Бүгінде Қытай еліндегі індетке әлем үрке қарауда. Егер, оны талдап қарасақ, бұл бірінші індет емес. Тарихта мұндай індеттер оқтын-оқтын болғаны да белгілі әрі оның себебі неден екені айдан анық. Бұған мән бермеушілік танытып, оған жеңіл қарамау керек. Әрине тиісті сақтық шараларын қолданған абзал.
Әйгілі Омар (р.ғ) халифаның тұсында бір елде жұқпалы індет тарайды. Жолаушылап келе жатқан ол (р.ғ) адамдарымен сол індеті бар елді мекенге жақындағанда, қасындағы біреу:
– Я, халифа, тағдыр өзгермейді, пешенеміздегіні көрерміз, осы індетті елге кірейік, – дейді. Омар (р.ғ) оған ілеспей, ауылды айналып өтеді.
Әлгі адамның қайтадан:
– Тағдырдан қашамыз ба? – дегеніне:
– Біз тағдырдан тағдырға кетіп барамыз! – деген екен. Демек, бұдан түйетініміз, ауру-сырқау тағдыр болса, одан сақтану да тағдыр деген сөз шығады.
Бүгінде сақтанатын дүниелер көп. Жеп ішу мен тұрмыс-тіршілікті жағдаяттарда аса қағілездік қажет. Дінімізде тазалық жоғары орынға қойылған болса, рухани тазалық одан да жоғары. Жалпы, тиісті мамандарға жүгініп, кеңесіне құлақ асқан жөн. Негізінде, тазалықты тек індет кезеңінде ғана ұстанып емес, оны өмірлік салтқа айналдырса, құба-құп. Себебі адамның жеке бас тазалығының жоқтығы, тұрмыс-тіршілігінің ретсіздігі, саламатты өмір салтының бұзылуы – індеттің басы. Біле білгенге, «Дін тазалықтың үстінде орныққан» деген хадис те жеткілікті, онда адам ағза мүшесінің тазалығы тәптіштелінген. Яғни азаннан ауыз-мұрынды шайып, дәрет алу – тазалықтың таңы. Қолын жуып, дастарқанға отыру – сүннеті тазалықтың күні. Дәрет алып, өзіне дем салу, Құдайға жалбарыну, дұға оқып жату – тазалықтың түні. Түшкіріп жөтелгенде, есінегенде, ауызды қолмен көлегейлеу – шариғаттың шарасы. Ыстық асқа үрлемеу – микроб таратпаудың жолы. Ал жүрек тазалығы, яғни барша тазалықтың қалыбы. Бастысы, Аллаға тәуекел ету, оған үміт арту, әр уақыт дұға ету. Онымен қоса, үрейге берілмеу, сабырлы болу, ынтымақты болу. Желілердегі негізсіз, әрқилы мәліметтерге, ақпараттарға иланып, оны әркімге таратпау, яғни сақтанғанды Құдай сақтайды.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Аллаһумма инни ағузу бикә минәл бараси, уәл жунуни, уәл жузам, уә мин сәйиил әсқәм», яғни осы дұға арқылы алапес, ессіздік, теріс ой, әртүрлі кеселдерден Жаратқан Аллаға сыйынуды үйреткен. Ал дуалы ауызды бабаларымыз нәпіл құлшылықтарын күшейткен, жамағаттар дұғаларын асырған, ел бірлігін бекемдеген. Бұл кезең жақсылықтардың көбейіп, мейірімділіктің артып, күнәдан қашатын нағыз ұлы мүмкіншіліктің сындарлы сәті.
Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы, имам