Аймақтар • 01 Ақпан, 2020

Батыс Қазақстанда көше жарнамасына көңіл бөлінеді

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында көшедегі көрнекі жазбалар мен жарнамалар мәтінінің сауаттылығына ерекше мән беріледі. Өткен жылдың соңында өңірдегі тілдерді дамыту басқармасы БҚО кәсіпкерлер палатасымен меморандум жасап, облыстық әкімдікпен бірге іс-шаралар жоспарын бекітті.

Батыс Қазақстанда көше жарнамасына көңіл бөлінеді

- Бұл меморандумның мәнісі – елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды аймақта жүзеге асыру, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын біріздендіру еді. Меморандум мерзімі 5 жылға арналған. Айта кетейін, біздің осы бастамамыз 2019 жылдың соңында өткен «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында республика көлемінде тәжірибе ретінде таратылды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдері дамту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Міне, осы меморандум аясында жақында Орал қаласында «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Оны Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасы көрнекі ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту және өзара түсіністікке ықпал ету мақсатында ұйымдастырған.

«Тиімділікті арттыруға икемді дағдылар» атты тренингпен басталған шара көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын сақтау жолын талқылаумен жалғасты. Семинарға БҚО тілдерді дамыту басқармасы мен кәсіпкерлер палатасынан бөлек, облыстық әділет департаменті, «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы, Орал қалалық әкімдігі, Орал қалалық прокуратурасы, мемлекеттік кірістер департаменті, «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры, кәсіпкерлер қауымдастығы өкілдері және журналистер қатысты.

Жиында Батыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Алтынбек Абдұлманов «Көрнекі ақпарат тілі – қоғам тілінің барометрі» тақырыбына баяндама жасап, көрнекі ақпараттың сауатты болуы туралы сөз қозғады. Орал қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Әсел Зайдуллина жарнама мен көрнекі ақпараттағы кемшіліктерді заң тұрғысынан бағалап берді. Ал Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев Орал қаласындағы көрнекі ақпараттар мен жарнамаларда тіл нормаларының сақталу жағдайына шолу жасады.

Мысал үшін айта кетсек, өткен жылы тілдерді дамыту басқармасы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабының және «Жарнама туралы» Заңдары талаптарының көрнекі ақпарат құралдарын рәсімдеуде сақталу мәселесі бойынша «Сауатты жарнама – қала көркі» атты акция ұйымдастырған болатын.

Осы акция аясында Орал қаласы кәсіпкерлеріне көрнекі ақпараттарда тіл заңдылығын сақтау үшін Whats App мессенджері арқылы үнемі көмек көрсетілді. Жыл бойы «Қазақ тілі» қоғамдық қоры, кәсіпкерлер палатасы және жергілікті БАҚ өкілдері 130 кәсіпкерлік нысанға әдістемелік көмек көрсеткен болса, «Жедел желі» арқылы 137, Whats App мессенджері арқылы 192, барлығы 459 көрнекі ақпаратқа әдістемелік көмек көрсетілген.

Бұған қоса басқарманың әлеуметтік тапсырысы аясында «Tilge qurmet» тіл инспекциясы жұмыс жасайды. Көрнекі ақпараттардың тіл нормаларына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастыру бойынша Орал қаласындағы 3 даңғыл мен 492 көшеде орналасқан 2178 кәсіпкерлік нысанына әдістемелік көмек көрсетіліп, картотека толтырылған. Көрнекі ақпаратында кемшілік анықталған 908 кәсіпкерлік нысанына облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің ескерту хаты тапсырылып, әдістемелік көмек көрсетілген. Міне, осының нәтижесінде қазіргі таңда бұл кәсіпкерлік нысандарының көрнекі ақпараты түзетілді.

Көрнекі ақпаратты айтқанда елдімекен, көше атауларына да соқпай кете алмаймыз. Ресейдің бес облысымен шектесетін Батыс Қазақстан облысында бұл бағытта атқарылар жұмыс әлі де көп. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қыркүйектегі №19-32-20.357 тапсырмасына сәйкес ономастикалық атауларды ретке келтіру және идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен ауыстыру бағытында бірқатар жұмыс жүргізілді. Батыс Қазақстан облыстық ономастика комиссиясы 1 ауылдық округ, 6 елді мекен, 200 көше атауын өзгертуге оң қорытынды берді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №945 қаулысы негізінде Ақжайық, Бөрлі, Казталов аудандары мен Орал қаласының 12 білім беру мекемесінің атаулары қайта аталынып, тарихи тұлғалардың есімі берілді. Дегенмен, өңірдегі бірнеше аудан орталығының, Орал қаласы маңындағы елдімекендердің отарлық кезеңнен қалған орысша атауларын ауыстыру әлі кезегін күтіп тұр.

 

Батыс Қазақстан