Абай • 05 Ақпан, 2020

«Құнанбай» – құнды кітап

867 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл басынан басталған қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында ұйымдастырылып жатқан сан алуан бағыттағы тағылымды шаралар легі әсте толастамақ емес. Керісінше, ақын мұрасын терең зерделеуге бастайтын өнегелі, өрісті істер өзінің мазмұндық мәнімен руханият қоржынына мол олжа салуда. Соның бірі – «Құнанбай» кітабы.

«Құнанбай» – құнды кітап

Кеше елордадағы Ұлттық акаде­миялық кітапханада Мәскеу­дің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен жарық көрген ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты зерттеу еңбегінің тұсауы кесілді. Халықаралық Түркі академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы және Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдастырған айтулы шараға Парламенттің қос палатасының депутаттары, ғылыми қауым, білім және мәде­ниет саласының өкілдері, қалам­герлер мен жастар қауымы қатысты. Кітап кешін Пар­ла­мент Мәжі­лі­сінің депутаты Нұрлан Дулатбеков жүргізді.

«Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тари­хын­дағы еңбегін ұмытпауымыз қажет». Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей өңіріне жасаған сапарында айтқан осы бір ойы Абай әлемін тануға ұмтыл­ған кез келген зерттеуші, оқыр­ман үшін теңдессіз рухани азық екені сөзсіз. Бұл – абайтану атты алып мұхиттың бөлінбес бір арнасы.

– Жаңа 2020 жыл жақсы жа­ңа­лық­тармен басталды. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәскеудің әйгілі баспаларының бірінен «Құ­нан­бай» атты кітабым жарық көріп отыр. «ЖЗЛ» немесе «Өне­гелі адамдар өмірі» сериясымен жа­рияланған бұл еңбегімнің жанрын көркем-ғұмырбаяндық  ізденіс деуге келеді.  Құнанбай – Ресей империясы тұсында би және болыс бола жүріп, елі үшін талай маңызды істерді атқарған адам. Сондықтан зерттеушілер мен жұртшылық тарапынан оның тұлғасына қатысты қарама-қайшы пікірлердің болуы заңдылық, – дейді ұлт және әлемдік руханият тарихында үлкен орны бар қазақ тұлғасы туралы толымды еңбектің авторы Ерлан Бәтташұлы.

Иә, жасыратыны жоқ, кеше­гі ке­ңестік цензура дала билеу­шісі, «қарадан шығып хан бол­ған» Құнанбай туралы теріс пі­кір қалып­тас­тырды. Көркем әде­биетте жа­ғымсыз кейіпкер ретінде танылды. Бірақ бұл белгілі бір сая­си кезең тудырған шарасыз­дық еді. Бүгінде құнанбайтану әле­мі жаңа, тың бағыттағы әділет­ті зерттеулерге зәру. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Алғаш­қы талпыныс жасалып, түрлі бағытта там-тұм зерттеу жүргі­зіліп, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың режис­серлігімен «Құнанбай» атты көркем фильм де түсірілді. Бірақ мұның барлығы тұлға табиғатын тануға толыққанды дәру бола алмақ емес. Алда әлі де жүйелі, тыңғылықты ізденістерге сұра­нады. Өйткені Абай әлемін тану­дың басы, негізгі қайнар бұлағы  ең әуелі ақынның туып-өскен ортасы, алған тәлімі, тегі мен тамырын танудан басталары сөзсіз.

Расымен де, Құнанбай бейне­сін көркем әдебиетте суреттелген кейіпкер болмысынан алшақ әкетіп, өзі өмір сүрген замандағы халқы үшін жасаған жарқын іс­тері мен шынайы өмірдегі болмы­сына үңілетін болсақ, қатыгез Құ­нан­бай емес, қайраткер Құнан­байдың мәрт тұлғасын танимыз. Құнанбай бабамыз ел билеген әділетті де беделді әкім ғана емес, мұсылманның бес парызын мүлтіксіз атқарған мүмін кісі болған. Бұған дәлел  –  ол кісінің қажылық жолмен қасиетті Меккеге барып, онда мұсылман елдерінен барған адамдар түсетін «Үй-Тақия» («Тәкие») қонақүйін салғызуы және Қарқаралы қаласында мешіт қабырғасы қа­ла­нуына тікелей мұрындық болуы. 

Бұл дерек қазақ топырағына жер аударылған әйгілі поляк зиялысы Адольф Янушкевичтің саяхат күнделігінде тіпті байи түседі: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақ­тарға қатысты ресейлік устав­тарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би жә­не өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады... Ал бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды», –  деп таңғалады ақын. 

Академик Ерлан Сыдықовтың зерттеуінде осы және бұдан да бөлек бұрын айтылмаған тың деректер келтіріледі. Құнанбай тұлғасын жаңа заман биігінде танып, бедерлеуге бағытталған тыңғылықты һәм жаңашыл талпыныстар байқалады.

Айтулы еңбектің таныстыры­лымына мемлекет және қо­ғам қайраткері, филология ғылым­дарының докторы, жазушы Мыр­­затай Жолдасбеков, Сенат депу­таты, белгілі журналист Нұр­­­төре Жүсіп, Парламент Мәжі­­­лісінің депутаты, профессор Са­уытбек Абдрахманов, ғалым-зерттеушілер – Намазалы Омашев, Бауыржан Омаров, Тұр­­сын Жұртбай, Дархан Қыдыр­әлі, Өмірзақ Озғанбай, жазу­шы-ақындар – Роза Мұқа­нова, Аман­жол Әлтаев бастаған қазақ руханият әлемінің белгілі қаламгер тұлғалары қатысты.

– Әлем әдебиеті талабына сай таразылайтын болсақ, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай бейнесі ең сәтті шыққан кейіпкерлердің бірі. Құнанбай арқылы жазушы адам жанының терең қатпарларын шебер жеткізеді. Сол дәстүр Ерлан бауырымның зерттеуінде де сәтті жалғасын тауыпты. Екпін түсірілуі керек тұстарды тап басып танып, соған оқырман назарын жақсы аудартады. «Құнан­бай» еңбегі сонысымен бағалы», – деген жазушы Сауытбек Абдрах­мановтың пікірін әрі қарай Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жал­ғады: «Бұл еңбекті ал­дағы уақытта қазақ және орыс мектептерінің бағдарламасына теңдей енгізіп, оқыту керек. Сол арқылы жастарымызды Абай әлеміне терең бойлата аламыз, – деді сенатор.

Халықаралық Түркі академия­сы­ның прези­денті, тарихшы Дархан Қыдырәлі де «Құнанбай» еңбегінің көр­кемдік деңгейін жоғары бағалады: – Кітаптан Құнан­байға қатысты бірнеше жұмбақ­тың шешімін табуға болады. Соның бірі – Кеңгірбай образы. Кезіндегі кеңес­тік кезең­нің солақай саясаты салдарынан лайықты бағасын алмай, өз дең­гейінде айтылмай, жазылмай келген Кеңгірбай бейнесі көркем әдебиетті айтпағанда, опера мен драма театрларында жағымсыз кейіпкер ретінде күні бүгінге дейін біржақты суреттеліп келеді. Тұлға туралы бұл еңбекте осы олқылықтың орны толып, Кеңгірбай би образы әділетті бағаланып, жан-жақты қырынан жақсы ашылыпты, – деп жылы лебізін жеткізген ғалым айтулы кітаптың алдағы уақытта бірнеше тілге аударылатындығын сүйіншіледі. Бұл да, сөзсіз, абайтану ілімі ауқымын кеңейтіп, келешекте хакім мұрасы дүние­жүзілік мазмұн-мәнге ие болатын­дығын айқын аңғартса керек.  Ал Ресей аудиториясына жол тартқан бүгінгі «Құнанбай» еңбегі әдебиетіміз бен тарихымыздың қымбат қазынасына айналып, ұлт руханияты үшін шын мәніндегі үлкен олжа болады деп сенеміз.