Аймақтар • 24 Қаңтар, 2020

Қызылорда: Кәсіпкерлер өтініші ескеріледі

651 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы өкілдері облыс кәсіпкерлерімен кездесуін жалғастыруда. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда: Кәсіпкерлер өтініші ескеріледі

Сырдария ауданы Бесарық ауылындағы «Абай-Дәулет» серіктестігінде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелерімен, Шаған ауылындағы «Керуен» жол бойы кешенінде қызмет көрсету саласындағы іскерлермен кездесу өтті. Оған Палата директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев және аудандық филиал директоры Ерлан Әбдікеров қатысты.

Кездесуде кәсіп иелері несие беретін қаржы ұйымдарының, бағалаушылардың кепілге қоятын мүліктерін төмен бағалайтындықтарын айтты. Сол үшін де айналым үшін қажетті ақшаны көбіне шағын қаржы ұйымдары арқылы рәсімдейді. Ал оның пайызы өте жоғары болып отыр.

Бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, тиімді тұстарына тоқталып өтті.

Жол бойы кешенін қолға алған кәсіпкерлер интернет желісінің ойдағыдай жұмыс істемейтіндігін басты мәселе ретінде атады.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан біздің кешенге келушілер көп.

Олардың арасында шетелдіктер де бар. Алайда олардың бірінші сұрайтын қажеттілігі – интернет. «Қазақтелеком» арқылы қостырғанымызбен сапасы сын көтермей тұр, 5-6 адам қатар қосылғанда мүлдем тартпай қалады, дейді кәсіп иесі Гүлмира Медеуова.

Мұнан өзге, кездесуде жол бойы кешендеріне банкомат орнату, тұтынатын су бағасының қымбаттығы, салық органдары мамандарының жөнсіз талаптары жайлы айтылды. Әр сауалға қатысты мамандар түсіндірме жүргізіп, мәселелерді тиісті органдармен бірге шешетіндіктерін жеткізді.

Бүгінде Сырдария ауданында 2081 кәсіпкер бар. Өткен жылы Палатаға олардан құқығын қорғауды сұраған 10 өтініш түсіп, оның 5-еуі оң шешілген. Қалғандары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Кәсіпкерлікке қатысты 560 азаматқа кеңес берілген. «Бастау» бизнес жобасы бойынша 230 азамат оқып, олардың 132-сі 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржы алды.

Аудандық филиал директорының айтуынша, қазірдің өзінде «Бастауды» оқуға ниетті азаматтар көптеп өтініш білдіруде. Жыл басынан бері 100-ге жуық аудан тұрғыны тіркелген.