Қоғам • 01 Ақпан, 2020

Елордада 5 000-нан астам тұрғын қар жинауға шықты

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, студенттер, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпорындар мен ПИК қызметкерлері қысқы сенбілікке қатысты, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Елордада 5 000-нан астам тұрғын қар жинауға шықты

«Біз біргеміз» челленджін елорданың жүздеген мың тұрғыны қолдап, коммуналдық қызметтерге қар құрсауымен күресуге көмектесуде.

Бүгін «Біз біргеміз» деп біріккен астаналықтар қар тазалау бойынша жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырды. Қала тұрғындары елорданың аулалары мен тротуарларындағы қарды тазалап, коммуналдық қызметтерге көмек қолын созды.

Қыс басталысымен Нұр-Сұлтанға көп мөлшерде қар жауды. Бүгінгі күнге дейін тәулік бойы жұмыс істеп келе жатқан коммуналдық қызметтерге елордалық тұрғындар шығып, «Біз біргеміз» акциясын бастаған болатын. Бүгін қаланың әр бөлігінде тұрғындардың күшімен 4800 текше метрден астам қар жиналды.

Белсенді қала тұрғындарының бірлескен күшімен көмекке мұқтаж зейнеткерлердің үйінің  аулалары қардан тазартылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері «Өндіріс» тұрғын үй алабында тұратын ҰОС ардагерлері мен қарт зейнеткерлерге қар жинауға қол ұшын созды. Қар тазалау жұмыстары барысында Ш. Уәлиханов көшесінде  Бөгенбай Батыр даңғылынан А. Кравцов көшесіне дейінгі аумақта 250 астам «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен ЖОО және колледж студенттері қатысты. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері өз ғимараттарының аумағын қардан тазартты. Сенбілік іс-шараға барлығы 475 қызмет көрсетуші ұйым қатысып, 978 аула жиналды.

Елордалық еріктілер штабының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин атап өткендей, қысқы мерзім ішінде мұндай көмек мұқтаж тұрғындарға тұрақты негізде көрсетілетін болады. 

«Суық біз үшін қорқынышты емес. Сондай-ақ ыстық шай мен азық-түлік себеттерін тарататын боламыз, қар тазалап, астаналықтарды бірлесіп игі істер жасауға шақыратын боламыз», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, «Біз біргеміз» челленджі елордалық тұрғындар арасында танымалдылыққа ие болып, қала тұрғындарының көбі қала аумағын қардан тазартып, әлеуметтік желілерде #Бізбіргеміз хештегімен бейне және фотосуреттерді орналастырады. Акция жыл басында басталған болатын. Гидрометеорологиялық орталықтың мәліметтері бойынша қаңтар айында Нұр-Сұлтанда рекордтық жауын-шашын тіркелген. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 1964 жылы белгіленді.