Аймақтар • 31 Қаңтар, 2020

Алматыда «Періштелер уақыты» атты қайырымдылық көрмесі өтті

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шарадан түскен қаражат муковисцидоз дертіне шалдыққан балаларға жұмсалады. Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде ұйымдастырылған көрмеге 65 авторлық қуыршақ қойылған. Сатылымдағы туындыларды еліміздің әр түкпірінен жиналған шеберлер түрлі техникамен әзірлеген, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Алматыда «Періштелер уақыты» атты қайырымдылық көрмесі өтті

Оның арасында көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпаздары да бар. Ауыр кеселге шалдыққандарға қолғабыс еткісі келген шеберлердің ең кішісі 15 жаста. Ол да қайырымдылық шарадан құр қалмай науқастарға сеп болуды ойлайды.

«Ауру айтып келмейді. Мәселен, муковисцидоз дерті – тұқым қуалайтын ауыр кесел. Қазір Қазақстанда осындай диагноз қойылған 104 адам бар. Осы жобамызды біз үшінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Жыл сайын қайырымдылық көрмеден түскен қаржыны дертке шалдыққандарға жібереміз. Халықтан шараға қатысып, балаларға жәрдемдесуін сұраймыз. Мұнда келушілер қуыршақтың сан түрін таба алады. Бізде тоқылған, қыштан, матадан және бисерьден жасалған түрлері бар» деді «Қуыршақ ғаламы орталығы» бірлестігінің жетекшісі Лариса Сологуб.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қуыршақ сатып алып, қос жанға қуаныш сыйлауға болады. Яғни, біреуге сыйлықты тарту етіп қуантсаңыз, басқасына қаржылай қолдау көрсетесіз. Өз кезегінде, шеберлер өздері жасаған туындылардың сапасы өте жақсы деп отыр. Өйткені әрбір қолөнер бұйымы балалар жазылып кетсін деген игі ниетпен жасалған.