Университет қызметі жастарға білім мен тәрбие беруге бағытталғандықтан Президенттің бұл мақаласын ең алдымен білім саласына жүктелген үлкен жауапкершілік әрі міндет деп қабылдаймыз.
Абайдың өмірлік асыл мұраты – елді түзету, ұлтты тәрбиелеу еді. Абай адам баласының рухани кемелденуі туралы Батыс пен Шығыс философиясын, Конфуций сынды ой алыптарын толық зерттегеннен кейін өзінің «Толық адам» ілімін қалыптастырды. Адамзат баласына «Адам бол!», адамдық қасиеттеріңді өміріңнің соңына дейін сақтай біл деп ұран тастады. Абай өзінің бүкіл болмысын, ой қуаты мен ақындық күшін адам бойындағы кісілік пен адамгершілікті, білім мен парасатты, әділеттілік пен қайратты, ел қамын, қала берді, бүкіл адамзат қамын жейтін кемел тұлға, «Толық адамды» тәрбиелеу жолына жұмсады. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сынды күллі рухани кеселдерден аулақ болуға шақырды. Хакім Абай үшін адамды жаратқан Алла болғандықтан «Адамды сүю, Алланың хикметін сезіну» оның адамдығын анықтамақ. Міне, осы тұрғыдан келгенде Абайдың педагогикалық ілімі қай елдің де ұрпақ тәрбиелеу ісінде басшылыққа алып, тәжірибесіне енгізуге тұрарлық ескірмейтін ілім.
Президент ұлы Абайдың тағылымы арқылы қазақстандық қоғамды ізгілендіру мәселесін астын сызып көрсетті. «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек», деді. Осы ретте «Абайдай тұңғиық ой мен сыршыл сезім иесін жас ұрпаққа қалай танытып, қалай оқытып жүрміз? Абайды тану және таныту дәрежеміз қандай? Жас ұрпақтың бойына ақынның рухани мұрасын сіңіре алдық па? Келер ұрпаққа болашаққа апарар баға жетпес құндылықтарымыздың бірі ретінде аманат ете алдық па?», деген заңды сауалдар туындайды. Әділдігін айту қажет, «Абайтану» пәнін мектепке енгізу туралы шешім қабылданғаны қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын ғана емес, жалпы ұстаздар қауымын қуантты. Сондықтан жоғары мектепте абайтану курсы педагогикалық мамандықтардың барлығына міндетті пән ретінде енгізілгені дұрыс деп санаймын. Пәндер жүйесіне енгізіліп, сағат саны нақты көрсетілмесе, жас өскіндердің бойына Абай даналығының дәнін себу жай ғана идея күйінде қала бермек.
Біздер, ұстаздар, білім беру мекемелері министрлікпен бірлесіп, Абай мұрасын балабақшадан бастап жоғары мектепке дейінгі деңгейде оқытудың ортақ тұжырымдамасын жасап, енгізуіміз қажет. Сол тұжырымдама бойынша мемлекеттік стандартқа негізделген бағдарламалар керек. Тұжырымдаманы жасауға филолог-ғалымдар ғана емес, педагогтар, психологтар, философтар, әлеуметтанушылар, IT-мамандары да тартылуы тиіс.
Ұлттық болмысымызды қалыптастыру ең алдымен балабақша мен мектептен, білім беру ісі мен тәрбиеден басталатыны түсінікті. Осы ретте ең алдымен, мектеп оқушылары мен студент жастар арасында Абайдың өмірі мен шығармашылығын қаншалықты білетінін, олардың құндылық бағдарларын анықтайтын әлеуметтік сауалнамалар, мониторинг жүргізу тағы басқа жұмыстар жүргізілуі тиіс. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастарымыздың сана-сезімі мен болмысына Батыс мәдениетінің ықпалы артып, ұлттық құндылықтардың әлсіреу тенденциясы бар. Міне, сондықтан да тәрбие беруде Абайдың «Адам бол!» қағидасын басшылыққа ала отырып, ұлттық тәрбиені, адамзат баласының ұрпағын тәрбиелеудегі озық іс-тәжірибелерімен ұштастыратын кез жеткен секілді. Ол үшін білім мекемелерінде тәрбие жұмысының жалпыұлттық тұжырымдамасы жасалуы қажет. Білім беру мекемелеріндегі адамгершілік-патриоттық тәрбиеге бағытталған жұмыстардың барлығы да Абайдың гуманистік идеяларына негізделіп, осы ортақ тұжырымдама аясында жүзеге асырылғаны жөн. Абайтану саласынан қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес, барлық педагог-мамандардың біліктілігін арттыру да аса маңызды мәселе. Өйткені ғылым бір орнында тұрмайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта абайтану саласында қаншама жаңалықтар, деректер ашылды. Бірақ ғылымдағы жаңалықтардың мектеп партасына, мұғалімдердің тәжірибесіне кешеуілдеп жетіп жататыны жасырын емес.
Президент мақаласында Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отырғандығын айтты. Шын мәнінде қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын Абай тұлғасы арқылы әлемге танытумен шұғылданатын ғылыми орталықтар аса қажет. Ұлт ұстазының жерлестері ретінде Абай орталықтарын құрудың алғашқы қарлығашы біздің оқу орны болғанын ерекше айтқым келеді. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдары 2019 жылдың 7 ақпанында Польшаның Свече қаласындағы лингвистикалық-техникалық университетке арнайы барып, «Абай» мәдени-білім беру орталығын ашты. Мұндағы мақсат – Абайды, Абай арқылы қазақты әлемге таныту, ғылыми-мәдени байланыс орнату. Осы бастама облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен жүзеге асты. Президент мерейтой қарсаңында Абай мұраларының әлемнің 10 тіліне аударылатынын айтты. Бұл игілікті іс үздіксіз жалғаса бермек. Осы ретте ЖОО-дағы шет тілі және аударма ісі мамандарына арналған білім беру бағдарламаларына абайтану пәнін (компоненттерін) енгізу, оны академиялық ұтқырлық аясында Абай орталықтарының, ғылыми-зерттеу институттарының базасында оқыту, «Абай» қорық-мұражайына іс-тәжірибеге жіберу жұмыстары жолға қойылғаны абзал. Сонда ғана абайтану саласынан сапалы мамандарға қол жеткіземіз.
Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Біздің оқу орны сол іс-шаралардың бірқатарының жүзеге асырылуына белсенді түрде қатысады. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қарасөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек», деген тапсырма берді. Осы ретте университет ғалымдары Абай Құнанбайұлының қарасөздерін төменгі сынып оқушыларына ұғынықты тілмен мазмұндап беретін «Дананың сөзі – ақылдың көзі» деген кітап шығарғанын айта кеткім келеді. Әрине, Абайдың қарасөздерін түсіну, талдау үлкен адамдарға оңай соқпасы анық. Саналы ғұмырын абайтануға арнаған Мұхтар Әуезовтің өзі: «Абай – мұхит, мен сол мұхиттың бетін шөміштеп қана қалқып алдым», деген екен. Сондықтан Абай дананың қарасөздерінің мән-мағынасын сақтай отырып, бала қабылдауына лайықтап жеткізу үшін филолог, философ, теолог, педагог, психолог ғалымдардың, қала берді, логопедтердің де кешенді зерттеулерін ұйымдастыру мәселесі кезегін күтіп тұрғаны да шындық.
Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры
ӨСКЕМЕН