Президент • 28 Қаңтар, 2020

Өзара сенімге негізделген ынтымақтастық

370 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары барысында Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.

Өзара сенімге негізделген ынтымақтастық

«Әл-Уатан» сарайында өткен ресми кездесуде Президент Қ.Тоқаевты шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаян қарсы алды. Содан кейін екі мемлекеттің Әнұран­дары орындалды.

Келесі кезекте Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев пен БАӘ тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаян бірлескен суретке түсіп, делегация мүшелерін өзара таныстырды. Салтанатты рәсім­нен кейін Президент Құрметті қо­нақ­тар кітабына естелік қол­таң­басын қалдырды.

«Еліңіз бен «Әл-Уатан» сарайындағы жылы қабыл­дауы­ңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Бірік­кен Араб Әмірліктерінің достығы мен бауырластық қарым-қаты­настары нығая берсін. Әмірліктер халқының ырысы мен берекесі баянды болуына тілектеспін!

Ізгі ниетпен, Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев», делінген Құрметті қонақтар кітабында жа­зылған тілекте.

Бұдан соң мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөздер өткізді. Мәртебелі мейманды құр­метпен қарсы алған шейх Мұ­хаммед бен Заид әл Нахаян сөз алып, осы сапары үшін Қ.Тоқаевқа алғыс білдірді.

«Жоғары мәртебелі Прези­дент мырза. Елімізге, Біріккен Араб Әмірліктері аумағына қош келдіңіз. Біріккен Араб Әмір­ліктері президенті шейх Халифа ибн Заид әл Нахаянның Сізге жол­даған ыстық ықыласты лебізін біл­діргім келеді. Әмірліктердің бас­шысы сапарыңызға зор табыс тілейді», деді мұрагер ханзада.

Сонымен қатар шейх Мұхам­мед бен Заид Қазақстанның Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевқа да ел Прези­дентінің сәлемін жеткізді.

«Әмірліктердің Президенті және менің ыстық сәлемімді жаңа Қазақстанның негізін қалаушы, жақын досым, жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізуді сұрай­мын. Әмірліктердің негі­зін қалаушы шейх Заид бен Сұлтан әл Нахаянмен өте жақын қарым-қатынаста болды. Екі ел арасындағы байланысты нығайтуға, кеңейтуге зор үлес қосты. Қазіргі уақытта өзара қа­рым-қатынастарымыз өте жо­ғары деңгейде деп айта аламыз», деді шейх Мұхаммед бен Заид.

Осы орайда, мына нәрсені айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Бірік­кен Араб Әмірліктерінің Пре­зиденті –  шейх Халифа бен Заид әл Нахаян. Алайда оның ден­сау­лығы нашарлауы­на байланыс­ты, мәртебелі мей­мандар­ды күтіп алу, Әбу-Даби­дің күнделікті тіршілігіне қажетті шешім қабылдау секілді маңызды жұмыстарды атқару Әбу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ-нің негізін қалаушы шейх Заид бен Сұлтан әл-Нахаянның үшінші баласы шейх Мұхаммед бен Заидке жүктелген.

Сондай-ақ шейх Мұхаммед бен Заид Қазақстанмен ықпал­дастықты дамытудың маңызына тоқталып, өзара әріптестіктің соны тұстарын атап көрсетті.

«Біз Біріккен Араб Әмір­лік­­тері Қазақстанмен ықпал­дас­тық­ты дамытуға ерекше ма­ңыз береміз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағы­ты мен мүмкіндігі мол. Осы ретте, 2019 жылғы қыркүйекте Әбу-Дабиде өткен Қазақстан мен Әмірліктердің үкіметаралық ко­миссиясының жұмысы нәти­желі аяқталды. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Әмірліктер ара­сындағы сауда айналымы өсіп келеді. Әмірліктер Қазақстанның араб әлеміндегі тауар айналымы бойынша ең бірінші сауда әріп­тесі саналады. Қазақстан Әмірліктер ин­вес­тициясын тарту бойынша Орталық Азия елдері ішінде негізгі елге айналды», деді тақ мұрагері.

Шейх Мұхаммед бен Заид өз елінің тұңғыш ғарышкері ас­пан әлеміне қазақ даласынан ұш­қа­ны­на ерекше екпін берді. Ес­тері­ңізде болса, былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінің тұңғыш ға­рыш­­кері Хаззаа Әли әл-Мансури заң­ғар көкке «Бай­қоңыр» ғарыш айла­ғы­нан ұш­қаны есімізде. Жерге аман-есен оралған әл-Мансуриді ал­­ғаш құшағында аялаған да Са­ры­­ар­қаның сайын даласы еке­нін араб­­тар әлі күнге тамсана әңгімелейді.

«Осы ретте жоғары мәртебелі екі ел арасындағы ғарыш сала­сындағы ынтымақтастықты ерекше атап өткім келеді. Өткен жылы Әмірліктердің тұңғыш ғарышкері Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш орталығына аттанды», деді шейх Мұхаммед бен Заид.

Бұдан кейін аймақтағы ахуал­дың қазіргі жағдайына тоқталып, Әмірліктердің негізгі саясаты аймақтағы мәселелерді бейбіт жолмен шешу, толеранттылықты нығайту, халықаралық аренада өзара бейбітшілікте өмір сүру екенін атап өтті.

«Әмірліктер мен Қазақстан Рес­публикасы Ислам Ынтымақ­тасты­ғы Ұйымы шеңберінде ты­ғыз әріптестік орнатты. Екі ел осы ұйымның беделін арттыру бо­йынша бірлесіп жұмыс атқарады.

Қазақстанның Ислам әлеміндегі орны ерекше. Жоғары мәртебелі Прези­дент мырза! Елімізге хош келдіңіз. Осы сапарыңыз екі ел арасындағы ынты­мақ­тастықты жоғары деңгейге көтеретініне кәміл сенемін», деп сөзін түйіндеді тақ мұрагері.

Осыдан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, қонақ­жай­лық көрсеткені үшін алғысын біл­дірді.

«Бұл менің Президент ретінде араб әлеміне тұңғыш сапарым. Сондықтан, бұл сапар Қазақстанның Сіздің елге үлкен мән беріп отырғанын аңғартады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сізге Тұңғ­ыш Президентіміз – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың ыстық лебізін жеткізгім келеді. Шын мәнінде, екі елдің арасындағы қарым-қатынастың арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткіздік», деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев әріптесінің сөзімен келісе­тінін айта отырып, екі елдің байланысы шынайы достық, өзара түсіністік пен сенімге негізделгенін жеткізді.

«Екі ел арасындағы қарым-қатынас­тар тарихының тамыры терең. Бізді шы­найы достық, өзара сенім мен түсі­ніс­тік байланыстырады. Сондықтан қарым-қатынастарымыздың келешегі зор. Менің сапарымның негізгі мақсаты – екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беру. Біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Алға жылжуымыз керек. Мен осы сапарға ерекше мән беремін және үлкен үмітпен қараймын», деді Президент.

Келесі жылы Әмірліктердің құрыл­ғанына 50 жыл толмақ. Ал Қазақстан 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Осыны еске түсірген Мемлекет басшысы бұл Қазақстан үшін аса маңызды тарихи меже деп мәлімдеді.

«Дипломатиялық қатынастар орнаған 28 жылда Нұр-Сұлтан мен Әбу-Даби көпқырлы ынтымақтастықты нығайтып, мазмұнды әрі ашық саяси диалог қалыптастырды. Әсіресе сауда-экономикалық және мәдени-гумани­тарлық байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Екі ел кәсіпкерлері белсенді жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда 350-ге жуық бірлескен кәсіпорын құрылды. Мысалы, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан Әбу-Даби Плаза кешені – осындай табысты байланыстардың жарқын көрінісі», деді Қ.Тоқаев.

Кездесу барысында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Екіжақты кездесу аяқталғаннан кейін, келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар мем­лекетаралық келісімге қол қойылды.

Атап айтсақ, Қазақстан Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында Мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға,  Қазақстан Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, «Астана» халық­аралық қаржы орталығының Қар­жылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі ко­митеті мен БАӘ Орталық банкі арасын­дағы өзара түсіністік туралы мемо­ран­думға қол қойылды.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» – Әбу-Дабиден (Біріккен Араб Әмірліктері)