Технология • 03 Ақпан, 2020

Электронды кілтті пайдалана білеміз бе?

1169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

28 қаңтар – халықаралық дербес деректерді қорғау күніне орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпо­рациясының төрайымы Әсемгүл Балташева ЭЦҚ кілтті дұрыс пайдалану және оны сақтау жолдары жөніндегі кеңестерімен бөлісті.

Электронды кілтті пайдалана білеміз бе?

Электронды цифрлы қол­таңба – азаматтарға egov.kz, elicense.kz, enis.kz, salyk.kz сияқ­ты электронды үкімет порталдарын пайдалануға мүмкіндік беретін электронды кілт. Жеке немесе заңды тұлғалардың бар­лық дербес мәліметтеріне жол ашатын цифрлы қолтаңбаны пай­да­ланудың және сақтаудың өз ерекшеліктері бар.

ЭЦҚ-ға тапсырысты pki.gov.kz сайтынан беріп, ХҚО-ға тек тұлғаны куәландыру үшін бару­ға болады. Алайда, көпшілік элек­т­ронды кілтті халыққа қыз­­мет көрсету орталығынан алу­д­ы жөн көреді. Былтыр қазақ­стан­­дық­тар 7,8 млн электронды кілт рә­сім­деген, бұл 2018 жыл­мен са­лыс­тырғанда 1,7 млн-ға көп көрсеткіш. Алай­да, бұл, көп жағ­дайда, бір адам­ның ЭЦҚ-ға тап­сырысты бір-ақ рет бер­генін білдірмейді. «Азамат­тар құ­жат­қа электронды тапсы­рыс бере­тін кезде немесе дек­ла­ра­ция тапсырған сәтте ғана ЭЦҚ-ны пайдаланып, кейін оны қайда сақтағанын ұмытып, құ­пия­сөзін естен шығарып жатады. Сөй­тіп ЭЦҚ кілтке қайта тапсырыс береді. Дербес деректер базасын қолжетімді ететін кілт­ті құн­ды дүниедей сақтап, мұ­қият болу керек. Біз еш­қашан банк кар­тасының пин-ко­дын ұмыт­пай­мыз, ал ЭЦҚ-ның құпиясөзін есте сақтап жат­та­май­мыз. ЭЦҚ-ны пайдалану мәдениеті ең алдымен азамат­тардың өзі үшін қажет», дейді мем­лекеттік корпорация төрайымы.

Көп жағдайда, ЭЦҚ рәсім­деген сәтте, ХҚО мамандары бірдей құпиясөз бекітіп береді, алайда қолданушы оны жеке кабинетінде кейін өздігінен жаңарта алады. Бүгінде жеке куәлік чипына жазылатын ЭЦҚ 3 жылға жарамды, оны пайдалану үшін арнайы картри­дер қажет. Флеш-картаға жазылып берілетін кілттің жарамды­лық мерзімі – 1 жыл. Цифрлы қолтаң­баның уақыты өтпей тұрып, оны онлайн түрде pki.gov.kz сайты арқылы жаңартуға болады. Мерзімнің аяқталатыны туралы смс-ескертпені алу үшін жеке кабинетте ұялы телефон нөмірі байланыстырылуы тиіс. «Телефон нөмірі мен ЭЦҚ-ны сәйкестендірген азаматтар­ға электронды түрде алынған қызметтер бойынша хабарламалар келіп тұрады. Бұл смс-тер бөгде қызметтердің алынбауын бақылап отыруға да мүмкіндік береді», дейді Ә.Балташева.

Қазақстандықтар өз атында қанша электронды кілттің барын egov mobile қосымшасынан көріп, керек жағдайда сол жерден оны қайтара шығаруға тапсырыс бере алады.