Олар – ForteBank (MasterСard), Еуразиялық банк (MasterСard), Сбербанк Қазақстан (Visa және MasterСard), ЦентрКредит Банкі (Visa және MasterСard), АТФ Банк (Visa) және Halyk Bank (Visa және MasterСard). Бұл бестіктегі банктердің екеуі – Ресейдің Қазақстандағы еншілес ұйымы. Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке ұлттық төлем жүйесін дайындауды тапсырды.
«Көлеңкелі экономикамен күрес мәселесі, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесін арттыру Ұлттық банктің де, Үкіметтің де басымдығы болып қала беруі тиіс. Сондықтан қаржы нарығының қатысушыларын өзара тиімді шарттармен тарту арқылы ұлттық төлем жүйесін жасауға кірісу қажет», деді Мемлекет басшысы.
Кейіннен Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Алматыда журналистерді жинап, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Үкіметпен бірлесіп 2020 жылғы 1 қазанға дейін Ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасын әзірлейтінін айтты. «Сараптамалық қауымдастық талқылап, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін жоба ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Ұлттық банк қарауына ұсынылады», деді Е.Досаев.
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесі кез келген мемлекеттің ұлттық экономикасын нығайтатыны белгілі. «Moody's» халықаралық рейтинг агенттігінің зерттеуінше, түрлі төлемдердің транзакциясын дебеттік және несиелік төлем карталарымен жүзеге асыру арқылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көрсеткішін 210 млн долларға жеткізуге мүмкіндік бар екен. 2018 жылы қолма-қол ақшасыз есептесудің көрсеткіші 71 пайызға өсіп, 1 трлн теңгені құрады.
2019 жылдың екінші жартысында «Visa» және «MasterCard» төлем құралдары арқылы қазақстандықтар 4,5 трлн теңге жұмсапты. Қолданылған қаражаттың 4,2 трлн теңгесі – «Visa», қалғаны «MasterCard» арқылы айналған. Ұлттық банктің қолма-қол ақшасыз есеп айырысатын өзінің ұлттық төлем жүйесінің жоқтығынан Қазақстан әлемнің басқа елдері мен қаржы ұйымдары секілді Американың төлем жүйесіне тәуелді болып отыр.
Қаржыгер Ерлан Ибрагимнің айтуынша, «салық төлеудің» мұндай халықаралық түрінен құтылу үшін бізге ұлттық төлем жүйесінің QR-коды арқылы ену керек.
«Біздің елдің қаржы нарығы да, электронды сауда жүйесі де қазір есігі ашық үйге ұқсайды. Дамыған елдерде, тіпті Ресейдің өзінде электронды төлем жасау үшін тіркелу керек деген талап бар. Содан кейін ғана сізге қызметтің мұндай түрі қолжетімді болады. Ендігі мәселе Үкіметтің шешіміне байланысты. Егер әлемдік қаржы жүйесіне ЕАЭО атынан ортақ QR-кодпен шықсақ, тәуелсіздігіміздің және ұлттық теңгеміздің болашағына қолды бір-ақ сілтегеніміз. Себебі бұл QR-код – біздің қаржылық саясатымыздың кілті. Мемлекет басшысы оған жол бермейді деп үміттенемін», дейді Е.Ибрагим.
Осыған дейін шетелдерге шыққан кезде қолымыздағы банк карточкаларының қаржылық операция жасайтын әлеуетінен айырылып қалатынын талай рет байқағанбыз. Ұлттық төлем жүйесі туралы арнайы заң қабылдап «MasterCard» пен «Visa» карточкалары Ұлттық банкке тіркелсе, комиссиялық алымдарды өзімізде қалдыруға мүмкіндік бар екен.
«Сондықтан ұлттық төлем жүйесінің заңнамалық тетіктерін ойластырып, оған тәуелсіз қаржыгерлерді тарту керек. Алдағы бірер жылда қазақстандықтардың 90%-ы дәстүрлі төлемсіз есеп айырысуға көшетіні белгілі. Қазір 17-35 жас аралығындағы жастар банк картасы емес, смартфон арқылы төлем жасайды. Бұл әдіс біздің өмірімізге дендеп енді. Халықаралық төлем жүйелеріне төлем транзакциясынан түсетін табыстың бір бөлігін бермес үшін ұлттық төлем жүйесін қалыптастыру керектігі мемлекеттік деңгейде мойындалды. Бұл – прогресс», дейді Е.Ибрагим.
Қаржы заңгері Юлия Салехова Алматыда өткен баспасөз жиынында «Қазақ нарығы үшін күрес Қытай мен Ресей арасында өтуі мүмкін екенін айтқан болатын. Қазақстанның бұл жүйеге қандай QR-кодпен енгенін ешкім түсіндіріп бере алмайды. Стратегия қабылданып, заңдық мәртебе алғанға дейін әлі 11 ай бар. Мұндай жағдайда Қазақстанның онлайн сауда сегментіне біржолата жұтылып кетпеуі үшін қосымша күш керек. «Мұны қазақ Үкіметі жақсы біледі. Үкімет тарапынан әрекеттер бар. Бұл жүйе 2022 жылға қарай 200 мың қазақстандыққа нан тауып береді деген үміт басым болып келген еді. Сол себепті мобильді төлемді электронды сауда жүйесінен бөліп, жеке-дара дамытатын кез келді. Екеуін бір бағытта алсақ, мүмкіндігімізді шашыратып аламыз» деді Ю.Салехова бізбен әңгімесінде.
Қаржыгер Ораз Жандосов та ұлттық төлем жүйесін енгізуді барынша тездету керегін айтты. Бүгін енгізбесек, ертең кеш болып қалуы әбден мүмкін. Себебі қолма-қол төлемсіз құрылымдарда доллар өз үлесін сақтайды. Электронды қаржы жүйесінде «Apple», «Google» мен «Facebook» үстемдік етеді. Біз оған алдағы бес жылдықтарда балама болатын байланыс тетігін ұсына қоюмыз екіталай. Себебі Қазақстан «Apple Pay» жүйесіне ауысқан 32-ші ел екен. Бізге дейін бұл қызмет түрі Аустралия, Бельгия, Канада, Қытай, Франция, Гонконг, Ирландия, Италия, Жапония, Жаңа Зеландия, Ресей, Сингапур, Испания, Швейцария, Тайвань, Ұлыбритания және АҚШ тұрғындарына ғана қолжетімді болды. Одан бөлек Facebook әлеуметтік желісі «shop» қызметі тестілеуді былтыр аяқтады. «Моnstr Masterclass» жобасында әлемдік деңгейдегі шеберлердің видео-сабақтарының онлайн жүйесі басталды.
Facebook әлеуметтік желісі бұл қадамға дайындықпен келді. Олар 2018 жылы қазақ тіліне жетік маман іздеді және ол міндетті түрде Қазақстаннан болуы керек деп талап қойғанын ұмытқан жоқпыз. Компанияның Facebook-тегі ресми парақшасында жариялаған хабарламада үздік үміткердің Қазақстан нарығын зерттеумен айналысатын командамен бірге жұмыс істейтіні хабарланған. Жұмыс орны Ирландияның Дублин қаласында орналасқан. Үміткер Қазақстандағы қолданушылардан келген сауалдарға жауап беріп, қазақ тіліндегі контенттің хабарламаларын тексерумен айналысады, қолданушыларға қолдау көрсетіп, аккаунтқа қатысты туындаған мәселелермен айналысуы тиіс.
Қазақстанда «Facebook», «WhatsApp» әлеуметтік желілерінің қолданушыларының саны өсіп жатыр. Осыған дейінгі онлайн-сауда желілері ұсынған сауда ассортименті жоғары сапасымен ерекшелене алмады. «Facebook-тің «Моnstr Masterclass» жобасының көмегімен атақты компаниялардың өнімдерін саудаға шығаруға мүмкіндігі бар.
Қазақстандағы интернет-сауда дүкенінің өкілі Никита Окулов бізбен әңгімесінде 2018 жылы ресейлік Qiwi төлем жүйесі арқылы 10,7 млн транзакция жасалып, 32 млрд теңге кіріс кіргізгенін айтты. Электронды транзакциядан түскен пайданың 80 пайызы Ресейдің қалған бөлігі Қазақстанның ұсақ компанияларының еншісінде.
«Қазір ел көлемінде 40 мыңнан астам Qiwi құрылғы бар. Оның барлығы Ресейге жұмыс істеп тұр», дейді Н.Окулов.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап интернет-дүкен немесе ин¬тернет-алаң арқылы сауда жасайтын заңды тұлғалар корпо¬ратив¬тік табыс салығын, ал жеке кәсіпкерлер жеке табыс салы¬ғын төлеуден босады. Енді сарапшылар Е-commerce нарығы 2020-2022 жылдар арасында мобильді телефондар арқылы сауда жасауға басымдық беретінін айтып отыр. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап біздің елде мобильді коммерцияның жұмысы әртараптандырылды. Коммуналдық қызмет төлем жүйесінен бастап қоғамдық көліктердегі төлемақыға дейін мобильді қондырғы немесе SMS хабарлама арқылы төлеуге мүмкіндік туды. «Қазақстан смартфондардың көмегімен онлайн-шопинг жасайтындардың үлесі жағынан алдыңғы орында тұр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өспесе, кемімейді» деді Н.Окулов.
Оның пікірінше, біздің ел бұл жүйеге заңды тұрғыда әлі дайын емес. Ұлттық төлем жүйесінің стратегиялық бағдарламасы күзде дайын болады, бірақ біз бұл нарыққа кірісіп кеттік. Әзірге басымдық шетелдік төлем жүйесінде болып тұр. Сондықтан көшке ілесіп кете алатындарды анықтап, басымдықты соларға берген дұрыс деп санайды сарапшы. Сонда ертерек ес жиып алғандары қалғандарын сүйрейді». Тек үмітіміз мүмкіндігімізден алыстап кетпесе болғаны.
АЛМАТЫ