Мирас • Бүгін, 10:00

«Қырық батыр» қамқорлыққа зәру

20 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кеңес билігі кезеңінің алғашқы үш онжылдығында түркітілді халықтардың батырлық жырларын жинақтап зерттеу назардан тыс қалды. Бұл жағдай «орыс халқының және түркітілді елдердің батырлық жырлары шынайы тарихи уақиғаларды баяндайтын халықтық шығармалар, олардың құндылығының негізін батырлық рух пен отан қорғау идеясы құрайды» деген ғалымдар 1936 жылы тұжырымдаманы қабылдағаннан кейін өзгерді. Бұл кезде Еуропада гитлерлік Германия бастаған соғыс өрістеп, кеңес одағының батыс шекарасына жақындаған еді. Осындай қысылтаяң жағдайда коммунистік партияның идеологтері одақтық ұлттардың қаһармандық эпостарын кеңес халқын гитлерлік басқыншыларға қарсы соғыста отанын қорғауға жұмыл­дыруға, майдангерлердің батырлық рухын көтеруге пайдалануды көз­деді. Сөйтіп, түркітілді халықтардың батырлық жырларын жинақтауға жол ашыл­ғандай болды. Қазақ елінің батыс аймағында ауызша тараған батыр­лық эпос-жырлардың жаңа заманда жаңаруына алғышарттар туындады.

«Қырық батыр» қамқорлыққа зәру

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Ауызша жырларды жүйелі жинақ­тау 1932 жылы құрылған КСРО Ғылым академиясының Тұрақты ғылыми базасының негізінде Қазақ филиалы ашылғаннан кейін басталды. Оның құрамында ұйымдастырылған «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті мен халық шығармашылығы» секторлары­ның мамандары республиканың көп­теген аймағында ауызша поэтикалық шығармалар жинақтады. Қ.Сәтбаевтың қолға алуымен 1942 жылы Қазақтың тіл, әдебиет және тарих (әрі қарай ҚазТӘТ) институты ашылды. Осы ғылыми мекеме ерте замандық жыршылық дәстүрдің қарт өкілі Мұрын жыраудың өз аузынан «Қырымның қырық батыры» эпос-жырлар топтамасын жазып алуды жүзеге асырды.

ХІХ ғасырдың соңғы кездерінде Түрік­менстан, Хиуа, Бұхара мен Тәжікстанда, республиканың батыс аймағында Мұрын жырау атымен танымал маңғыстаулық жыршы Тілеген Сеңгірбекұлының (1859–1954) көлемді батырлық жырлар топтамасын орындау шеберлігі туралы мағлұмат КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалына маңғыстаулық ақын Сәттіғұл Жанғабыловтың мәліметінен белгілі болады.

Сонымен, 1940 жылы Мұрын жы­рау­дың жырларын қағазға түсіру жұ­мысы бастаусыз қалды. Себебі жырау­ды түрік­менстандық жұрағат-жегжат­тары Байрамалы қаласында өздері ұйым­дас­тырып жатқан жыраудың 80 жылдық мерейтойына шақырып, ертіп алып кетеді. Сол сапарында жырау Түрікменстан, Қарақалпақстан, Орталық Азияның басқа да елдерін аралап, «Қырымның қырық батыры» жырлар жинағын жаздай жырлап, күзде ғана аулына оралады. Қ.Сәтбаев қараша айында ауызша поэ­тикалық шығармаларды стенография әдісімен жинақтаушы Асайын Хан­гелдинді жыраудың жырларын жазып алуға, Маңғыстауға жіберу туралы шешім қабылдайды.

А.Хангелдин Форт-Шевченко қала­сына 1941 жылы ақпан айында келеді. Оны Шевченко аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Гилаж Ишкенов қабылдайды. Ол жыршы мен жыр жинақ­таушыға жағдай жасау жауапкершілігін үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Орынбай Бәлдековке тапсырады. Алғашқы жыр жазып алу кешін Орынбай Бәлдеков өз үйінде өткізгенін естелігінде жазады. Сонан соң мұндай кештер аупартком хатшысы бекіткен кесте бойынша партия-кеңес қызметкерлерінің үйлерінде өткізіліпті («Маңғыстау» газеті, 1990; «Орынбай Бәлдеков» кітабы, 2014).

Жыраудың зердесінде телегей теңіз-дария эпикалық қазына барына көз жет­кізген, оларды жазып алуды жалғыз өзі игере алмайтынын түсінген А.Хангелдин бір айдан кейін Алматыға оралады. Сол сапарында ол «Қарасай-Қази» жыр-эпосын және кейбір эпостардың үзінділерін ғана қағазға түсіріпті. Шындығында, А.Хан­гелдин атқарған бұл жұмыс Мұрын жыраудың жадындағы жырларды хат­таудың алғашқы басталған жері мен мезгілін анық баяндайтын шағын тарихи уақиға еді. Оның ескерілмей орынсыз ұмытылуы жергілікті тарихтың бір беті жоғалғандай олқылық болар еді. Сол шағын тарихты, яғни «алғаш эпикалық жырларды жазып алу 1941 жылы Маң­ғыстау астанасы Форт-Шевченко қаласында басталды» деп бағалаған жөн.

1942 жылы қаңтарда Қ.Сәтбаев пен ҚазТӘТ институтының директоры Н.Сау­ранбаев Қазақ КСР Халық Комиссариаты кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа хат жазып, Мұрын жырауды Алматыға ша­қыртып, жырларын қағазға түсіру жұмы­сын қаржыландыру мәселесін шешуді өті­неді. Соғыс жағдайында қаражат қиын­шылығы болса да, бұл өтініш орындала­ды, оған Н.Оңдасыновтың туған халқы­ның эпикалық ауыз әдебиетіне жанашыр­лық көзқарасының әсер еткені сөзсіз. Жырау Алматыға 1942 жылы жазда шақыры­ла­ды. Ол кезде жол нашар. Жырау қасы­на ерткен 15-16 жастағы жиені Дәуітбаймен екі күн теңізден өтіп Гурьевке жетеді, одан Алматыға пойызбен төрт күн жүреді. Міне, осындай қиын­шылық жағдайда батырлық жырларын болашақ ұрпаққа жеткізу міндетін түсінген қарт жыраудың қиын сапар шегуге жолға шыққанын үлкен азаматтық ерлікке теңеуге болады. Сол сапарында жыраудан шілде-қыркүйек айларында 36 эпос-жыр жазып алынады. Кейін 1947 жылы, ауылында төрт жырдың өлеңсөз мәтінін жаздыртып, ҚазТӘТ инс­титутына жібертіпті.

Міне осылай, Мұрын жыраудың көкейіндегі қаһармандық жырлар жаңа заманда хатталып, құнды эпикалық қазынаға айналды. Қазақстан ғылымының бұл жетістігін 1944 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық әдеби-поэтикалық форумда ғалымдар «ғылыми жаңалық ашылды» деп жоғары бағалады.

Мұрын жыраудың «Қырық батырын» еске алғанда ол қазынаның жазбаша нұсқасын түркі әлемінің эпикалық мәдени сахнасына шығаруды абыроймен атқарған қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаев екенін ұмытпауымыз керек.

 

* * *

Ауызша «Қырымның қырық батыры» жазбаша нұсқаға айналған соң халық­қа, ғылыми ортаға мәлім болып үлгер­местен коммунистік идеология­ның зардабын шекті. 1945 жылы Алма­тыға Қазақ Республикалық партия ұйы­­мының бұқаралық саяси-идеоло­гия­лық қызметін тексеруге КСРО КП(б) Орталық комитетінің арнайы идео­­ло­гиялық тобы келді. Тексерудің қо­рытындысында «Қазақстан тарихшылары мен әдебиетшілері Алтын Орданы өте жоғары дәріптеген; әмір Едігені барынша жоғары мадақтап, қазақ халқының батыры ретінде қабылдайды» деген, т.т. сын айтылған баяндаманы орталық комитетке тапсырады. Содан соң Қазақстанда поэтикалық әдебиет, эпикалық поэзия, тарих саласындағы ғылыми жұмыс партиялық бақылауға алынды, жырау­дың туындысымен танысу, оны зерттеу мүмкіндігі басылып қалды. Жазбаша нұсқада жаңару кезеңін коммунистік идеология бірнеше жылға шегеріп тастады. Мұрын жыраудың туындысы туралы мәліметтер келтірген алғашқы ғылыми еңбектерді Е.Ысмайылов (1956 жыл), В.М.Жирмунский (1962 жыл), С.Садырбаев (1965 жыл) жариялады. Қазақ елі егемендік алған соң ғана «Қырымның қырық батыры», «Батырлар жыры», «Бабалар сөзі» көптомдық жырлар жинағы құрамында баспадан шықты.

Мұрын жырау мен оның туындысын әлеуметтік желілерде ресейліктердің тұрақты талқылайтынын байқадық. Олар­да әңгімеленетін тақырып – «қазақ ғалым­дары ноғайлық жырларды «қазақтық» қылып «иемденіп» алды-мыс» деген пікір. Мұндай түсінік әлеуметтік желі шеңбе­рінен шығып, отандық ғылыми ортадан да орын алды. Ш.Есенов атындағы технологиялар мен инжиниринг университетінің ғылыми басылымында бір ресейлік зерт­теушінің «ноғайлық батырлар жырын кейбір қыпшақтық этнос өзінің туындысы, меншіктігі деп есептейді», «ноғайлық жырлар мен ноғайлық мазмұнды жыр­лар­дың арасын айырып тану керек» деген ғылыми негізсіз, дәлелдемесіз мәлім­демесі ешқандай баға берілместен, мақұл­данғандай ретте жарияланды (Викторин 2019).

Тағы да бір ресейлік зерттеуші «бізде ноғайлық батырлық эпостардың басылымдары жоқ, олардың барлығын көрші ел баспадан шығарып алды, сондықтан ресейлік тарихшылар мен филологтердің көкейкесті маңызды міндеті ноғайлық батырлық поэмаларды жинақтап, баспадан шығару болу керек» дейді (Шалак, 2021). Ал басқа бір ғылыми дәреже қор­ғаған ресейлік зерттеуші «Мұрын жырау Сеңгірбекұлы ноғай елінің тумасы, ол ноғайлық батырлық жырларды қазақ еліне алғашқы таратушы ноғайлық жырау» дегенді диссертациясына енгізіпті (Ишмухамбетов 2019). Бұл диссертацияны бірнеше ресейлік ғылыми қызметкер мен ғылыми дәреже тағайындайтын жо­ғар­ғы аттестациялық комиссия мүше­лері қолдапты. Демек мәлімдеме ресей­лік ғылыми ортаның ұжымдық көзқарасы болып тұр.

Мұндай мәлімдемелердің пайда болуына шын байсалды көзқараспен назар аударып, «Қырымның қырық батырының» тұтастығын сақтау, ішкі-сыртқы талқылау-түртпектеуден заңды негізде қорғауды қамтамасыз ету туралы ойлану қажет. Осы орайда 1952 жылы Бішкекте қырғыз халқының әйгілі эпосы «Манасқа» қарсы коммунистік идеологиялық сот-тал­қылауы болғанда «Манасты» қорғауға М.Әуезовтің қатынасқаны, қала халқының дүрлігіп қырғыздың ұлы эпосын қор­ғауға жиналғаны туралы тарихи мәлі­меттер еске түседі. Қазіргі заманда қыр­ғыздар «Манастың» дәрежесін жоғары дең­гейге көтерді. Оны 2013 жылдан бері халықаралық ЮНЕСКО ұйымының, 2021 жылдан бастап Қырғыз Республикасы Конституциясының қорғауына жеткізді. Біздің елде де Мұрын жыраудың «Қырық батырының» дәрежесін жоғары көтеретін, оның тұтастығын қорғайтын заңды шараларды жүзеге асыратын кез келген сияқты. Оны «қазақтың ұлттық құндылығы» деп жариялап, бұрын-соңды қабылданған, немесе жаңадан арнаулы қабылданатын заңдар аясында қорғауға алу қажет.

Мұрын Сеңгірбекұлы мұрасының академиялық толық шығармалар жина­ғын дайындап, қазақ тілінде басып шыға­ру туралы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының пікір-ұсынысы бізге мәлім. Міне, енді соны жүзеге асыру туындаған болса керек, себебі әлемдік ғы­лыми айналымда «Қырымның қы­рық батырының» түрік тіліне аударылған жалғыз, толық академиялық нұсқасы қа­зақ әдебиетінің асыл мұрасы ретінде таны­лады. Бұдан шығатын қорытынды – Мұ­рын жырау мұрасының тұтастығын сақ­тау, қорғау шараларын жүзеге асыру Қазақ­стан ғылымының түркі әлемі алдындағы маңызды міндетіне айналып отыр.

Жалпы, атақты жырауды қарапайым бұқара арасында еске алып дәріптеу шаралары жыраудың туған өлкесі Маңғыстауда да көптен бері өткізілмегені алаңдатады. Атап айтсақ, Мұрын жырауды дәріптеуге арналған ауқымды дүбірлі жиын соңғы рет 2014 жылы өтті. Он бір жыл бұрын өткен осы шара Маңғыстау облыстық әкімдігінің, оның мәдениет басқармасының Мұрын жырау мен «Қырымның қырық батыры» тақырыбында атқарған бұқаралық шарасының соңғысы болғанын, сонан кейін бұл бағытта бұқаралық мәдени-әдеби қызмет атқарылмаған. Мұның арты жыраудың өнерін насихаттап, бес жылда бір шағын әуесқой орта жиналатын ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп тұрумен шектелді. Міне, осылай Мұрын жыраудың мұрасын ел-халыққа, жас ұрпаққа насихаттау, уағыздау жұмысына Маңғыстау облысы әкімдігі 2014–2024 жылдары мән бермей, ескі көзқарасты ұстануын өзгертпей келеді.

 «2024 жылы Мұрын жыраудың 165 жылдығы қалай аталғанымен есте қалды?» деген сұрақ қойып, оған жауап­ іздегенде еске түсетіні Түпқараған ауда­ны әкімдігінің қолдауымен өткен жас жыршылар байқауы мен ғылыми-тәжі­рибелік конференцияны, Мұрын жырау мұражайы ұжымы өткізген әртүрлі шағын еске алу шараларын ғана атай аламыз. Бұлардан басқа облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Мұрын жыраудың мұрасын ЮНЕСКО-ның бейматериалдық құндылықтар тізіміне енгізуге ықпал етеміз» деп алдарқату айтып, «Мұрын жыраудың ізімен» деген концерттік бағдарламамен маңғыстау­лық көркемөнерпаздардың Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия елдеріне сапарларда болғанын еске алуға болады.

Республика кеңістігінде Мұрын жырау­ды, оның мұрасын ұлықтау, дәріптеудің көкейкесті мәселелері бұрын да айтылып келді. Бұл мәселелер бізді де көптен бері ойландырып жүрген соң, кезінде Маңғыстау облыстық әкімдігіне ынталы топтың үндеу-ұсынысын ресми түрде жіберген едік, ол хат жауапсыз қалды. Сондай мазмұнды Ашық хатты жоғарғы органның да назарына жеткіздік, оған Үкімет тарапынан, республикалық ғылыми құрылымдардың пікірлерін қосқан жауап алдық. Ол пікірлердің мазмұны бізді жұбататын бір сарында ғана. Яғни біз көтерген мәселелерді түсіністікпен қабылдағанын, қолдау көрсеткендік және алаңдаушылық білдіргендігін айтқан. Бұл тақырыпты қайтадан республикалық орталық басылымда қозғап отырғанымыздың себебі елімізде жаңару басталған кезде жаңадан құрылған Президент жанындағы Ғылым академиясы, Маңғыстау облыстық әкімдік құрамындағы жергілікті жас әкім мен айналасындағы жас әріптестері Мұрын жыраудың даңқын дәріптеуге жа­ңаша көзқарас танытса дейміз. Мәде­ниет, әдебиет шараларын өткізуді жаңа серпін­мен бастар деген үміт оты да жоқ емес.

 

Амангелді Бәлдеков,

мұрынтанушы

Соңғы жаңалықтар

Керек дерек

Digital • Бүгін, 10:17

Сезімтал сенсор

Ғылым • Бүгін, 10:15

Мамандыққа адал әулет

Қоғам • Бүгін, 10:10