27 Наурыз, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚИЫНДЫҚТА ҚАЛМАЙДЫ

677 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Редакцияға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіндегі Қызылағаш ауылынан оқуға түскен бір топ суденттерден хат келіп түсті. Алматы облысы, Ақсу ауданының осы ауылындағы табиғат зардаптарынан болған қасіретке қабырғалары қайысып отырғанын жазған студент қыздар өз хаттарында Қызылағаш елді мекеніндегі туған-туыстарынан айырылып, ауыр қайғыға душар болған ағайын-жұртпен өздерінің жүректері бір екенін айтады. “ЖҮРЕГІМІЗ —  АУЫЛЫМЫЗБЕН БІРГЕ” Сонымен бірге, олар осынау қиын жағдайға кезіккен ағай­ынға  мемлекет тарапынан жа­са­лып жатқан барлық мүмкін­діктерге, дер кезінде жетіп тұрған көмекке ризашылық сезімдерін жеткізеді. “Мәселен, – делінеді хатта – біз білім алып жатқан университеттің ректоры осы жағдай болған күн­нің ертесіне Қызылағаш ауылы­нан келіп оқитын ақылы негіздегі студенттердің бәріне ректорлық стипендия тағайын­дап, грантта оқитын студент­терге қаржылай көмек берді. Бұл, әрине, біз үшін үлкен қолдау болды”. Одан әрі хат иелері филология факульте­ті­нің 2-курс студенті Кәмшат Мұ­ха­мет­қалиева, тарих-эконо­ми­ка фа­культетінің 4-курс сту­денті Жа­нар­гүл Мәдениет, фи­зика-мате­матика факультетінің 4-курс сту­денті Мунира Тұр­сын, жараты­лыс­тану-география факультетінің 1-курс студенті Айнаш Нұрбаева, музыкалық білім және мәдениет факуль­тетінің 4-курс студенті Үзім Қойылхан, педагогика және психология факультетінің 4-курс студенті Меруерт Молда­ғұлова қазіргідей білім бәсекесі зама­нын­да Мемлекет басшы­сының ин­теллектуалды ұлттың қалып­та­суы­на көп көңіл бөліп отырған­дығын, осынау қам­қорлықты студенттер қауымы жақсы сезі­нетінін айта келіп, өздері оқитын оқу орнында шәкіртақының 25 пайызға өсіп, жатақханалардың салынып, жазғы сессияны “өте жақсы” және “жақсы” деген ба­ғаға тапсырған студенттерге қо­сымша гранттардың беріліп жат­қанын да тілге тиек етіпті. Одан әрі олар өздерінің туған ауылдары ауыр қайғыны бастан кешіп жат­қанда  сырт қал­май, Қызыл­ағашты қайта гүл­дендіруге атсалысатындарын  жаза­ды. Осыған орай студент қыздар биыл университетті бітіре­тін төрт түлектің ұстаздық қыз­метті өз мектептерінде бастай­тын­дарын, табиғаттың тосын апатынан жүрегі шайлыққан іні-сіңлілерінің жақсы оқып, келе­шекте өздері ұнатқан ма­ман­дық иелері болуына көмек­тесетіндерін айта отырып, барша студент достарын бүгінгі күн талабына сай сәулетті де айшықты архи­тектуралық үлгі­дегі жаңа ауыл тұрғызуға, оның рухани әлеуетін арттыруға шақырған. “Балам дейтін жұр­тымыз барда, жұртым дейтін ұрпақ біз болайық!”, – дейді хат иелері. Дастан КЕНЖАЛИН. ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН Қайғырма, көтер басты, Қызылағаш! Желбіретіп тұрғанда туын Алаш! “Біз сендермен әрқашан біргеміз” – деп, Қалың ел қолдап жатыр, Қызыр Алаш! Шымкент, Таразбенен, Қостанайың, Астана еселеп күш, қосқан айбын. Ақтау мен Қарағанды, Көкшетауың, Атырау – қайғыңа ортақ, достар-ай – мың. Орал мен Қызылорда – қан тамырым, Өскемен мен Семейім – айтар мұңын. Аузынан жырып беріп жатыр  бәрі, Танытып ұлы дала дархандығын. Бірлікті елге ешкім де сұғына алмас, Мейірім, ізгіліктен бір жан қалмас. Қазаққа тән рухпен жеңе білдің, Тосындау табиғаттың сынын алғаш. Бәйшешек қауыз ашып, ағаш бүрлер, Қызғалдағы құлпырып далам гүлдер. Кештеу келген наурыздың нұрындай боп, Өсе берсін, Тасқын мен Амангүлдер! Мамытқан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ. Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылы. АТЫРАУДАН ЖІБЕРІЛГЕН ЖӘРДЕМ Қызылағаштағы ағайынның басындағы ауыр жағдайға атыраулықтардың да қабырғасы қайысып отыр. Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың жергілікті басылымдарда өңір жұртшылығын, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар басшыларын қызылағаштықтар қиын­дығын бірге көтерісуге шақырған үндеуі жарияланды. Осыған орай бірнеше басқосулар өткізілді. Атырау облысы қолдан келетін көмек түрінің барлығын көр­сетуге дайын. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукеновтің айтуынша, Елбасының Қызыл­ағаш­тағы зардапты жоюға байланысты берілген тап­сырмасына орай өңір қазынасынан 50 миллион теңге қаржы арнайы есепшотқа аударылған. Бұған қоса өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер алғашқылардың қатарында бір күндік жалақыларын аударды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. ҰЛАНДЫҚТАР КӨМЕГІ Республикалық ұланның әскери қыз­метшілері Алматы облысы, Ақсу ауда­нындағы апаттан зардап шеккендердің қайғысына ортақтасады. Әскери меке­ме­лер арасында алғашқы болып, Респуб­ли­калық ұланның орталық аппараты, 0111, 0112, 0116 әскери бөлімдерінің сардарла­ры, келісім-шарт бойынша әскери қыз­мет­шілерінің барлығы ақшалай қаражат жи­нап, арнайы ашылған есепшотқа аударды. ИНСТИТУТ ҰЖЫМЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ Алматы облысы, Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылында болған жойқын су апатының салдарынан қайғылы оқиғаға ұшыраған ауыл тұрғындарына көмек беру мақсатында Мемлекет тарихы институтының ұжымы апат болған аудандағы зардап шеккен жандарға арнап бір күндік жалақысын аударды. Қайғылы оқиғаның зардабын шегіп, қан жұтып қалған қарапайым халық су тасқыны кезінде ауыр қиыншылыққа ұшырап, баспана, мал-мүлкінен айырылудан сырт, 40-қа тарта жанның ажал құшуымен аяқталған еді. Бүгінгі таңда, су шайып кеткен ауылдың тұрғындары қоғамның, мемлекеттің көмегіне зәру болып отыр. Ауыр апатқа ұшыраған ауыл тұрғындарының қайғылы тағдырына алаңдаушылық білдіре отырып, Мемлекет тарихы институтының ұжымы, зардап шеккен қамкөңіл жандардың, қиыншылықты тез арада жеңіп, еңсе көтерулеріне тілектестік білдіреді. Айтбала ӘБЕНОВА, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері. АСТАНА.