Абай • 30 Қаңтар, 2020

Абай — Азияның Еуропаға ашылған айқара есігі

413 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Абай салтанаты Еуропа асып, кәрі құрлықтың бірнеше қаласында тойланып жатыр.

Абай — Азияның Еуропаға ашылған айқара есігі

Хакім мұралары адамзатқа ортақ құндылық екенін еуропаның көзіқарақты оқырмандары  өздері айтуда. Біз бұған Братислава қаласындағы Словакия Ұлттық кітапханасында өткен тағылымды шарада тағы бір мәрте көз жеткіздік. Абай шығармашылығына қатысты қырық кітапты Словакия оқырмандарына сыйға тартқан ерекше шараға қатысып, жүрекжарды лебізін білдіргендердің қатарында Словакия Республикасы Ғылым академиясының президиум мүшесі Юрай Марушяк, Словакияның Білім-ғылымды зерттеу және спорт вице-министрі Ольга Нахтманова, Словакия Республикасының Ғылым академиясы кітапханасының директоры Михал Сляцкий, Словакияның Қазақстандағы экс-елшісі Душан Подгорский, сондай-ақ Қазақстаннан барған делегация өкілдері Ұлықбек Есдәулет, Тұрсын Жұртбай, Кенжехан Матыжанов бар.

Жоралы жиынды Қазақстанның Словакиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Роман Юрьевич Василенко ашып берді.

«Ең алдымен Абай атамыздың ғибратты ғұмыры мен аса құнды шығармашылығын еуропаға таныстыру еліміздің саяси ғана емес, рухани өмірінде де өсу мен өрлеуді көрсетеді. Абай – қазақ халқының ұмытылмас ұлттық коды деп айта аламыз. Оның тағылымды сөздері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де ұлттық сананы сақтап тұруға тұтқа болып отыр. Бүгін Словакияда ұлы хакімнің мұрасын кеңінен насихаттау осы тұрғыдан елшілік қызметкерлері үшін үлкен мәнге ие. Біз елшіліктің атынан шараны ұйымдастыруға ұйтқы болған екі елдің бас кітапханаларына, Словакия Ғылым академиясының басшылығына ерекше алғысымызды білдіреміз», деді елші Р.Василенко.

Жиынды алдымен сөз алғандардың бірі Словакия Республикасы Ғылым академиясының президиум мүшесі Юрай Марушяк болды. Юрай мырза Абай – Азияның Еуропаға ашылған алып қақпасы деп хакім ұлағатын ерекше ұлықтай сөйледі.  «Абай тек әдебиетке ғана үлес қосқан тұлға емес, ғылымға, білімге арнаған тың ойлары бізді көп ойландыруы керек. Абай есімі арқылы қазақ ұлтын жақын тануға болады. Біз Абайды тану үшін алдымен қазақты танығанымыз дұрыс. Бүгінгі кездесу осы ынтымақты нығайтып тұрғандай», деді ол.

Екі ел арасын Абай мұраларынан бөлек, шетелде оқып жатқан студенттер де тығыз байланыстырып келеді. Өз сөзінде осылай деген Словакияның мемлекеттік хатшысы, вице-министр Ольга Нахтманова хакім туралы толғана келе алдағы уақытта білім, ғылым саласында  жаңа жобалардың көптеп қолға алу керектігін баса айтты. Вице-министрдің бұл ұсынысын елші мырза да қуаттап, Словакияда қазақ жастарының білім алуына үлкен мүмкіндіктер барын білдірді.

1

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ғалым, делегация өкілі Кенжехан Матыжанов болса, Словакиямен Қазақстанның ұқсас қырларын ұғынықты жеткізе білді. «Айналасы 30 жылдың ішінде екі ел арасында осындай іргелі байланыс орнатып үлгеру, әрине үлкен жетістік. Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа сатыға көтерілдік. Бұрын кітаптармен ғана байланыс жасасақ, бүгінде рухани құндылықтарымызды алмастыра отырып екі ел жақын танысып тұрмыз. Бұл ретте Абай шығармашылығы достыққа үлкен дәнекер екенін ерекше айтуымыз керек. Елшілікке, осындағы зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтамыз», деді ғалым К.Матыжанов.

Словакия Республикасының Ғылым академиясы кітапханасының директоры Михал Сляцкий өз кезегінде 65 жылдық тарихы бар кітапхана жұмысын айта отырып, кітапхана сөрелерінен Абайға қатысты құнды кітаптардың орын алуы үлкен мәртебе екендігін білдірді. «Бұл кітапхана әдеби, ғылыми жиындарды жиі өткізіп тұрады. Біз көбіне шет мемлекеттермен кеңірек қарым-қатынас орнатуды көздейміз. Қазақстандық делегация әкелген Абай шығармашылығына, оның мұраларын зерттеуге арналған құнды материалдар бірнеше тілде аудармаларымен біздің кітапхананың қорын толтырып тұрғаны біз үшін ерекше құрмет дер едім. Бұл кітаптар біздің кітап қорымызда өте ұзақ сақталатындығына сөз беремін», деді М.Сляцкий.

Келелі кездесуге қоғам қайраткері, 2009-2013 жылдары аралығында Словакияның Қазақстандағы елшісі болған, ғалым Душан Подгорскийдің  арнайы қатысып, Абайдың өмір сүрген зиялы ортасык туралы баяндамасын ерекше атап кеткен жөн. Қазақстанда төрт жылдай тұрған экс-елші ұлтымыздың салт-дәстүрінен бай мағлұматы барын көрсете сөйлеп, болашақ  жас зерттеушілерді ақын мұрасына жаңа қырынан келуге шақырды.

1

«Абайдың өлеңдері мен әндерінен бөлек оның ақын және тұлға болып қалыптасуына оң әсер еткен зиялы ортасы туралы көп айтылған дұрыс. Өз өлеңдері арқылы ұлтты биіктерге жетелеп келе жатқан хакімнің әкесі Құнанбайдың өзі тұтас дәуірдің сом келбеті болған. Абайдың сондай әлеуетті әулетте өсуінің үлкен мәні бар. Оның сондай-ақ қайын жұрты Қазыбек би ұрпақтарының да ақын өміріне әсер етпей қоймағанын да шет ел әлі білмейді. Бұл  – қазаққа ғана тән ұлттық ерекшелік дер едік. Билік пен өнерді қатар кешу нағыз тағдыр дер едім», деді Д.Подгорский.

Ерекше кездесуді Словакияның бірнеше қаласынан келген қазақстандық студенттер Оразали Ерланұлы, Аманжол Айқын, Мәди Ортбаев ән-күймен түйіндеп, шараға  асқақ салтанат сыйлады.

Тамаша кездесуді Словакияның Қазақстанда болған экс-елшісі Петер Юза жүргізіп отырғанын айта кеткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, 27 қаңтардан бастап елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерімен, сондай-ақ бірнеше елшіліктің қолдауымен еуропа қалаларында Абай хакімнің 175 жылдығы тойланып жатыр.