Руханият • 01 Ақпан, 2020

Батыс Қазақстанда Жұбан жылы басталды

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақтан облысында ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған кешенді шаралар бүгін ресми түрде басталды.

Батыс Қазақстанда Жұбан жылы басталды

Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана, Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық кітапханасы және Ақжайық аудандық кітапханасы арасында өткен видеоконференцияда ақын шығармашылығы мен өмір жолы, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбиесі туралы кеңінен сөз болды. Бейнежиынға Алматы қаласынан қосылған Мыңбай Рәш, Ақұштап Бақтыгереева, Исраил Сапарбай, Темірхан Медетбек, Нұрдәулет Ақыш сынды қаламгерлер Жұбан ақын жайлы естеліктерін ортаға салды. Атырау қаласынан сазгер әрі қаламгер Ілия Жақанов мәтінін Молдағалиев жазған әйгілі «Еділ-Жайық» әнінің шығу тарихын әңгімелеп берді. Ал ақынның жерлестері мәдениет саласының ардагері Жайсаң Ақбай, ақын Айтқали Нәріков Жұбан ақынның туған жеріне, Ақ Жайық өңіріне келген келген кезіндегі оқиғаларды ортаға салса, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева ақынның туған жерінде биыл атқарылатын мерейтойлық шаралар туралы айтты.

- Бүгін Ақжайық ауданының орталығынан шыққан бір топ қаламгер, зиялы қауым өкілдері Жұбан Молдағалиевтің кіндік қаны тамған жері – Қурайлысай, Сайқұдық ауылдарына, Жыланды елдімекеніне аттанады. Осылайша ақын тойына старт беріледі. Жыл соңына қарай аудан орталығында Жұбан Молдағалиев атындағы әдебиет және өнер орталығы ашылмақ, ол жерде ақын мұражайы, кітапхана және көпшілік шаралар өткізетін арнайы зал болмақ, - дейді Үзілдік Елеубайқызы.

«Жұбан ақынның жүзжылдық мерейтойы аталып өтетін жылдың басында ұйымдастырылған онлайн конференцияға Қазақстанның әр аймағындағы кітапханалардың қатысуы – қаламгер тойының жалпыхалықтық сипатын көрсетеді» дейді қаламгерлер.

Шара аясында жастар Жұбан Молдағалиевтің өлеңдерінен үзінділер оқыды.

 

Батыс Қазақстан