Аймақтар • 31 Қаңтар, 2020

Айыппұл арқалағандар айылын жия ма?

720 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сайын даланы мекендеген аңдар мен құстарды қорғау қай кезде де басты мәселе болған. Табиғаттың байлығын талан-таражға салуға ешкімнің де хақысы жоқ. Дей тұрғанмен, былтыр да, биыл да Жамбыл өңірінде табиғаттың тірі байлықтарына залал келтіру толастамай тұр. Әсіресе тұқымы жойылып кету қаупі бар аң мен құсты ату, аулау қылмыс екенін жете түсінбейтіндер әлі де бар. Табиғаттың тірі байлықтарын сақтап қалу қандай қиын шаруа болса, көпшілікке оны түсіндіру де күрделі мәселе.

Айыппұл арқалағандар айылын жия ма?

Жамбыл облыстық табиғи ре­сурстар және табиғат пайдала­нуды реттеу басқармасының «Ма­­мандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» мекемесі облыс көлеміндегі орман қоры аумағында және еркін аймақтарда ормандар мен жабайы жануар­лар дүниесін қорғау үшін былтыр мау­сым-желтоқсан айларында 30 рейд жүргізген. Бұл ретте «Ма­мандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» мекемесінің ди­рек­торы Ерназарбек Жантаев көп­теген заңбұзушылықтардың орын алғанын айтты.

Ішкі бақылау және бра­коньер­лікпен күресу, күзету және қору мақсатында жүр­гізілген жұмыс­тардың нәти­жесінде табиғат заң­намасын бұзғаны үшін бірқатар заң­сыздықтар анықталған. Көп­теген заңсыздықтар Байзақ, Жам­был, Талас, Сарысу, Мо­йынқұм аудандарының аума­ғында орын алған. Мәселен өткен жылы «Үм­бет» ерекше қорғалатын таби­ғи аумағында заңсыз аңшылық жа­сап, 1 борсық пен 1 доңыз ат­қан аң­шыға сот шешімімен 932 мың 250 теңге айыппұл салынса, «Меркі» ерекше қорғалатын табиғи аумағында былтыр жазда заңсыз қарумен аңшылыққа шыққаны үшін аңшыға 176 мың 750 теңге айыппұл салынып, сот шешімімен өндірілді және аңшы қаруы жою үшін алынған. Сол сияқты Байзақ ауданының орман қоры жерінде «Қызыл кітапқа» енген 2 қарақұйрықпен ұсталған аңшыға қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жат­са, Мойынқұм ауданында 2 азамат заңсыз аң­шы­лық жасап 4 қырғауылмен ұс­талған. Оларға 25250 теңге айып­пұл және залалы ретінде 50500 теңге айыппұл салынған. Са­рысу ауданында да заңсыз аң-құс аулаушылар құжаты жоқ бір ұңғылы аңшы мылтығы, 40 дана сұңқар құсын ұстайтын тұзақ, 2 дана томаға және 9 жабайы кеп­тер құсымен қолға түсіп, ай­ғақ заттары аудандық полиция бөліміне өткізілген. Бұдан бөлек, Жамбыл ауданында үйрек, Талас ауданында қырғауыл атқандар да ұсталып, тиісті айып­пұлдарын ар­қалаған.

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей, жалпы, аңшылыққа да адам әр­түрлі жағдайда шығады. Бұл біреу үшін кәсіп болса, енді бі­реу үшін ермек. Сондықтан да қару алып шығып, аң мен құсты заң­сыз ату дерегі жиі тіркелуде. Жал­пы, былтыр аң аулау барысында заңсыз пайдаланылған бар­лығы 30 дана аңшы қаруы тәркіленіп, сол аудандардың полиция бөлімдеріне тапсырылды. Та­биғаттың тіршілік иелеріне тор құрған аңшылардың 13 қырғауыл, 4 үйрек, 3 қоян, 1 борсық және 2 қа­ра­құйрық атқаны белгілі болды. «Қызыл кі­тапқа» енген қа­рақұйрық жануарын атқандар айыппұлмен қатар, 2,5 жылға дейін шартты жазаға кесіледі екен. Табиғаттың тірі бай­лық­тарын талауға түсіру­де алдына жан салмайтын әлдекімдердің кесірінен өзі құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған тір­шілік иелері көбеймей жатыр. «Сапсан» жедел қызметі атқарған жұмыстарының нәтижесінде, та­биғатқа зиян келтіріп және заңсыз аңшылық жасағаны үшін аңшыларға салынған айып­пұл мен залалы 8 330 500 тең­гені құрайды. Жамбыл облысы әкімінің өкімімен өткен жы­лы құрылған «Жедел топ» облыс­тық табиғи ресурстар және та­биғат пайдалануды реттеу бас­қармасына қарасты орман ша­руашылығы мекемелерінің қыз­метіне ішкі бақылау жүргізіп, бра­коньерлікпен күресу, күзету, қору жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар «Жедел топ» жаз мезгілінде орман ша­руа­шылығы мекемелерінің өрт қауіпсіздігі кезеңіне да­йын­дықтарын зерделеп, өрт бол­ған аймақтарда оны сөндіру жұ­мыстарына қатысты. Өңір­дегі 8 орман шаруашылығы меке­мелеріне ішкі бақылау жұмыс­тарын жүргізіп, оны зерделеп, жетістіктері мен кемшіліктері туралы мәліметтерді басқарма бас­шысына тапсырып отырдық», дейді Ерназарбек Жантаев.

Өкінішке қарай, бүгінде аң ату, құс ату деген үйреншікті әдет­ке айналып барады. Әсіресе си­рек кездесетін тіршілік иелерін нысанаға алу жиі кездеседі. Қол­ға түскендері айыппұл ар­қалап жа­­тыр, ал табиғаттың тірі бай­лықтарына залал келтіріп болған соң жымын білдірмей кетіп жат­қандар қаншама. Жыл­дың енді басталғанына қа­ра­мастан, мұндай жағ­дайлар биыл да тіркелген. Ағым­дағы жылдың қаңтар айында табиғат заңнамасын қорғау үшін 4 рейд жүргізіліп, заңсыз аң аулаушы­лардан 16 аңшы мылтығы тәркіленген. «Жамбыл ауданында 1 азамат еркін аймақта заңсыз аңшылық жасап жүрген жерінен ұсталып, оны тексеру барысында 1 дана аңшы қаруы тәркіленді. Атылған аң-құсы болған жоқ. Осы оқиғаға байланысты 1 азаматқа еркін аймақта заңсыз аңшылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 13255 теңге айып­пұл салынды. Сол сияқты Шу ауданында 1 азамат еркін аймақта заңсыз аңшылық жасап жүрген жерінде ұсталып, оны тексеру барысында 3 дана аңшы мылтығы тәркіленген», дейді Ер­назарбек Жантаев. Сонымен қатар, биыл еркін аймақта заңсыз аңшылық жасау дерегі Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында да тіркелген. Бұл аймақтан ұсталғандардан да заңсыз аңшы қаруы тәркіленіп, Байзақ ауда­нында қырғауыл атқандарға тиіс­ті айыппұл салынған. Ал Та­лас ауданында 4 азамат еркін аймақта заңсыз аңшылық жасап жүрген жерінен қолға түсіп, оларды тексеру барысында атыл­­ған 12 қырғауыл және «Қызыл кітапқа» енген 1 бұлдырық табылған. Сон­дай-ақ 4 қару аудандық полиция бөліміне өткізілді. Осы оқиға бойынша айыппұл мен залалы 755 мың 770 теңгені құраған. Жал­пы алғанда, биылдың өзінде табиғатқа 22 қырғауыл, 2 кептер мен 1 бұлдырық құсының зия­ны келген. «Қызыл кітапқа» енген бұлдырық атқаны үшін аңшыға 530 мың 200 теңге айыппұл салынады екен.

Айыппұл арқаласа да айылын жимайтын аңшылар өзде­рінің табиғатқа қиянат жасап жүргенін білсе жақсы. Бүгін айып­пұлын төлеп, олардың күні ертең-ақ аң мен құс атуға деген қызы­ғу­шы­лығы қайта оянбасына да ке­пілдік жоқ. Сайын даланың баурайы­на баса көктеп кіріп, оның бауырындағы тірі байлығына қол салатын қаскөйлерге қарсы тұру әрдайым өзекті мәселенің бірі болып қала бермек.

 

Жамбыл облысы