Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен облыс әкімі Б.Сапарбаев екі күндік сапардан кейін Өскеменде өткен штаб отырысында осылай деді
Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бастаған жедел топтың Кенді Алтайға келіп, топан су басып жатқан Тарбағатай, Зайсан, Үржар, Ұлан аудандарын аралап, апатты өз көздерімен көріп, осы сәтте қиналған тұрғындармен жүздесуі, оларға дем беруі көпшілікті бір серпілтіп тастады. Апат болған аймақтарға Үкімет 849 миллион теңге бөлген, ол аудандар мен қалаларға келіп түсе бастады. Мәселен, Риддер – 160, Күршім – 154, Зайсан – 114, Үржар – 53, Өскемен – 40, Семей 31 миллион теңгеге ие болған. Әзірше қар мөлшерінің 20 пайызы ғана еріпті. Алғашқы бір аптада күн қатты жылып, кейбір су қоймаларын мөлшерден тыс жиналған су бұзып, елді мекендерді басып қалса, биіктігі бес-алты метр мол қар күрт еріп, апатты жағдай тудырғанын білеміз. Артынша күн суып, тұрғындардың ес жиып алуларына жағдай жасады. Міне, бірер күннен бері күн қайтадан жылып, халықты әбігерге салуда.
Штаб отырысын бастаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Үржардан оралғанын, онда Егінсу су қоймасымен танысқандарын, Өскеменде де су басу қаупі бар жерлерді көргенін, қардың еруінен қауіпті жағдайдың орын алып отырғанын тілге тиек етті. Үржарда тұрғындардың апатпен күресі атап өтуге тұрарлық, әрбір адам әр көше, аулаларды қатаң күзетке алған. Судың көзін ашып, аулаларды шайып кетпеуін қадағалауда. Алайда, жағдай барлық жерде бірдей емес. Бүгінгі күні 33 мың қой-ешкі, 7 мың ірі қара, мыңдаған жылқы өлген. Жеті мыңнан астам адам басқа жерлерге көшірілген. Тарбағатайда тұрғындар мектептер мен клубтарда тұрып жатыр. Ыстық тамақ жеткізілуде. Бірақ халық алаңдаулы. 2 сәуірден балалардың сабақтарын жалғастыратынын, шамамыз келгенше барлық жағдайды жасайтынымызды айттық, дейді өңір басшысы. Елдігіміз мен ерлігіміз танылатын сын сәтте республикадан, әр облыс тұрғындарынан көмек алсақ, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Себебі, жүздеген адам үй-күйсіз қалды, тек Тасбастау ауылында бірнеше үй қирап қалды. Қазір еліміздің барлық облыстарынан техника, адамдар көмекке келуде. ТЖМ қажетті тікұшақ, ауыр техникаларды жіберді. Біз бара алмаған жерге олар дер кезінде жетіп, талай адамды су тасқынынан алып шыққанына куә болдық, дейді аймақ басшысы. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко министрліктің 17 бөлімдерінің осында шоғырланғанын, 544 адам, 122 техниканың жеткізілгенін хабарлады.
Күршім ауданында да бірнеше ауылдарды су ала бастады. Абайдағы жағдай белгілі, аудан орталығы Қарауылды су басып, дер кезінде жеткен көмектің арқасында адам өліміне жол берілмеді. Бірақ, қырылып жатқан мал саны көбеймесе, азаяр емес.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.