғы сапардың маңызы қандай?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне бұл сапарының маңызы ерекше. Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде БАӘ-ға алғаш рет бармақшы. Сапар барысында ынтымақтастықты одан әрі дамытудың бағыты талқыланады.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед әл-Джабер де Қ.Тоқаевтың сапары өзара байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосады деп есептейді.
«Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастың қазіргі деңгейі мен оны дамыту жолдарын талқылайды деп күтіліп отыр. Келіссөздер барысында мемлекеттеріміз арасындағы бизнесті ілгерілету мен инвестиция тарту мәселесі қаралмақ. Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерінде бизнесін кеңейтуге мол мүмкіндік бар», дейді елші.
Мұхаммед әл-Джабердің сөзіне сай, Қазақстан Президентінің сапары өзара әріптестікті нығайта бермек.
«Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар мемлекетаралық келісімге қол қойылады деп күтіліп отыр. Атап айтсақ, Қазақстанның Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында мұнай және химия саласында, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ Экономика министрлігі арасында сауда саласында, АХҚО-ның қаржылық қызметті реттеу комитеті мен БАӘ Орталық банкі арасында қаржы саласында әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі ведомствоаралық меморандумға қол қойылады деп жоспарланған», дейді Мұхаммед әл-Джабер.
Осы орайда мына нәрсені айта кеткен жөн. Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Бұл саладағы ынтымақтастық тұрақты дамудың даңғылына түскен. Тауар айналымы көлемі бойынша Әмірліктер араб елдерінің ішінде бірінші орында тұр. Мәселен, 2018 жылы тауар айналымы – 490 миллион долларды құрады. Былтыр бұл сома 500 миллион доллардан асып жығылды.
Айтпақшы, екі елге қатысты мынандай қызық дерек бар. Біріккен Араб Әмірліктерінің тұңғыш ғарышкері Хаззаа Әли әл-Мансури заңғар көкке былтыр қазақ даласынан, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқаны есімізде. Жерге аман-есен оралған әл-Мансуриді алғаш құшағында аялаған да Сарыарқаның сайын даласы екенін арабтар әлі күнге аузының суы құрып әңгімелейді.