Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстан Конституциясының 15 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырыс Президент Әкімшілігі, Конституциялық Кеңес, орталық және жергілікті атқару органдары өкілдерінің қатысуымен бейнеселектор түрінде өтті.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, 2010 жылдың 30 тамызында Астана қаласында әскери парад және елдің барлық өңірлерінде мерекелік мәдени-бұқаралық, ағартушылық және спорттық іс-шаралар ұйымдастыру жоспары қаралды.
АСТАНАНЫ ДАМЫТУ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов орталық атқарушы органдар басшыларының қатысуымен Астана қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кеңесте бірқатар ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды, сол сияқты үлестік құрылыс нысандарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.