Аймақтар • 03 Ақпан, 2020

Мыңбұлақтағы Момыш бұлағы

1163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мыңбұлақ ежелгі жазба деректерде кездесетін әйгілі мекен. Тарихи деректерге жүгінсек, Мыңбұлақ туралы алғаш рет қытай жиһанкезі Сюань-Цзянның 630 жылы жазылған сапарнамасында кездеседі. Бұдан кейін Мыңбұлақ жайында атақты араб жиһанкездері Убайдаллаһ ибн Хордадбек және Құдама ибн Жафар жазады. Олардың күнделіктеріндегі «Бұл Абарджадж үлкен төбе, оның айналасында мыңдаған бұлақ көздері бар. Олар қосылып бір өзенді құрайды. Өзен шығысқа қарай ағады, оның аты Баркуаб. Бұл сөздің аудармасы «кері бағытта ағатын өзен», деген деректер де Мыңбұлақ мекенінің көне замандардан келе жатқанын аңғартады.

Мыңбұлақтағы Момыш бұлағы

Бүгінгі Мыңбұлақ Жамбыл облысы, Жуалы ауда­нын­да­ғы Те­ріс өзені алабын­да орна­лас­қан. Атақты жиһан­кез­дер­дің Бар­куаб деп отырғаны осы Теріс өзені. Тауға қарай кері ағып жатқан өзеннің де өзіндік тағ­­дыры мен тарихы бар. Бұл аумақ­қа ауданның Көлбастау және Талапты ауылдары да кіреді. Аталған ауылдар мен Ала­тауға дейінгі аралықта сансыз бұлақтар бар. Сонымен қатар осы Көлбастау мен Та­лап­ты ауылдарының орта тұ­сын­да бұрынғы Орақ-Балға ауы­лының ескі жұрты жатыр. Бұл жерде ұлтымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Батырдың өзі «Ұшқан ұя» кітабында «Мо­мыш әкемнің айтуынша, мен мың да тоғыз жүз оныншы жылдың қысында, ескіше де­кабрь­­­дің жиырма төртінде туып­пын. Әкем ол күні Әулие­ата шаһарында екен. Мен туған соң, Имаш бабам жан-жаққа кісі шап­тырып, әкеме де хабар­шы жіберіпті», деп жазады. Жалпы, Мыңбұлақ батырдың жеті атасының қонысы болған тари­­хи мекен. Батырдың өзі айтқан Имаш бабасы да, Мо­мыш әкесі де бұл жерді ен жай­­лаған. Кітапта әкесі Мо­мыш­тың ақындық қасиеті де айтылады. Қызбен болған бір айтысында ол кісі Мыңбұлақты да жырға қосыпты. Жасынан зерек те алғыр батыр Бауыржан мұны өзі­нің естелігінде де айтады. «Біздің ауыл Мыңбұлақ басын ала, басыңдағы орамал жасыл ала. Көңі­лің бізде болса, а, құдаша, біразырақ отыршы қасыңа ала» немесе «Мыңбұлақтың сулары сы­лдырайды, сұлу қыздың бұ­ры­мы бұлдырайды. Құдаша деп сыртыңнан құмартушы ем, ескер­гей­сің ендігі біздің жайды», деген өлеңдер де әйгілі Мыңбұлақтың қа­сиетті мекен еке­нін меңзесе керек.

Сол Орақ-Балғаның ескі жұр­­тының батыс тұсында Мо­мыш бұлағы бар. Кезінде мұн­да Мың­бұ­лақтағы әр бұлақ басына киіз үй тігілген деседі. Мың­бұлақтың бір тармағы Момыш бұлағына да Момыш әуле­тінің киіз үйі тігіліп, батыр Бауыр­жан­ның балалық ша­ғы осы жерде өткен делінеді. Мо­мыштың өзі де тегін адам болмаған. Әкесі туралы жазушы «Ол кезде біздің елде хат жазып, қара танитын адам некен-саяқ. Молда дейтін мол­да­лардың өзі құ­ранның о жер, бұ жерінен шала-шарпы жаттап алғаны болмаса, нағыз дүмшелер. Ал Момыш болса, өз бетінше тырмысып са­уа­тын ашқан кісі, сонысымен бүкіл аймақ­қа әйгілі, сыйлы адам еді», деп жазады. Бүкіл ел қа­дір­­леген азаматтың атымен бір бұ­лақтың аталмауы мүмкін емес еді. Момыш бұлағы өзінің бас­тауын таудың етегінен алады. Бұлақтың суы шағын ғана. Ал Момыш бұлағының батыс шетінде Есдәулет бұла­ғы деген де бұлақ бар. Бұл күнде Момыш бұлағы «Рухани жаң­ғыру» бағ­дар­ла­масының «Қа­зақ­станның киелі жер­ле­рі­нің географиясы» жобасы аясында Қазақ­станның өңірлік қасиетті нысан­дарының тізі­мі­не алынған.

Көнекөз қариялар бұлақтың көзін ашу Меккеге сапар шегу­мен бірдей сауап болатынын жиі айтатын. Момыш бұлағын сақтауда Жуалы ауданының Құрметті азаматы Аманжол Дүрәлі ақсақал талай жылдан бері мәселе кө­те­ріп жүр. Нәтижесінде бұ­лақ­­тың айналасы қоршауға алы­нып, бұлақ басына стелла қойылды.

 

Жамбыл облысы