Қоғам • 29 Қаңтар, 2020

Жырақтағы жұлдыздар

405 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осы күнге дейін ерекше дарынымен жылт етіп көзге түскен жастарға қазақтың ішкі нарығы тарлық ететіндей әсер қалдыратын. Қазақтың Димашы бар-жоғы 5 жыл ішінде ән әлемінің феномені деп танылды. Бұл құбылыс шетел асып, танымалдылыққа ұмтылған қазақ жастарының бетін елге қарай бұрды.

Жырақтағы жұлдыздар

Шалабаев қайда жүр екен?

Кезінде Париж-Медон обсерваториясында кызмет атқарып, аспандағы жұлдыздардан сыр тартқан Алмас Шалабаев, француз халқының атақты астрономы Генри Кретиен атындағы халықаралық интернационалдық жоғары дәрежелі стипендияның лау­реаты атанды. Париж­де алматылық жігіт астрономия ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғады. Ғы­лым биігіне жарқырап шыққан сол Алмастың кейіннен неге екенін, аты-жөнін еш жерден кез­дестіре алмадық...

Еуропаға ашылған терезе...

Батыстық аудиторияға қолы жет­пе­гендер, ресейлiк бұқараны қарат­қанды жөн көредi.

17 миллиондық Қазақстаннан гөрi, 200 миллионға жуық орыс тiлдi көрерменi бар аумақта танымал бол­ғанның меркантильдiк есебi тағы бар. Бiрақ өнер саласының эми­грациясы бүкіл әлемде бар процесс. Мысалы, әйгiлi Голливудтың тең жарымы Латын Америкасы, Еуро­падан шыққан кино жұлдыздары. Ән­шiлер де әлемнiң әр түкпiрiнен жи­налған. Соңғы бі­рер жылдағы Нобель сыйлығының лауреаттарының көбі АҚШ азаматтары. Бірақ олардың түбін тарқатсаң бірі – Жапония, екін­шісі Кореядан келген болып шығады.

1980-2000 жылдар арасында бағын сынамақ болып Мәскеу, сонан соң Голливуд асқандар біздің елде де көп еді...

1990-жылдары Мәскеу асып кеткен қазақтың талантты ақыны Бақыт Кенжеев елге келген бір са­парында «Бұл сапар маған үл­кен өзгерістер әкеле қоймады: ұй­қысырап жатып, бір жаққа аунап түскендей ғана әсер алдым», де­ген. Өзі айтқандай, «ұйық­тап жа­тып, Ресейге қарай аунап кеткен» Бақыт қазір Канадада тұрады. Ширек ғасырдан бері жат жерде жүр­ген жерлесіміздің поэ­зиясында көшпенділердің сарыны әлі сезіледі. Осыдан бірер жыл бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында «Әр­түрлі елдер арасында шашылып жүрген жайым бар: Ресейге жиі келіп тұрамын; тұрғылықты жерім – Канада; амери­калық қызға үйлендім, енді сонда көш­келі жатырмын. Жалпы, мен өзімді «әлем азаматымын» деп есеп­теймін. Менің идеалдарымның бірі – Шоқан Уәлиханов. Ол да қазақ және орыс офицері, мен секілді «әлем аза­маты» десе болғандай» деген жаз­­ба қалдырыпты. Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келген ақынның туған-туысқандарының басым көп­шілігі қазір Алматыда тұрады. Осыдан біраз бұрын Бақыт Кенжеев Мәскеуде өткен шығармашылық конкурста бас бәйгені жеңіп алды. Конкурс шетелде жүрген орыс тілді ақындарды көтер­мелеу мақсатында құрылған екен. Мәс­кеулік журналистердің «Сіз қазақ ақынысыз. Сіздің шығар­ма­ларыңыздан көшпенділердің сарыны сезіліп тұрады. Орыс тілді ақындарды көтермелеу мақсатында ұйымдастырылған конкурста бас бәй­гені жеңіп алдыңыз. Сіздің тарихи отаныңызда ана тіліңіздің жағдайы аса мәз емес дегенді жиі естиміз» деген қитұрқылау сұрағына «Қазақтың көптеген зиялылары секілді мен де қа­зақ тілін білмеймін. Оған қатты күй­зелемін. Орыс тілді ортада өскен соң тілім қазақша шықпаған. Менің пікірімше, бұл өте күрделі міндет. Қазақстан секілді халық саны аз, оның үстіне полиэтникалық мемлекет үшін үкіметтің бірінші міндеті – ұлттық мәдениетті, соның ішінде әдебиетті дамыту деп есептеймін. Яғни, қазақ тілді кітаптардың жарық көруін қар­жыландыру, әлемдік әдебиетті таныту үшін қазақтың жас жазушыларын шетелге оқуға жіберу, сол арқылы қазақтың әдеби тілін дамытуға көмек­тесу керек. Жасыратын түгі жоқ, оған қолдаудың қажет екені рас. Қа­зақ­стан Финляндия, Норвегия, Швеция секілді шағын мемлекеттердің саясатын ұстануы тиіс. Бұл мемлекеттерде жазушылар, ұлттық тіл мен мә­дениетті дамыту үшін, мемлекеттің есебінен өмір сүреді. Мен қолымнан келсе, шетелде тұрып жатқан, шығар­ма­ларын орыс тілінде жазатын қазақ ақын­дарын көтермелейтін конкурстар ұйымдастырар едім. Қазақстанның басшы­лары осыған көңіл бөлсе екен» деп жауап беріпті.

2000-жылдардың бас кезінде тәуелсіз Тарлан сыйлығында «Үміт» номинациясы бойынша жүлдегер атанған Марат Исенов – Петербургте. Ал қазақтың талантты ақын қызы Әйгерім Тәжі осыдан бес-алты жыл бұрын әлемнің орыс тілді ақындары бас қосқан «Дебют» конкурсында жүлдегер атанды: қазір олардың әр­қай­сысы – жеке тұлға, жеке әлем. «Қазақ жерінен түлеп ұшып, Мәс­кеуде та­нылғандар қазақ қоғамы үшін тым қашық жатқан жылуы жоқ, тек жарқырап көрінетін белгісіз галактика тәрізді емес пе?» деген пікір­ді Лондонда жүрген жерлесіміз Шоқан Лаумулин мүлдем қостамайды екен. Ол Алматыға келген бір сапарын­да журналистермен кездескен кезде таланттарды танымау қазақ­стандықтарға ғана қатысты мәселе екенін айтады. «Неге танымал емес» дегенге ке­лер болсақ, Қазақстанда поэзия оқыл­май­ды. Себебі сол ғана», – дейді Ш.Лаумулин.

Осыдан бірер жыл бұрын қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменов бір мақаласында өз елінде мойындала алмаған шығарманың жат жерде бағы жанады дегенге сенбейтінін айтыпты. 1990 жылдар мен 2000 жылдардың басында біздің қазақ киноларының басым көпшілігі конкурстық жанрға ойысып кетті. «Қазақ киногерлері батысты танымалдылықтың баспалдағы деп қабылдады. Ал батыстың киносыншылары конкурс қоржынына келіп түскен қазақ киносын сәтсіз туын­дылардың эталоны деп қабылдап, сәтсіз кинолардан сабақ алу үшін сараптама құралына айналдырады», дейді Олжас.

Соңғы кезде халықтық бағыттағы режиссер атанып жүрген Еркін Ра­қы­шев «конкурс үшін жазылатын шығармалардың күні өтті»деген ой­ды алға тартады. «Бірақ солардың қатысқан конкурстарының деңгейі өте төмен дәрежеде екені енді бел­гілі болып жатыр. Әлемде «А» кате­го­­риясындағы 20 фестиваль бар. Кон­курстық кинолардың бірде-бірі сол бәйгеге қатыса алмаған. Бәрі төменгі деңгейдегі жарыстарға барып, «лауреат атанып» қайтқан. Со­дан соң сол конкурстардың ұйым­дас­тырылуының екінші қыры тағы бар. Ол – қатысқандардың бәріне лауреат деген атақ береді. Бір адамды көп уақыт алдауға болады. Ал көпшілікті алдау мүмкін емес. Соңғы кездері қоғамда «шетелдегі конкурстан бәйге алып қайтты» деген сөздің өзі күлкі тудыра бастады. Кино – ең алдымен халық үшін түсірілуі керек. Киноның бағасын халық беруі керек.

«Кезінде «Қыз Жібек» фильмі де жекелеген тұлғалардың сынының астында қалды. Қазір киноға, оған түскен әртістердің жеке басына қа­­тысты шөп-шаламдардың бәрі қу­рап кетті де, тек халықтық туын­ды ғана қалды. «Менің атым – Қо­жа» жайлы да осыны айтамын. Мен қо­лымнан келсе, әдебиеттегі, кинодағы халық­шылдық бағытты одан әрі тереңдете беруге басымдық берер едім», дейді Еркін Рақышев.

Көшпенділік қазақтың қанында бар. Қазақ даласында туып Мысырды билеген Бейбарыс, Үндістанды билеген Бабыр соған дәлел. Жер бетінде ин­теграцияның ықпалына ілінбеген бірде-бір нүкте жоқ. Таланттардың экспорты да интеграцияның заңды­лығы. Сондықтан, «олар неге елден кетеді?» деп сары уайымға салына бермей, шетел ауып кеткен қазақ жастарының елмен байланысын үзіп алмауын барынша қадағалаған дұрыс. Біз үшін ең тиімдісі осы...

 

АЛМАТЫ