Аймақтар • 27 Қаңтар, 2020

Бірнеше цифрлы жоба іске қосылды

147 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы өңірді цифр­ландыру бойынша қолға алынған бірнеше жобаны облыс әкімі Ғали Есқалиевке және журналистерге таныстырды.

Бірнеше цифрлы жоба іске қосылды

Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы ғимара­тын­да іске қосылған «112» қызметі шұғыл көмекке мұқтаж болған оралдықтарға жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Мұнда бұрынғы «01» – өрт сөн­ді­ру, «02» – полиция, «03» – жедел дәрігерлік жәрдем қызметі, сон­дай-ақ төтенше жағдайдағы құ­тқару қызметі бойынша қоңы­рау­лар қабылданады. «АҚШ пен Еуропа елдерінің үлгісіндегі мұн­дай бірыңғай call-орталықтың ар­тық­­шылығы өте көп» дейді жоба ав­тор­лары.

– Төтенше жағдайлар қыз­ме­ті­нің кезекшісіне түсіп жататын қо­ңыраулардың 80%-ы – әдетте өз мәніне сәйкес келмейді. Немесе зардап шегушіге полицияның да, дә­рігердің де, өрт сөндірушінің де көмегі қатар керек болуы мүм­кін. Осындай жағдайда «112» қыз­меті тұрғындардан келіп түс­кен шақыртуларды өзі реттеп отырады. Мәселен, жол-көлік оқи­ға­сы кезінде бірнеше қызметтің кө­мегі қатар қажет болса, «112» қыз­­метінің операторы оқиға орнына бірден қажетті кешенді көмекті жолдайды. Осылайша уақыт үнемделеді, қызмет сапасы артады. «112» қызметінің тағы бір артықшылығы, мұнда бір мез­гілде 30-40 қоңырау қабылдау мүм­кіндігі бар. Операторлар арна­йы дайындықтан өткен, олар­ға әдістемелік кеңес беретін кеңес­шілер де дайындалған, – дейді облыстық ақпараттандыру, мем­ле­кеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының бас­шысы Сәкен Нұртазиев.

Айта кетейік, былтыр өрт сөн­ді­ру қызметіне 16 мыңға жуық қоңырау, полиция қызметіне – 112 мың, жедел медициналық кө­мек қызметіне – 277 мың, ТЖ қызметіне – 180 мың қоңырау түс­кен екен. Енді бұл қоңыраулар бір орталыққа түсіп, сарапталып, әрі қарай тиісті қызмет саласына жолданатын болады.

«112» қызметінде қазір үш опе­ра­тор қоңырау қабылдап отыр. Болашақта операторлар санын 9-ға дейін көбейту жоспарланған. Қоңырау қабылдаушылар алғашқы ме­ди­циналық көмек көрсету, тө­тен­­­ше жағдайларға кеңес беру да­йын­дығынан өткен. Тіпті телефоннан өзіне төнген қауіпті жағ­дай­ды ашып айта алмайтын адамға да тиісті сұрақтар беру арқылы «иә», «жоқ» деген жауап алып, мәсе­ленің мән-жайын анықтау тәсіл­де­рін меңгерген.

Елімізде дәл осындай қызмет Шығыс Қазақстан облысында және Нұр-Сұлтан қаласында қанатқақты жоба ретінде енгізілген екен. Енді, міне, ол сапқа Батыс Қазақстан облысы да қосылды. Әрине, 3-4 айға дейін әдеттегідей «01», «02», «03» қызметтері де бұрынғыша қоңырау қабылдай береді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев «112» call-орталығының жұ­мы­сы­мен толық танысып шыққан соң, қала халқы ертеден пайдаланып келген жүйеден жаңа жүйеге ауысу ісі тұрғындарға қиындық туғызбауын қатаң тапсырды.

Ақ Жайық өңірінде цифр­лан­дыру ісін алға бастырады делін­ген тағы бір жоба – «IT group» компаниясының жеке ІТ мек­тебінің ашылуы болды. Жаңа мектеп оқушылары РНР-бағдар­ламалауға, android және IOS үшін мобильды қосымшаларды әзірлеуге, UNITY-де ойындарды дайындауға, бағдарламалардың, ойындардың, қосымшалар мен сайттардың дизайнын әзірлеуге қажетті білім алатын болады. Мұнда келген адам «Электронды-есептеуіш машиналардың операторы», «Web-программист (ком­пьют­ерлік)», «Web-дизайнер», «Программист» (компьютерлік), «Ком­пьютер құрылғыларына қыз­­мет көрсету технигі» сынды ма­мандық алып шығады. Мектеп былтыр қарашада техникалық және қызмет көрсетуші қызмет мамандықтары бойынша кәсіби дайындау, қайта дайындау, білік­ті­лік­ті арттыру және біліктілік беру бойынша «Атамекен» тізіліміне ен­гізілген. «Біз әлеуметтік жа­ғы­нан аз қамтылған отбасылардан іріктеліп алынған бірнеше жасқа тегін білім беруді де жоспарлап отырмыз» дейді мектеп әкімдігі.

Өңірдегі цифрландыру жұмыс­та­рының негізгі орталығы – IT HUB алаңы. Мұнда ауыз толтырып айтатын соңғы жаңалықтың бірі – қала тұрғындарына барлық коммуналдық төлемін бір ғана қағаз түбіртегі мен онлайн шот арқылы төлеуге мүмкіндік беретін бірыңғай төлем құжаты.

Бұл пәтер иесінің уақытын, қаржысын үнемдеуге көмектеседі. Сонымен қатар тұтынушы өзінің жеке кабинеті арқылы бірыңғай төлем құжатының электронды түбіртегін алып, есептеулер мен төлем тарихын нақтылап, www.batyser.kz сайты арқылы онлайн-төлем жүргізе алады.

Ал «Инватакси» жобасы мүм­кіндігі шектеулі жандарды та­сымалдау саласында мемлекет көмегінің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету, сонымен қатар бюджеттік қаражатты пайдалануды бақылауға алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту мақсатында әзірленген екен. Бүгінде Орал қаласында «Инватакси» қызметін мүмкіндігі шектеулі 300-ден астам адам қолданады. Бұл қызметті көр­се­туге 32 автокөлік, оның ішін­де арнайы жабдықталған 13 авто­кө­лік тартылған. Жыл басынан бері телефон арқылы 16 544 шақы­ру түскен. Бұл жүйе қызмет көр­сетудің бизнес-құрылымын тиім­ді ұйымдастырып, инватакси мар­шруттарын онлайн бақылауға мүм­­кін­дік береді. Жүйенің брау­зер­лік және мобильдік нұсқа­ла­ры жасал­ған.

«Елорданы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС әзірлеген Big-Data (шағын және орта бизнес модулі) платформасы жергілікті билік органдары үшін өте қажетті, өңірдегі барлық кәсіпкерлік құрылым деректерін талдап оты­­­ру­ға арналған жүйе екен. Мұн­­­да кәсіпорындардың деректер базасы қанатқақты режімде іске асырылды. Әзірге мұнда 12 мың­нан астам кәсіпорын бойынша нақ­ты мәлімет жинақталған. Плат­форма өңірдегі шағын және орта бизнес құрылымдарының әле­уе­тін ұдайы бағалауға, кәсіп­орын­­дардың дамуы­на ке­дер­гі кел­­тіретін мәселелер мен қи­ын­дық­­тарды зерттеп, мем­ле­кеттік қол­дау шараларының тиім­ділігін тал­­дауға таптырмас мүм­кіндік бе­реді. Бұл жүйе арқылы өңір кә­сіпорындары өз қызметтері мен өнім­дерін облыс аумағынан тыс бола­тын мемлекеттік сатып алулар шең­беріне шығара алады.

Ақ Жайық өңірін цифрландыру бойынша бірнеше жобаның тұсауы кесілген шара Орал қаласындағы Қазақстан Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мен «ИнфоДата» ЖШС арасында «React мектебі» жобасы бойынша меморандумға қол қоюмен қорытындыланды. Бұл келісімнің мақсаты – бағ­дар­ламалауға, бағдарламалық қамсыз­дан­дыру өнімдерін әзірлеуге, мар­ке­тинг­ілеуге оқыту және өңірдің ІТ білім беру саласын дамыту саласында ынтымақтастық орнату.

 

Батыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар