Аймақтар • 25 Қаңтар, 2020

БҚО-да «Жайық қыраны-2020» бүркітшілер сайысы басталды

627 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылында екі күнге созылатын «Жайық қыраны-2020» республикалық бүркітшілер сайысы басталды. Ұлттық додаға Қазақстанның 8 облысынан құсбегілер қатысуда.

БҚО-да «Жайық қыраны-2020» бүркітшілер сайысы басталды

Ұлттық құсбегілік өнер мүлдем жойылып кеткен деп саналатын Батыс Қазақстан облысында тұңғышы бүркітшілер сайысы 2018 жылы Орал қаласында өткен болатын. Ол байқауға жергілікті тұрғындар тарапынан ерекше қызығушылық болды. Тіпті Ресей Федерациясының көршілес аймақтары – Самара, Тольятти, Ульяновск, Пермьқалаларынан келді. Ұйымдастырушылар сол жолы мұндай ерекше өнерді өңірде дамыту қажеттігін айтқан болатын.

«Жайық қыраны-2020» сайысын ұйымдастырушылардың бірі, TourWestKaz тобының жетекшісі Айболат Құрымбаевтың айтуынша, биылғы сайысты тамашалап көруге мыңнан аса туристер жиналуы мүмкін. Сайыс өтетін Сарыөмір ауылы – Орал қаласынан 100 км шамасында, белгілі Шалқар көлінің жағасында орналасқан елдімекен. Ауылдың іргесіндегі қырат – Сасай тауының биігінде киіз үйлер тігіліп, құсбегілерге де, келушілерге де барлық жағдай жасалған. Жаз бойы Шалқар көліне тынығушыларға киіз үй тігіп, қызмет көрсететін ауыл халқы турист қабылдау мәдениетін меңгерген деуге болады. Келушілер жазушы Хамза Есенжановтың музейін тамашалап, ауыл ішіндегі бұлақты көріп, Сасай тауынан сырғанақ тебуге де мүмкіндік алады.

Биылғы бүркітшілер сайысына еліміздің 8 облысынан келген құсбегілер 14 бүркіт, 4 сұңқар, 3 қаршыға әкелінген. Сайыс бағдарламасында қыран құстарды түлкі, қоян және шілге салу сынды сынақтар бар.

 

Батыс Қазақстан