Отыз жыл бұрын қазақстандықтар ғана емес, әлем халқының басым көпшілігі компьютермен, интернетпен жұмыс істеуге дағдыланбаған еді. Бүгінгі таңда біздің азаматтар интернет-сауданы игерді, әлеуметтік желілер кеңістігіне әбден төселді, еш қиындықсыз шетелге саяхаттап жатыр. Біз ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне сапалы жаңа талаптар қоятын жаһандық шынайылыққа негізделген заманда өмір сүреміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформалар пакеті Ұлы депрессия кезінде ел тізгінін ұстаған АҚШ-тың 32-інші президенті Франклин Делано Рузвельттің жаңа бағытымен үндеседі. Дәл осы экономикалық өзгерістер америкалық орта тапты қалыптастыруға мүмкіндік берген оның реформаларының негізі болды. Бүгінгі әлемдік экономиканың өсу қарқыны бәсеңдеген шақта көпшілік бұл жаңа бағыттың негізгі басымдықтарына тағы да назар аударады. Қазақстан Президенті мән берген маңызды бағыттар сияқты жаңа америкалық экономиканың негізі де әлеуметтік сипатта болды. Франклин Рузвельттің экономикаға шамадан тыс араласуын қатты сынағаны сонша, оның «Демократиялық басқару адал бола алмайды, тиімді бола алмайды дейтіндерге салмақты жауап беретін кез келді. Сіздер де, мен де біржақты ұстанымдардан кемшілік іздейтін сыншыларға мұқтаж емеспіз» деп айтуына тура келді.
Сол кезеңде Америка бай мен кедей арасының әжептәуір алшақтығымен, жұмысшылар теңсіздігімен, әлеуметтік кепілдіктердің жоқтығымен ерекшеленді. Бұған дейін бірнеше жыл ішінде монополиялардың үстемдігін әлсіретуге назар аударып, оларға қатысты көрінбейтін шабуыл жасауды бастады.
Қазақстан экономикасының бүгінгі проблемалары – баға келісімдері, қолмен басқару қажеттілігі, жосықсыз бәсекелестік және тағы басқалар. Капитализм дәулерінің арсыздығы АҚШ-та да көрініс тапты. Олар халықтың сатып алу қабілетінің күрт төмендеуін ескеріп, өтпей тұрған азық-түліктердің бағасын төмендетуден гөрі, жағып жіберуді жөн көрді. Американың 32-інші президенті бұл тұста қаржы мен бизнестің жетекші қайраткерлері әділдіктің қарапайым қағидаларын елемегенінен экономиканың жұтаңдағанын айтты. Франклин Рузвельт экономиканы реформалау шеңберінде капиталистерді пайданың адамгершілік шегін белгілеуге шақырды. Бұл ең алдымен қажетті тауарлардың тіркелген бағасын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Қазақстандық баға белгілеу жүйесі мен оларды әкімшілік реттеу саясатын сынайтындар бір кездері әлемнің жетекші экономикасы да осындай мәселелерге алаңдауға мәжбүр болғанын біле бермейді. Шекті маржаны реттеу бүгінде көптеген дамыған елде қолданылып келеді.
Рузвельтті алдымен тұрғындардың әлеуетті тобына әсері тиген салық жүйесінің реформасына байланысты да сынға алды. Бұл өз кезегінде Президент Тоқаевтың «Ішкі жалпы өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамдағы мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады... Ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажет» деген тапсырмасымен аса қатты үндеседі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аз қамтылғандарға арнап енгізілген кепілдендірілген әлеуметтік пакет пен әлеуметтік саланы түгендеу межесі әлеуметтік бағдарланған мемлекетте айқын әрі түсінікті ойын ережесін қалыптастыруы тиіс. Бұдан 100 жыл бұрын Франклин Рузвельт осы мәселеге қатысты «жеке тұлғаның шынайы еркіндігі экономикалық қауіпсіздік пен тәуелсіздіксіз мүмкін болмайды. Қажеттілік пен еркіндік қатар үйлесе алмайды. Аш әрі жұмыссыздар бұқарасы – диктатура өсіп-өнетін топырақ» деген еді. Осыған сүйене отырып, Президент Тоқаевтың әлеуметтік саясаты адам капиталының деңгейін арттыруға бағытталғанын өз сөзінде барынша нақты тұжырымдайды: «Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс». Осы тұрғыдан алғанда, атаулы әлеуметтік көмек өмірдің қиын жағдайына тап болғандарды тездетіп аяққа тұрғызып, балаларға білім беруге, баянды болашаққа ұмтылғандарға қолдау болуы қажет. Осы саясаттың арқасында көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар тегін тамақтану, автобуста тегін жүру, мектеп формасы және оқу құралдарымен тегін қамтылу құқығына ие болды. Әрине ол кейін адам капиталы деңгейінің жоғарылауымен, қылмыстың азаюымен, орта тапқа жатқызуға келетін әлеуетті азаматтар үлесінің артуымен қайтарымы болатын едәуір шығынды қажет етеді.
АҚШ-тағы дәл сол Ұлы депрессия жылдары әлеуметтік кепілдендірулер пайда бола бастады. Жұмыссыз қалған адам бұған дейін күнкөріс қаражатынсыз қалып келген еді. Тек Франклин Рузвельттің тұсында ғана жұмыссыздыққа байланысты зейнетақылар мен жәрдемақылар пайда болды. Алайда, бұл жәрдемақыларды алуға барлығы бірдей үміттене алмайтын еді. Жұмысқа қабілетті тұрғындардың ширегі жұмыссыз қалды. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – қоғамдық жұмыстар еді. Дипломы бар ғалымдар, қаржыгерлер мен инженерлер айтқанға көніп, мектеп, аурухана және жол құрылысымен айналыса бастаса, қалыс қалған әртістер оларға арнап тегін концерт ұйымдастырды. Бұл жайт бәлкім бірқатар азаматқа қолайсыз көрінгенімен, Рузвельт президенттігінің соңғы кезеңінде олардың басым көпшілігі тұрақты орта тап өкілі саналып, жеке баспанаға ие болып, болашаққа барынша сенімді қарай алды.
Мұндай жетістікке жету дарынды және өз ұстанымына берік мамандардың қатысуымен жүзеге асты. «Мемлекеттің бізге бере алатын ең дарынды мамандарының көмегімен ғана Конгресстің әкімшілікке берген құзыреті іске асырылады және біз сондай мамандарға іздеу саламыз», деді Франклин Рузвельт азаматтарды мемлекеттік қызметке шақыра отырып. Жастар кадрлық резервін құру – Президент Қ.Тоқаевтың ең алғашқы бастамаларының бірі. Тоқаевтың ойынша, «білімді, патриот және еңбекке қабілетті жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен прогресінің негізгі қозғаушы күші». Қазірдің өзінде резервтегілердің үштен бірі мемлекеттік қызметтен жұмыс тапты. Алайда, мемлекеттегі кез келген реформаның негізі халық. Президент Рузвельт халықты мемлекет өміріне белсенді араласуға шақырды. «Еліміздің әр түкпіріндегі жұмысты бақылап отырасыздар деп үміттенемін. Еркін сынаңыздар. Егер бір жерде жұмыс тиісті түрде жүрмей жатса, жұмысты одан да жақсы ұйымдастыруға болатын болса, маған хабарлаңыздар... мен әр азаматтың үкіметті америкалық халықтың игілігі үшін қоғам қаражатын барынша тиімді жұмсау туралы ескерту айту құқығын қатаң сақтайтын боламын». Президент Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын бекітті. Онда «азаматтардың барлық конструктивті талаптарына жедел және тиімді жауап беріледі. Билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог арқылы ғана заманауи саясатқа негізделген үйлесімді үкімет құруға болады. Сол себепті азаматтық қоғамды қолдап және нығайтып, барынша өзекті проблеманы шешуде азаматтық қоғамды тарту керек».
Франклин Рузвельт билігі жемісті болды – президенттікке келгенде елде үйсіздердің маршы болса, президенттіктің соңына қарай баспаналы азаматтардың саны халықтың 66 пайызына жетті. Рекордтық 25 пайыз жұмыссыздық болған америкалық қоғам тұрақты орта тапқа айнала бастады. Президенттігінің басында Франклин Рузвельт былай деген еді: «Біздің қорқуымыз керек жалғыз нәрсе – үрейдің өзі, алға дамытатын қажыр-қайратты сал қылып тастайтын ессіз, бетсіз, негізсіз үрей». Бұл сөз қазіргі заманда да өзектілігін жоймады. Бұл сөз үлкен өзгерістер алдында әркімнің ойында болуы керек.
Талғат ҚАЛИЕВ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдар кандидаты