Парламент • 30 Қаңтар, 2020

Ел мүддесін көздейтін заң жобалары мақұлданды

610 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығма­ту­линнің төраға­лы­ғы­мен өткен Палатаның жалпы отырысында екі заң жобасы мақұлданды.

Ел мүддесін көздейтін заң жобалары мақұлданды

Мүмкіндіктерді арттыратын құжаттар

Мәжіліс депутаттары күн тәртібінде алдымен «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Тоғызыншы қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын жан-жақты қарастырып, қолдау білдірді.

Аталған құжаттың жай-жапсарымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Асқар Жұмағалиев таныстырды. Ол Қазақстанның Дүниежүзілік пошта одағына 1992 жылдан бастап толық мүше екенін айта келе, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесін көтермелеу, дамушы елдерде пошта қызметін ұйымдастыру және техникалық көмек көрсетуді қамтамасыз ету сияқты одақтың басты мін­дет­теріне тоқталды.

– Дүниежүзілік пошта одағына мүше болу оның жарғысы, кон­­венциясы, регламенті және қосым­ша келісімдері сияқты негіз­гі құжаттарына қол қою арқы­­лы расталады. Қарауға ұсы­ны­лып отырған Дүниежүзілік пошта одағы Жарғысының Тоғы­­зыншы хаттамасы Дүние­жү­зілік пошта одағының 26-кон­гресінде жасалған және Қазақстан Республикасы уәкілетті өкіл­дерінің қолы қойылған. Осы хат­тамамен Дүниежүзілік пош­та одағы Жарғысына пош­та аумағында барлық жолда­маның өзара алмасуын жеңіл­детуге арналған нормалар, кон­венция және регламенттегі нормалармен сәйкестендіру, сондай-ақ қай­таланатын сипаттағы нор­ма­ларды алып тастау қарас­тырыл­ған. Заң жобасын қабылдау халықаралық міндет­темелерге сәйкес келуге мүмкіндік береді және қаржылық, құқықтық, эко­логиялық әрі әлеу­меттік-эконо­микалық салдарға әкеліп соқ­пайды. Пошта байланысы сала­сындағы халықаралық ынтымақ­тас­тықты қолдау үшін қолайлы жағ­дайлар жасайды, – деді министр.

Осыдан кейін бірқатар депутат заң жобасы жөнінде Асқар Жұмағалиевке сұрақ қойды. Мәселен, Татьяна Яковлева Қа­зақ­стан Дүниежүзілік пошта одағына жыл сайын қанша жарна төлейтінін және бұл мүшеліктің қандай артықшылығы барын сұ­рады.

Бұл сауалға жауап берген Ас­қар Жұмағалиев мүшеліктің жар­­насы 46 мың Швейцария франкін құрайтынын және бұл ең төменгі төлем екенін, осы минималды төлеммен-ақ ұйымның барлық негізгі қызметтерінің мүмкіндіктерін пайдалануға болатынын айтты.

Жалпы отырыста қаралған екінші мәселе «Қазақстан Үкі­меті мен Өзбекстан Үкіметі ара­сындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Депутаттар назарына бұл құ­жат туралы мәліметті Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ұсынды.

Оның айтуынша, Келісімге 2019 жылы сәуірде Ташкент қаласында екі ел сыртқы істер министрлері қол қойды. Келісімді ратификациялау көші-қон ағын­дарын реттеу, азаматтардың мәсе­лелерін шешу және заңсыз көші-қон желілерін анықтау үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

– Осы келісім қос азаматтыққа және заңсыз көші-қонға қарсы күрес жүргізуде ерекше орын алады, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Келісімге сәйкес, Өзбекстан азаматтарының төлқұжаттарын жолдау тәртібі реттелген. Енді қандастарымыздың Өзбекстан елшілігіне барып, төлқұжаттарын тапсыруы және консулдық төлем төлеуі қажет болмайды. Қазақ­стан Конституциясының 10-бабы 3-тармағына сәйкес рес­публика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды. Өзбекстан Рес­публикасы да қос азаматтыққа жол бермейді. Өзбек тарапы келі­сімді ратификациялау тәртібін аяқтады. «Осы құжатты қабылдау азаматтық мәселелер бойынша ақпаратпен алмасу, қос азаматтық және заңсыз көші-қонға қарсы күресте туындаған мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді, – деді Марат Қожаев.

Депутаттарға сөз берілгенде мәжілісмен Геннадий Шиповс­ких бұл құжат біздің елде шетел­діктердің заңсыз жұмыс істеуіне тосқауыл болатынын, Қазақстан еңбек мигранттары үшін тартымды ел екенін, 2019 жылы 500 мыңнан аса заңды еңбек мигранты келгенін алға тартты. Осы ретте баяндамашыдан осындай келісім қанша елмен жасалғанын сұрады.

Бұл сауалға Ішкі істер министр­лігінің өкілі 2014 жылдан бері осындай 14 келісім әзірленгенін, соның ішінде Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан, Беларусь сияқ­ты елдермен нақты құжат бекітіл­генін, сонымен қатар биыл Арме­ниямен арада тиісті құжатқа қол қою жоспарланып отырғанын айтып, жауап қатты.

 Коронавирустың елімізге енбеуін қатаң қадағалау қажет

Алқалы жиынның соңына қарай депутаттар елдің әлеу­мет­тік, экономикалық, қауіпсіздік, мәдени, рухани мәселелеріне қа­тысты тиісті органдарға де­путаттық сауалдар жолдады. Соның ішінде қазіргі таңда әлем халқын дүрліктіріп отырған Қытайдағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделеніп келе жат­қаны назардан тыс қалмады. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминге Nur Otan фракциясының депутаттары Құралай Қаракен, Асқар Базарбаев және Павел Казанцевтің бірігіп жолдаған сауалында айтылды.

Аталған сауалды мазмұндаған Құралай Қаракен 29 қаңтардағы дерек бойынша Қытайда коронавирусты жұқтырғандар саны 5974-ке жетіп, соның 132-сі ажал құшқанын алға тартты.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 28 қаңтарда вирустың Қытайда да, өңірлік және жаһандық деңгейде де таралу қаупінің деңгейін «өте жоғары» деп таныды. Бұл ауруға душар болған бірлі-жарым адам 15 елде кездесті. Біздің елімізде жаманат вирусты жұқтырғандар анықталған жоқ. Мемлекет басшысы өз аумағымызды және азаматтарды коронавирустық инфекциядан қорғау жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауға тиісті тапсырмалар берді. Үкімет Қазақстанда вирустың таралуына жол бермеу үшін эпидемияға қарсы профилактикалық шаралар кешенін қолға алып жатыр. Сонымен қатар көпшілікті коронавирус жұқтырған пациенттерді анықтауға медициналық ұйым­дардың әзірлігі, дәрілік заттар мен медициналық құралдар қо­рының қаншалықты жеткілікті екені, Қытайдағы эпицентрден студенттерімізді шығару, Хайнань өлкесіндегі азаматтарымыздың саны, олардың отанына ора­луының мерзімдері мен шарттары туралы мәселелер алаңдатады, – деді депутат.

Құралай Қаракен осындай шиеленіскен шақта әлеуметтік желілерде халықтың үрейін күшейтетін жалған ақпараттың таралуына да мән берді. Сон­дықтан бұл сауалда тез арада шешуді қажет ететін Ухань қала­сындағы ғана емес, коронавирус таралған Қытайдың басқа да қалаларындағы Қазақстан аза­маттарын эвакуациялау мәсе­лесін қарау, Қазақстанның Білім министрлігі ҚХР Білім министрлігімен біздің студенттерге демалыс беру мәселесін пысықтау, елге келгеннен кейін эвакуацияланған азаматтарды медициналық бақылау, инфекция бойынша шұғыл хабарламалар тарату үшін ахуалдық орталық құру немесе қолда бар Колл-орталықты іске қосу сияқты мәселелер қамтылды.