Қоғам • 04 Ақпан, 2020

Кәсіпкерлік һәм кайдзен философиясы

1241 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта ТМД елдерінің бизнес кеңістігінде кең таралып, сәнге айналған кайдзен философиясы туралы ондаған кітап шығып, жүздеген мақала жазылды. Кайдзен тек бизнесмендер ортасында ғана емес, өнер мен спортта да бас­ты бағдарға айналғандай. Алайда жапон­дар­дың ортасында ұзақ уақыт болған адам Күн­шығыс ком­панияларындағы кайдзен мен шетелдіктер Жапония­дан көшіріп алған кайдзеннің арасында айырма үлкен екенін бірден байқайды.

Кәсіпкерлік һәм кайдзен философиясы

Қазіргі қазақ қоғамындағы жапон бизнестік философиясының қолданылуы туралы айтсақ, біздегі кайдзен көбінесе тек сөз жүзінде көрінуде. Алдымен «жапон кайдзені басқа елдерге жарай ма?» деген сұрақ төңірегінде ойланып көрейікші. Атауына көп адам қызығатын «кайдзен» деген әдемі ұғым­ды қабылда­мас бұрын «біздің қоғам, қазақ кәсіпкерлері жапондардың іскерлік философиясын меңгере ала ма?» деген сұрақ қойылуы керек. Кайдзен арнайы курстары оқумен сіңіп кететін оңай нәрсе емес. Оған рухани дайындық қажет. Ал мұндай дайындыққа уақыт кетіру іс бастаған қазаққа ұнай ма?!

Жапониядан басқа кайдзенді бағдар еткен елдер кәсіпкерлері­нің бәрі бірдей бұл терминнің мәнін толық түсі­неді деу­ге болмайды. Кайдзен курсын оқыса да кайдзенге қарсы әрекет ететін, оны тек сән үшін пайдаланатын кәсіп­керлер бар. Бұл мақалада «Шын кайдзен қандай болады?» деген сұрақ төңірегінде ойымызды ортаға салмақпыз.

 Кайдзеннің кең таралуына не кедергі?

Иә, кайдзен деген сөз кәсіп­кердің бәрі­не таныс. Бірақ оның шын мәнін түй­сі­нетіндер аз. Кайдзен сөзіндегі «кай» иеро­глифі жаңару деген мағы­наны білдірсе, «дзен» туралық, шебер­лік, кіші­пейілдік, адалдық, же­тілу, жақсы­лық деген мәнге ие. Кайдзен филосо­фия­­­сы – Жапо­нияда ІІ дүниежүзілік со­ғыс­­тан кейін күйреген ел экономи­ка­сын қалпына келтіру кезеңінде алғаш рет қолданысқа енген тәжірибе. Бірақ жа­пон­дардың әрбір сәті кайдзен, күн­делікті тіршілігі мінсіз әрекет етіп, жетілу жолында тоқтаусыз еңбек етуден құралған. Жапондар «біз кайдзенді ұстанамыз» деп дауыс­тап айтпайды. Белгілі бір саланы мінсіздік деңгейіне дейін игеріп, қоғамға осы арқылы пай­да келтіруді әр азаматы өзіне мақ­сат етіп қойған.

Бизнес тұрғысынан бағам­дасақ, жапон кәсіпкері үшін басты мақсат табыс көзін ұл­ғайтып, жеке қаржы қорын молайту емес, алдымен тұтыну­шының көңі­лінен шығу. Тұ­тынушыға ұнайтын тауар өндіру арқылы қоғам дамуына үлес қосу – жапондық бизнестің негізгі ұстанымы. Кайдзенді Жапониядан басқа елге насихаттап жүрген шетелдік тренерлер бұл философияны көбі­несе «кәсіп­кер­дің табыс көзін ұлғайту мақсатында» пай­да­лануды ұсынады. Ал бұл жа­пондық бизнес философиясына қайшы. Мәселен, Орталық Азия елдерінде кайдзеннің Жапо­ния­дағы сияқты толық енбеуіне «кәсіпкерлік адамның қара бас пайдасына қызмет етуі керек» деген сыңаржақ түсі­нік кедергі болып отыр. Бізде кәсіпкерлік дегеніміз негізінен қолында қаржысы бар тұлға­ның бизнес ашып, топ адам оған қызмет етіп, түскен пайда­ның көп бөлігін осы істің иесі иеленіп, қалғаны жұмысшылар жалақысына жұмсалады деген түсінік қалыптасқан. Яғни бізде бизнесмен мен жұмысшының табысы бірдей емес, топ менеджер мен қатардағы қызметкердің әлеуметтік жағдайын тең қоюға болмайды.

Әрине, еліміздегі ортақ та­быстың тең бөлінбеуі жалпы экономикалық ахуалға байланысты, оған кәсіпкерлер кінәлі емес. Кайдзен біздің қоғам­да өз деңгейінде жүзеге аспаса, бұл халықтың әлеуметтік теңсіздік жағдайында өмір сүруіне қатысты. Мысалы, бізде қарапайым жұ­мыс­­шының отбасы бастықтың отбасы сияқты жыл сайын шетелге саяхаттай алмайды. Шетел тұрмақ еліміздегі демалыс орындарына баруды екінің бірінің қалтасы көтер­мейді. Ал Жапонияда қара­пайым жұ­мысшының ірі кәсіпкермен тең деңгейде қымбат көлік сатып алуына, шетелде демалуына жағдайы бар.

 Бізге кайдзен керек пе?

Бұл сұрақты соңғы кезде Ресей кәсіпкерлері жиі талқылап жүр. Кейбір бизнесмендер «кайдзен Ресей бизнесі үшін нағыз керек нәрсе» десе, арасында «біздің менталитетке сай емес» деп баға берушілер де бар. Кейбір Ресей сарапшылары «бізде кайдзеннің жүзеге аспайтын себебі, жұмысшы мен топ менеджердің айлық табысы арасындағы алшақтықта» деген пікір айтады. Бұл тұжырым қазақ қоғамына да тән.

Қазақстандағы кайдзенмен байланысты жиынның бірінде кайдзен тренинг курсын бітіріп, сертификатын алған бір зауыт басшысы «Менің жұмысшыларым «Кайдзен, кайдзен дейді? Біз қолмен ұстап, көзбен көрмесек, оның несі кай­дзен?» деп сынағанын, өзінің басшы ретінде жұмысшыларға қолдан келген жағдайды жасап отырғанын айтып ақталды. Яғни басшысы арнайы курс оқып, зауытқа кай­дзенді енгізсе де, жұмысшылар жаңа жүйені «көрмейді» екен. Егер жұ­мыс­шының бір нәрсеге көңілі толмаса, демек кайдзен бұл мекемеге әлі толық енбеген деген сөз. Өйткені бизнесті үздіксіз жетілдіру жолында ұжымдағы әр адам рухани толымдылық­ты сезінуі керек. Қызметкер­лері бір-бірін алакөздеп, жұ­мыс жағдайына көңілі толмай, наразы күйде жүрген мекеменің есігінен кайдзен ешқашан аттап баспайды. Кайдзеннің бір шарты – ысырапсыз өндіріс. Өндіріс артық шығынсыз болуы үшін бүкіл ұжым беріліп еңбек етуі керек. Яғни басшыдан бас­тап қара­пайым жұмысшыға дейін өз ісін жақ­сы көріп істесе, өндіріс алға басады. Жапо­ния­да компаниялардың басым бөлігі – бірнеше жүз жылдық тарихы бар іргелі өндіріс орындары. Бұл елде ғасырдан артық жасаған 100 мың компания бар. Соның бірі – 578 жылы құрылған «Коң­гогуми». О баста ғибадатхана жөн­деу­мен айналысқан компания бүгінгі таң­да құ­рылыс нарығында өз орны бар меке­ме­нің бірі саналады. Жапонияда жүздеген жыл­дық тарихы бар көне компанияларды шинисэ деп атайды. 3 мыңнан астам ком­пания осындай мың жылдық тарихқа ие. Бұл көрсеткіш Германияда – 800, Гол­ландияда – 200, АҚШ-та – 14 екен. Яғни кайдзен бүгін пайда болған филосо­фия емес, жапонның ежелгі ұлттық бол­­мы­сында бар дүние. Бұл ұғымның не­гізі әр нәрсенің Құдайы бар деп білетін, қор­ша­ған ортаға зиян тигізбеуге тәр­бие­лей­тін шин­тоизм дінінде жатыр.

Немқұрайдылық – басты жау

Енді біздің қоғамда кездесе­тін көрі­ністен мысал келтірейік. Бір мекеменің бастығы есепші­мен бірігіп, қаражат­тың көп бөлі­гін иеленіп, коттедж салып алған­да «жұмысшыларға толымды еңбекақы төлемедім, менің балаларым зәулім үйде тұрады, ал жұмысшымның отбасының жағдайы төмен» деп ойламайды, әрине. Ол ең алдымен төңірегі­нің материалдық жағдайын қамдайды. Демек, мұндай бастықтың мекемесіне кайд­зен жоламайды деген сөз. Ал бас­шы­­сының аста-төк тұрмыс кешіп, өзі­­­нің отбасы азғантай жалақыны шай­ға әрең жеткізіп отырғанын көрген жұ­мысшы ысырапсыз өндіріс қағидасын ұс­танып, ұжымға адал еңбек ете ме? Бас­шысы мен қызметкері бір-біріне сен­бей­тін, әрқайсысы өз қамын ойлайтын ұжымға кайд­зенді қалай тықпаласаң да қабылдамайды. Мұндай меке­менің басшысы кайдзеннің атасы саналатын Масааки Имаи­дің кітабын он рет оқыса да еш өзгеріс болмайды. Жапондар үшін маңыздысы – ұжым­дық сана. «Тек өзім үшін» деп емес, ұжым болып бірігіп, қоғам дамуы­на пайда келтіру.

Жоғарыда айтқанымыздай, кайдзен философиясының негіз­гі ұстанымы – тұтынушының көңілінен шығу. Яғни Жапонияда кәсіпорындар тұтынушы үшін еңбек етеді. «Алмаса қойсын, басқа біреу сатып алады» деген немқұрайдылық кайдзен­ге тән емес. Еліміздегі азық-түлік өндірісінен мысал келтірсек. Бізде кейде әйгілі нан зауыты шығарған бөл­кеден де қыл-қыбыр шығып жатады. «Ұсақ-түйекті даулап уақыт кетір­мейін» деп, мұндай келеңсіздікке көз жұма саламыз. Ал осы қыл-қыбыр, тас қиыр­шығын байқамай жұ­тып жатқан тұтыну­шы­лар бар ғой. Азық-түлік өндірі­сін­дегі немқұрайдылық қаншама адам­ның ден­сау­лығына зиянын ти­гізуде? Ал жапондар өндіріс про­цесінде басқалар ұсақ-түйек деп елемейтін нәрселерге жіті мән беріп, мұқият тексере­ді. Әлем­­дегі ең ұзақ жасайтын, ден­­­сау­­лығы мықты ел санатына енуі бір жағынан кайдзен филосо­фиясына деген беріктікте деп білемін. Жапонның кайдзен философиясын ұстанушы компа­ния­лары ұлт денсаулығын сақтап қалуға үлкен үлес қосып отыр.

Бәрі тазалықтан басталады

Кайдзен қағидаларында көр­сетілген тазалық жапон қоғамы үшін ең маңызды аспект. Әр жапонның жұмыс күні таза­лық­тан басталады. Бұл елде қоғам­дық қыз­мет мекемелері таң ата ме­ке­менің іші-сыр­тын жуып-ша­йып, басқа шаруаға сосын кіріседі.

Жалпы, жапондар – әлемдегі ең таза халық. Ар тазалығы ежел­гі самурай кодек­с­­терінде жа­зыл­ған басты ілім. Кайд­зен фи­лософиясы бойынша адам­ның жұмыс орны ғана емес, санасы да таза болуы керек. Сонда жұ­мыс жақсы жү­ре­ді. Мекемедегі әрбір қажетсіз зат, тіпті шаңы сүртілмеген терезе, ұзақ жыл­­дар сыланбаған қабырғаға дейін адам­­ның жұмыс істеуге деген ұмты­лы­сы­на кедергі болады. Ретті, таза орын­да адамның жұмыс қабілеті артады. Кайдзен философиясы бойынша жұ­мыс орнына аяқ басқан адам сырттағы мәсе­­ле­лерді ойламауы керек. Әрдайым бала-шаға, туған-туыс мәселесін ойынан шы­ғар­майтын қазақ үшін бұл қиын-ақ. Сон­дықтан жуық арада кайдзен біздің қоғам­ға түп-тамырымен сіңіп, барша қазақ жапондық стильмен әрекет етуге көшеді деу қиын. Әр елдің кәсіп­кер­лік жүйесі жергілікті халықтың мен­тал­итетіне байланысты екені белгілі. Әрине дамыған елдің жақсысын үйрену­д­ен қашпауымыз керек. «Бұл біздің қолы­мыздан келмейді» деп қарап отыру­ға болмас. Шын кайдзенді игергісі келген адам осы сөзді құрап тұрған иерог­лиф­тер­дің мәніне сай әрекет етсе болғаны...

 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы