Медицина • 28 Қаңтар, 2020

Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандар жоқ

332 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақ­шасында: «Үкіметке Қы­тайда пайда болған коронавирустың Қа­зақ­стан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйым­дастыру шараларын қабылдау тапсырылды», деп жариялаған еді. Министрлер каби­неті Президенттің мәлім­демесінен кейін арнайы кеңес өткізіп, Үкімет басшысы Асқар Мамин бірқатар кешенді шараларды қабылдауды тапсырған болатын.

Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандар жоқ

Ел азаматтарын жедел рес­пира­торлық аурулардан, оның ішін­де коро­навирустық инфекциядан қор­ғау және алдын алу саласындағы жұмысын үйлестіру мақсатында кеше Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық ахуал жө­нін­дегі штабы өз жұмысын бастады. Атап айтқанда, қор­ғаныс костюмдерін, арнайы жабдықтарды және қызу түсір­гіштерді өндіруді, сатып алуды ұлғайту шарттары жарияланды. ҰҚК Шекара қызметімен бір­лесіп, Қазақстанға Қытай аумағынан кіретін азаматтарды тіркеудің бірыңғай мәліметтер базасын құру жұмыстары жүргізілуде. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, вирустық инфекция белгілері бар адамдарға толық геномдық жүйелілік көмегімен диагноз қоюдың техникалық мүмкіндігі қарастырылған. «СҚ-Фармациямен» бірге вирусқа қарсы және басқа дәрілердің резервін арттыру да көзделген. Сондай-ақ ауруханалардағы төсек санын көбейту туралы шешім қабылданды.

Арнайы брифинг өткізген еліміздің бас санитарлық дә­рі­гері Жандарбек Бекшин Қа­зақ­станда коронавирусы­мен тіркелгендердің жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, Қы­тайдан және басқа елдерден келген азаматтар арнайы медициналық бақылаудан өтіп, 14 күн дәрігердің бақы­лауында болады. «Біздің ел­шіліктеріміз Қытай Ха­лық Рес­публикасындағы қазақ­стандық студенттермен тығыз байланыста. Ухань қаласында 94 студент бар. Қытай  билігі тікелей тапсырма берді. Оларға азық-түлік, медициналық көмек, консультативтік кеңес беру жұмыстарын жүргізу қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыс университеттердің бірінші басшыларына жүктелген», деді Жандарбек Бекшин.

Біз әлеуметтік желі арқылы Ухань­дағы Қытай геология универ­ситетінің магистранты, жерлесіміз Мағжан Бейсенді таптық. Оның айтуынша, атал­ған университетте 20-ға жуық қазақстандық студент білім алады. Негізінен барлығы қысқы каникулда елге оралған. Алайда үш досы сонда шыға алмай қалып қойған екен. «Мен Уханьнан 6 қаңтар күні кеттім. Ол кезде жағдай қазіргідей емес, тұрақты еді. Қазір сондағы достарыммен сөйлесіп отырмын. Құдайға шүкір, ешқайсысы бұл індетке шалдыққан жоқ. Қазір қала мүлде жабық, тіпті Хуби провинция­сына ешкімді кіргізбей жатыр екен. Транспорт тоқтатылыпты. Үш досым сонда. Қазір жатақханада екен. Азық-түлікті жеткілікті алғандарын айтты. Дүкендерге шыға алады. Қыстық каникул уақыты 16 ақпанға дейін еді. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты демалыс тағы да ұзартылады деп жатыр. Әзірге нақтыланған жоқ», дейді ол. 

25 қаңтарда Алматы қала­сы­ның әуежайында «Ыстан­бұл – Ухань – Ыстанбұл» бағытын­дағы TCCJ чар­терлік рейсі аял­даған болатын. Ақпарат құралдарында бортта коронавирусын жұқтырған жолаушының бар екені тарады. Халықты дүрліктірген ақпаратты теріске шығарған Жандарбек Бекшин: «Онда вирус жұқтырған жо­лаушының болғандығы туралы ақпарат жоқ. Халықаралық алгоритм бойынша ұшақ біздің әуежайға қонды және біздің бақылауымызда болды. Одан кейін ұшақ санитарлық қонуға жіберілді. Онда жанармай толтырылды, бұл ұшақтың бір де бір ұшқышы немесе жолаушысы Қазақстан аумағына кірген жоқ», деді.

Халықаралық рейстерді орындайтын «Эйр Астана» әуе компаниясының баспасөз қызметі Қытайға рейстер кес­те бойынша орындалып жат­­қанын хабарлап отыр. «Ко­ронавирустың алдын алу үшін «Эйр Астананың»  жолаушылары Қытай қалаларындағы және Алматы мен Нұр-Cұлтан қалаларындағы әуе­жайларда тепловизордан міндетті түр­де өтеді. Қытай билігі шетелге турис­тік топтарды жіберуді тоқ­тат­ты. Нәтижесінде Үрімші, Бейжің және Гонконг қалаларының турис­тік топтары халықаралық рейстерге, соның ішінде «Эйр Астана» әуе компа­ниясының Қазақстанға жә­не басқа да бағыттары бойынша би­лет­терін қай­таруда. Осы бағытта (Үрім­ші, Бейжің, Гонконг) ұшатын жолаушылардың алаң­дау­шылығын ескере отырып, «Эйр Астана» бағытты өзгертуді, би­летті қайта брондауды немесе қайта­руды айыппұлсыз жүзеге асырады», делінген хабарламада. 

Ал Қытай билігі аурудың сәт сайын өршіп бара жатқа­нын хабарлады. Қытай Ха­лық Республикасының Ұлт­тық денсаулық сақтау комис­сиясының төрағасы Ма Цзяоуи Бей­жіңдегі баспасөз конференциясында коронавирустың сипаты туралы ақпараттың мардымсыз екенін, оның мутациясымен байланысты алдын ала қауіп-қатерлерін болжау қиынға түсіп отырғанын айтты. Соңғы деректерге сүйенсек, 81 адам қайтыс болған. Қазірге дейін 2823 адам жұқтырып, оның 58-і жазылып шыққан. Ал  жұқтырған болуы мүмкін деген күдікті адамдардың саны 6 мыңға жуықтап қалды.

4