Білім және ғылым министрлігінің бізге берген ақпараттарына қарағанда, байқау қорытындысы алдағы ақпан айында белгілі болмақ. Ведомство нәтиженің кешігу себебін жұмыстардың Ұлттық ғылыми кеңесте жіті қаралып жатқанымен түсіндірді. Өйткені Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы байқау талабындағы шекті балды жинаған өтінімдерді іріктеп, 2019 жылдың 30 желтоқсанында Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына жолдаған. Ғылым комитетінің дерегі бойыша, 27 шілде мен 22 тамыз аралығында 1376 өтінім келіп түскен. Жобалық жұмыстардың 264-і шекті балл жинай алмағандықтан кері қайтарылған.
Ғалымдардың алаңдаушылығын да түсінуге болады, себебі олардың жұмысы ғана емес, күнделікті күнкөрісі де осындай гранттық жобаларға бөлінетін қаржылық қолдауларға тәуелді.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасының бастамасымен Жастар жылында Жас ғалымдардың жобаларына 3 млрд теңге бөлінген еді. Соның негізінде жас ғалымдар арасында гранттық байқау жарияланды. Бұл 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға бағытталған. Ғылым комитеті өткізіп отырған байқауда гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер; Энергетика және машина жасау; Табиғи, оның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалану, геология, қайта өңдеу, жаңа материалдар мен технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен құрылымдар; Өмір және денсаулық туралы ғылымдар; Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми-зерттеулер; Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы және ауылшаруашылық өнімінің қауіпсіздігі; Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс бағыттары бойынша жобалар қаралып жатыр. Тағы бір ауыз толтырып айтатыны, өтінім осы байқауда бұрынғыдай қағаз түрінде емес, онлайн тәртібімен берілді. Яғни, жоба жетекшісі және өтінім берушінің электронды цифрлы қолымен расталған конкурстық өтінімдер Ғылым комитетіне электронды түрде «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамының ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілді. Ал өтінім қабылдау 2019 жылдың 12 тамызында тоқтатылған еді.