Руханият • 06 Ақпан, 2020

Бейбарыстың мешітін реставрациялау биыл шілдеде аяқталады

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев МАР Көне ескерткіштер және туризм министрі Халед Әл-Аннанимен кездесіп, екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастырды.

Бейбарыстың мешітін реставрациялау биыл шілдеде аяқталады

Атап айтқанда, дипломат соңғы жылдары Қазақстаннан Шарм аль-Шейх пен Хургадаға тікелей чартерлік рейстер ашылуының арқасында Мысыр курорттарына келетін қазақстандық туристердің саны едәуір артқанын айтты. Биылдан бастап Мысырда кеңінен жүргізіліп жатқан ақпараттық-жарнамалық кампанияның арқасында мысырлық туристердің біздің елге келуге деген қызығушылығы да артуда. Осыған орай Елші екі ел арасындағы туристік ағымды кеңейту үшін мысырлық әуекомпаниялардың Қазақстанға тікелей әуе рейстерін ашуға қолғабыс беруді сұрады. Х.Әл-Аннани МАР Азаматтық авиациямен бірлесіп бұл мәселені жақын арада шешуге уәде етті. Министрдің айтуынша, қосымша рейстердің ашылуы тек өзара туризмнің өсуіне ғана емес, екі ел арасындағы бизнес қатынастары мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жандануына серпін береді.
Бұған қоса А.Исағалиев Ұлы Дала Елінің даңқты перзенті Сұлтан Бейбарыстың Каирдегі мешітін қалпына келтіру жұмыстарын жаңғыртқаны үшін Мысырдың Үкіметі мен Көне ескерткіштер және туризм министрлігіне зор алғыс білдірді. Қазіргі кезде жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл жобаның бас мердігері – Мысыр мен Таяу Шығыстағы ең ірі Arab Contractors құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, мешітті реставрациялау жұмыстары толығымен 2020 жылғы шілдеде аяқталуы тиіс. Сұлтан Бейбарыс мешіті – Каирдегі айтулы тарихи орындардың бірі. Бұл ғимараттың тұрғызылғанына 8 ғасырға таяу уақыт өткен. Мешіттің ұзындығы – 108, ал ені – 105 метр. Дуал ретінде қаланған тас қабырғаларының биіктігі 11 метрге жуық.

1

2007 жылы еліміз Сирия астанасы Дамаскідегі Бейбарыс Сұлтан кесенесін қайта қалпына келтіруді, осы ежелгі Шам шаһарында даңқты бабамыз әл-Фарабидың тарихи-мәдени орталығы мен кесенесін салуды, мысырлық Каирде Бейбарыс Сұлтан мешітін қалпына келтіруді қолға алып, қаржы бөлді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы шет мемлекеттің аумағында тұрғызылған тұңғыш ірі мәдени объектілеріміз болып есептеледі. Бұл ескерткіштердің барлығы тек Қазақстан, Сирия және Мысыр үшін ғана емес, сондай-ақ, Шығыс және Еуропаның бірқатар елі үшін де зор тарихи-мәдени маңызға ие. Мысырда туындаған саяси-экономикалық ахуалға, революциядан кейінгі күйзелістерге байланысты бұл іс тоқтатылған.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, мешітті реставрациялау жобасының қазіргі жалпы құны 12 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 4,5 миллионын Қазақстан үкіметі кезінде бөлді. Мысыр болса, қоса қаржыландыру мақсатында 100 миллион египеттік фунт (шамамен 5,6 миллион доллар) аударған. Қазақстан елшісі Арман Исағалиевтың айтуынша, бас мердігер мен Мысырдың Көне ескерткіштер министрлігі арасында жобаның құнына қатысты бұған дейін болған даулар Мысыр премьер-министрінің жеке араласуы арқасында шешімін тапты.