Б.Байбек бірінші кезекте партияның Атырау облыстық ауруханасындағы «Ынтымақ» бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесуден бастады. Партия Төрағасының бірінші орынбасары кездесуде партия мүшелерінің елеулі бөлігін әлеуметтік сала қызметкерлері құрайтынын атап өтіп, қарапайым дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, дәрігерлердің еңбегін орынды бағалау жайына егжей-тегжейлі тоқталды. «Біз дәрігерлер еңбегін, осы саладағы жасалып жатқан жұмыстарды халыққа түсіндіруіміз қажет», деді Б.Байбек.
Сонымен қатар мемлекетіміз тарапынан медицина саласында атқарылып жатқан ауқымды істер мен көрсетіліп отырған қомақты қолдау да тілге тиек етілді. Оның айтуынша, Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХVIII съезінде алғашқы медициналық санитарлық көмекті дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлуді тапсырған. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында үш жылдық бюджет аясында денсаулық саласының дамуына қосымша 2,3 трлн теңге қаржы бөлінетінін айтты. Соның нәтижесінде 2019 жылы денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы ішінара 30%-ға көтерілді. Атырау облысы бойынша 8 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өскен. Ал 2020 жылдың қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақылары орта есеппен 30%-ға өсті.
Дәрігерлер қауымымен кездесуде өңірдегі өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Солардың қатарында нәрестелер өлім-жітімінің артуы да аталды.
Кездесуде дәрігерлер де тосылмай, өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Солардың қатарында жас дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, дәрігерлерге педагогтар секілді ерекше мәртебе беру жайын қарастыру жайы сөз болды.
Сапарын әрі қарай жалғастырған Бауыржан Байбек өңірдің зиялыларына арнайы ат басын бұрды. Елдің сөз ұстар тұлғаларымен болған бұл кездесуде өңір руханиятына, мәдениетіне, дін мен тілге қатысты өзекті мәселелер қозғалып, жан-жақты талқыланды. Өз сөзінде Б.Байбек партияның мақсаты мен міндеттеріне, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында қолға алған шараларына кеңінен тоқталды.
«Біздің партияның бірінші міндеті – халықтың мұңын мұңдап, сөзін айтып, халықтың пікірін билікке жеткізу. Билік тарапынан көп нәрсе жасалып жатыр. Бірақ кейбір кезде бұл жасалған жұмыстар халыққа дұрыс насихаттала бермейді. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, атқарып жатқан жұмыстарды халыққа қарапайым тілмен жеткізу керек. Ол – партияның екінші міндеті. Үшінші міндеті, әрине біз нақты істердің партиясымыз. Сондықтан біз негізсіз нәрселерді ешқашан көтермейміз. Қазіргі кезде әкімдермен бірлесіп әрбір өңірде партияның бағдарламасын талқылап жатырмыз», деді Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде өңірдің зиялылары партия Төрағасының бірінші орынбасарына толғандырып жүрген сауалдарын қойып, өз ойларын бүкпесіз ортаға салды.
Басқосуда мұнай саласының ардагері Мақсым Ізбасов жергілікті мұнайшылардың жалақысын шетелдіктермен теңестіру, өңірдегі экология мәселесін оңалту, Жайық өзені деңгейінің жылдан-жылға азаю мәселелерін ортаға салды. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің хатшысы, партия ардагері Б.Тыныбаева Атырау облысындағы апатты және үш ауысымды мектептер, балабақшаның жетіспеушілігі мәселелерін тілге тиек етті.
Өңір зиялыларының пікірлерін ден қоя тыңдаған Бауыржан Байбек отандық мұнайшылар жалақысындағы теңсіздіктерге байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің азаматтарымызды кемсітуге жол бермеу туралы мәселе көтергенін, сол сияқты қоршаған ортаны сақтау мәселесінде де Мемлекет басшысының шикізат энергия секторының жұмысында экологияға зиянды болдырмау керектігін тапсырғанын айтты.
Білім, ұрпақ тәрбиесі партияның ерекше назар аударатын салалары екендігіне тоқталған партия Төрағасының бірінші орынбасары облыстағы үш ауысымды және апаттық мектептерді жою үшін бес жылға арналған Іс-шаралар жоспары әзірленгенін, айтылған екі ұсыныс та жақын арадағы бесжылдықта өз шешімдерін табатынын жеткізді.
Өңірдің қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесуде Бауыржан Байбек қазіргі таңда жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, коммуникациялардың заманауи технологияларын пайдалану арқылы халықпен диалог орнатудың маңыздылығына, партия тарапынан алғаш қолға алынғалы отырған праймериз өткізу тәртібіне тоқталды.
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Атырау жастарымен де кездесті.
«Қазіргі кезде «Жастар – Отанға» бағдарламасын әзірлеу қарастырылуда. Біз мұны әр ауданда талқылап, ұсыныстар жинақтап жатырмыз», деді Бауыржан Байбек.
Атырау өңіріне жасалған екі күндік сапардың соңына қарай Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің қатысуымен Атырау облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Конференцияда партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен Nur Otan партиясының Атырау облыстық филиалына осы облыстың жуырда тағайындалған жаңа әкімі Махамбет Досмұхамбетов төраға болып сайланды.