Аймақтар • 07 Ақпан, 2020

Айдарлының айдағаны бес ешкі емес

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Мойынқұм ауданының «Айдарлы» кең­шары кешегі Кеңес одағы кезінде 30 мыңнан аса қой-ешкі, 1 мың басқа жуық мүйізді қара өсіріп, 3 мың гектардан аса жерге жүгері, арпа өсірген іргелі шаруа­шылық болатын. Алайда кейін шаруашылық тарап, нарық қыспағы бұл ауылды да айналып өтпеді. Сол жылдарда каналдарды қайыр басып, егістікке су келмегеніне 20 жылдан асты.

Айдарлының айдағаны бес ешкі емес

Алайда, 2018 жылдың күзінде Мойын­құм ауданының әкімдігі суармалы егістікті қолға алып, жеке иелікке кеткен каналдарды қайтарып алды. Осының нәтижесінде 9 канал тазаланып, округ бойынша 1515 гектарға егін егілді. Диқандарға жеңілдікпен тұқым берілді. Яғни, ел ішіне сумен бірге береке келді. Бітік өскен жүгері, арпаны оруға комбайндар сатып алынды. Ала жаздайғы еңбек зая кетпеді. Ауыл бойынша 300 гектарға жүгері, 140 гектарға арпа және басқа да дақылдар егіліп, мол өнім алынды. 900 гектар жоңышқа 4 мәрте орылды. Қазір Айдарлының айдағаны бес ешкі емес, тұрмысы бақуатты, ауылдағы мүйізді ірі қара саны 2520-ға, қой-ешкі 12509-ға, жылқы 807-ге жетті.

Енді Айдарлы ауылынан Жамбыл облысы­ның әкімі Асқар Мырзахметовтің «Қосалқы шаруашылық – ауыл адамдарының табыс көзі» деген өңірді дамыту, елдің әл-ауқатын арттыру жолындағы бастамасына 318 аула қатысып отыр. Ауылда 365 аула болса, олардың үй ірге­сіндегі жер көлемі 58 гектар. Олар үй ірге­сіндегі жердің 33 гек­тарына картоп, 25 гек­тарына қызанақ екпек. Мал, егін шаруа­шы­лы­­ғына қатысушы аулалар да аз емес. 2019 жылы жүгері еккен 4 шаруаға мемлекеттен 138 мың теңге субсидия берілді. Жобаның екінші бағыт­ы бойынша ауыл халқының қолын­дағы ірілі-ұсақты 2664 бас малға, тағы осындай 1878 бас асыл тұқымды мал сатып алу көзделіп отыр.

Жобаның төртінші бағыты бойынша Мейірхан Шалқар­беков басқаратын «Айдар­лыАгро-2019» кооперативі сатып алы­натын техникаларға тапсырыс беріп қойды.

– Өткен жылы біздің ауыл ғана емес, аудандағы егістікпен айналысатын ауылдар үшін жақсы жыл болды. Жиырма жылдан кейін ауылға су келіп, жүгері, арпа, қауын-қарбыз ектік, жоңышқалықтың көлемін ұлғайттық. Бұл үшін аудан әкімдігіне алғыс айтамыз. Биыл егістік көлемін ұлғайтатын боламыз. Ауданға комбайн алынатыны дұрыс болған екен. Себебі биыл арпа егушілер көп болады, – дейді бұл жөнінде еңбек ардагері Бүйенбай Қозиев.

Енді берекелі ауылдың тұрғындары арық­тарды, үлкен каналды тазалау туралы бастама көтеруде. Ал Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев ауыл тұр­ғындарымен өткен кездесуде алдағы уақытта Айдарлыда 90 орындық клуб салы­нып, бір көше асфальтталып, 2 көшеге жарық орнатылатынын айтты.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист

Жамбыл облысы