Аймақтар • 27 Қаңтар, 2020

БҚО-да «Жайық қыраны-2020» бүркітшілер сайысы қорытындыланды

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылында екі күнге созылған «Жайық қыраны-2020» республикалық бүркітшілер сайысы мәреге жетті.

БҚО-да «Жайық қыраны-2020» бүркітшілер сайысы қорытындыланды

Еліміздің 8 өңірінен – Алматы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласының атынан байқауға қатысқан құсбегілер сайысқа 14 бүркіт, 8 қаржыға және 8 ителгі алып келген екен. Құсбегілердің киім үлгісінен бастап қырандардың бабы, иесін қапысыз тыңдауы, тапсырмаларды мүлтіксіз орындауы сынға түсті.

Бүркітшілер сайысында Нұр-Сұлтан қаласынан келген Серікбек Күнтуғанның «Алғыры» барлық сында үздік болды. Құсты қолға шақыру, еркін ұшыру, шырғаға салу, қоянға салу сынақтарында таңдай қақтырды. Мүмкін болған 50 ұпайды түгел олжалады.

Екінші орынға Алматы облысынан келген Ғабит Таңатовтың «Өткірі» шықты. Маңғыстаулық Айшуақ Таймановтың «Ақбалағы» қоянға құйылып түскенімен, шырғаға салу кезінде сәл ағаттық жіберген. Оған жүлделі үшінші орын бұйырды.

Қаршыға құстар сайысында Алматы облысынан келген Сағыныш Баетбайдың «Көкжендеті» бірінші орынды іліп түсті. Нұрсұлтандық Ерасыл Серікбекұлының «Чипогы» мен батысқазақстандық Мұратбек Балтабековтың «Ұшқыры» кептерге салу сынағында бас жүлдегермен тең ұпай жинағанымен, қазылар алқасының шешімімен екінші-үшінші орындарды өзара бөлісті.

Ителгі құстар арасында өткен сынақта Алматы облысынан келген Қуаныш Исабековтің «Жұлдызбегі» ең көп 32 ұпай жинады. Екінші орынды Атыраудан келген «Сомбалақ» (құс иесі Арман Қошқаров) иеленсе, үшінші жүлде маңғыстаулық Айшуақ Таймановтың «Ақбалағына» бұйырды. Байқағаныңыздай, маңғыстаулық құсбегі баптаған қырандар екі сайыста жүлде алды.

«Жайық қыраны-2020» құсбегілер сайысы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында өтті. Республикалық турнирдің өз дәрежесінде өтуіне Теректі ауданы мен Сарыөмір ауылдық әкімдігі барынша қолдау көрсетті. Сонымен бірге осы іске алғашқы күннен-ақ белсене атсалысып, ұйымдастыру шараларын жүргізген волонтьер, белгілі өлкетанушы, «TourWestKaz» агенттігінің жетекшісі Айболат Құрымбаевтың еңбегін ерекше айтып өтсе болады. Ол әлеуметтік желі арқылы бастама көтеріп, турнир жеңімпаздарына арналған жүлде қорының қаржысын жинап берді.