Абай • 27 Қаңтар, 2020

Абай үні – халық үні

744 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел Президенті «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакімнің тұңғиық ойларының тереңіне бойлау, оны күллі өмірінің бағдаршамы ету қазақ халқының мәңгілігінің мәңгілік мәселесі екенін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлт ұстазының 175 жылдық мерейтойы – той тойлау үшін емес, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін керектігін ұғындырды.

Абай үні – халық үні

Университет қызметі жастарға білім мен тәрбие беруге бағытталғандықтан Пре­зи­денттің бұл мақаласын ең алды­мен білім саласына жүктелген үл­кен жауап­кершілік әрі міндет деп қабыл­даймыз.

Абайдың өмірлік асыл мұраты – елді түзету, ұлтты тәрбиелеу еді. Абай адам баласының рухани кемелденуі туралы Батыс пен Шығыс философиясын, Конфуций сынды ой алыптарын толық зерттегеннен кейін өзінің «Толық адам» ілімін қалыптастырды. Адамзат баласына «Адам бол!», адамдық қасиеттеріңді өміріңнің соңына дейін сақтай біл деп ұран тастады. Абай өзі­нің бүкіл болмысын, ой қуаты мен ақын­дық күшін адам бойындағы кісілік пен адамгершілікті, білім мен парасат­ты, әділеттілік пен қайратты, ел қамын, қала берді, бүкіл адамзат қамын жейтін кемел тұлға, «Толық адамды» тәрбиелеу жолына жұмсады. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сынды күллі рухани кесел­дерден аулақ болуға шақырды. Ха­кім Абай үшін адамды жаратқан Алла бол­ғандықтан «Адамды сүю, Алланың хик­метін сезіну» оның адамдығын анық­тамақ. Міне, осы тұрғыдан келгенде Абай­дың педагогикалық ілімі қай елдің де ұрпақ тәрбиелеу ісінде басшылыққа алып, тәжірибесіне енгізуге тұрарлық ескір­мейтін ілім.

Президент ұлы Абайдың тағылымы арқылы қазақстандық қоғамды ізгілендіру мәселесін астын сызып көрсетті. «Абай­дың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген сала­сының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы инс­титуттарының негізгі тұғырына айналуы керек», деді. Осы ретте «Абайдай тұң­ғиық ой мен сыршыл сезім иесін жас ұр­паққа қалай танытып, қалай оқытып жүр­міз? Абайды тану және таныту дәре­жеміз қандай? Жас ұрпақтың бойына ақынның рухани мұрасын сіңіре алдық па? Келер ұрпаққа болашаққа апарар баға жетпес құндылықтарымыздың бірі ретінде аманат ете алдық па?», деген заңды сауалдар туындайды. Әділдігін айту қажет, «Абайтану» пәнін мектепке енгізу туралы шешім қабылданғаны қа­зақ тілі мен әдебиеті мамандарын ғана емес, жалпы ұстаздар қауымын қуант­ты. Сондықтан жоғары мектепте абайтану курсы педагогикалық мамандық­тардың барлығына міндетті пән ретінде енгізілгені дұрыс деп санаймын. Пәндер жүйесіне енгізіліп, сағат саны нақты көр­сетілмесе, жас өскіндердің бойына Абай дана­лығының дәнін себу жай ғана идея күйінде қала бермек.

Біздер, ұстаздар, білім беру мекемелері министрлікпен бірлесіп, Абай мұрасын балабақшадан бастап жоғары мектепке дейінгі деңгейде оқытудың ортақ тұжы­рымдамасын жасап, енгізуіміз қажет. Сол тұжырымдама бойынша мемлекеттік стан­дартқа негізделген бағдарламалар керек. Тұжырымдаманы жасауға филолог-ғалымдар ғана емес, педагогтар, психологтар, философтар, әлеуметтанушылар, IT-мамандары да тартылуы тиіс.

Ұлттық болмысымызды қалыптас­тыру ең алдымен балабақша мен мектептен, білім беру ісі мен тәрбиеден бас­талатыны түсінікті. Осы ретте ең ал­дымен, мектеп оқушылары мен студент жастар арасында Абайдың өмірі мен шығармашылығын қаншалықты білетінін, олардың құндылық бағдарларын анықтайтын әлеуметтік сауалнамалар, мониторинг жүргізу тағы басқа жұ­мыстар жүргізілуі тиіс. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастарымыздың сана-сезімі мен болмысына Батыс мәдениетінің ық­па­лы артып, ұлттық құндылықтардың әлсі­реу тенденциясы бар. Міне, сон­дық­­тан да тәрбие беруде Абайдың «Адам бол!» қағидасын басшылыққа ала оты­рып, ұлттық тәрбиені, адамзат ба­­ла­сының ұрпағын тәрбиелеудегі озық іс-тәжірибелерімен ұштастыратын кез жеткен секілді. Ол үшін білім меке­мелерінде тәрбие жұмысының жал­пы­ұлттық тұжырымдамасы жасалуы қажет. Білім беру мекемелеріндегі адамгершілік-патриоттық тәрбиеге ба­ғыт­талған жұмыстардың барлығы да Абай­дың гуманистік идеяларына негіз­деліп, осы ортақ тұжырымдама аясында жүзеге асырылғаны жөн. Абайтану саласынан қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес, барлық педагог-мамандардың білік­тілігін арттыру да аса маңызды мәселе. Өйткені ғылым бір орнында тұрмайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта абайтану саласында қаншама жаңалықтар, деректер ашылды. Бірақ ғылымдағы жаңа­лықтардың мектеп партасына, мұға­лімдердің тәжірибесіне кешеуілдеп жетіп жататыны жасырын емес.

Президент мақаласында Ресейдегі, Фран­циядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақ­стан­ның елшіліктері жанынан «Абай ор­талықтарын» құру жоспарланып отыр­ғандығын айтты. Шын мәнінде қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын Абай тұлғасы арқылы әлемге танытумен шұғылданатын ғылыми орталықтар аса қажет. Ұлт ұстазының жерлестері ретінде Абай орталықтарын құрудың алғашқы қарлығашы біздің оқу орны болғанын ерекше айтқым келеді. С.Аманжолов атын­дағы ШҚМУ ғалымдары 2019 жыл­дың 7 ақпанында Польшаның Свече қаласындағы лингвистикалық-тех­никалық университетке арнайы барып, «Абай» мәдени-білім беру орталығын ашты. Мұндағы мақсат – Абайды, Абай арқылы қазақты әлемге таныту, ғылыми-мәдени байланыс орнату. Осы бастама облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен жүзеге асты. Президент мерейтой қарсаңында Абай мұраларының әлемнің 10 тіліне аударылатынын айтты. Бұл игілікті іс үздіксіз жалғаса бермек. Осы ретте ЖОО-дағы шет тілі және аударма ісі мамандарына арналған білім беру бағдарламаларына абайтану пәнін (компоненттерін) енгізу, оны академиялық ұтқырлық аясында Абай орталықтарының, ғылыми-зерттеу институттарының базасында оқыту, «Абай» қорық-мұражайына іс-тәжірибеге жіберу жұмыстары жолға қойылғаны абзал. Сонда ғана абайтану саласынан сапалы мамандарға қол жеткіземіз.

Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Біздің оқу орны сол іс-шаралардың бірқатарының жүзеге асырылуына белсенді түрде қатысады. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қарасөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек», деген тапсырма берді. Осы ретте университет ғалымдары Абай Құ­нан­байұлының қарасөздерін төменгі сы­нып оқушыларына ұғынықты тілмен мазмұндап беретін «Дананың сөзі – ақылдың көзі» деген кітап шығарғанын айта кеткім келеді. Әрине, Абайдың қара­сөздерін түсіну, талдау үлкен адам­дарға оңай соқпасы анық. Саналы ғұмы­рын абай­тануға арнаған Мұхтар Әуезовтің өзі: «Абай – мұхит, мен сол мұхиттың бе­тін шөміштеп қана қалқып алдым», деген екен. Сондықтан Абай дананың қарасөздерінің мән-мағынасын сақтай отырып, бала қабылдауына лайықтап жет­кізу үшін филолог, философ, теолог, педагог, психолог ғалымдардың, қала берді, логопедтердің де кешенді зерт­теу­лерін ұйымдастыру мәселесі кезегін күтіп тұрғаны да шындық.

 

Мұхтар ТӨЛЕГЕН,

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры

        

ӨСКЕМЕН