Бокс • 29 Қаңтар, 2020

Өзбек боксшысы сегізінші жекпе-жегінде әлем чемпионы атағы үшін айқасады

1402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық былғары қолғап шебері Қайрат Ералиевті Рио-2016 Олимпиадасының 1/8 финалында жеңген өзбек боксшысы Муроджон Ахмедалиев (7-0, 6 КО) WBA Super және IBF тұжырымдары бойынша екінші жеңіл салмақта әлем чемпионы атағы үшін америкалық Даниэл Романмен (27-2-1, 10 КО) жекпе-жекке шығады.

Өзбек боксшысы сегізінші жекпе-жегінде әлем чемпионы атағы үшін айқасады

Шынын айтқанда, кәсіпқой бокста сегізінші жекпе-жегінің өзінде әйгілі  тұжырымдар бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізу  мүмкіндігін беретін айқасқа жолдама алу – үлкен жетістік, тарихи оқиға. Яғни, Муроджон Ахмедалиевтің өзбек кәсіпқой боксының тарихында тұңғыш әлем чемпионы атануына зор мүмкіндігі бар.

Сарапшылар бұл жекпе-жекте Даниэл Романды фаворит санағанымен, өзбек боксшысының да өзіне деген сенімі мол.

«Біздің арамызда ешқандай айырмашылықтың жоқ екенін көретін боласыздар. Бұл менің мансабымдағы ең маңызды жекпе-жек, сол себепті мен аянбай айқасатын боламын», деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Егер де салыстырар болсақ, қазіргі уақытта кәсіпқой бокста жүрген жерлестеріміз Данияр Елеусінов (8-0-4 КО), Жәнібек Әлімханұлы (8-0-4 КО) және Батыр Жүкембаев (18-0-14 КО) мұндай жоғары мүмкіндікке әлі қол жеткізе қойған жоқ.