30 Наурыз, 2010

БІРЛЕСІП АТҚАРАР ЖҰМЫС КӨП

604 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мәскеуде ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті Жапонияға сапарын сәтті аяқтаған ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті мәжілісіне қатысу үшін тікелей Мәскеуге келді. Ресей астанасында өткен басқосуға Қанат Саудабаевпен қатар, Әзірбайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров, Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Эдвард Налбандян, Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік сыртқы істер министрі Қадырбек Сарбаев, Молдова Республикасы Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Попов, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Махмуджон Собиров, Түркіменстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Вепа Хаджиев, Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Бахти¿р Исламов, Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенко және ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты. ТМД-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің осы жолғы отырысында жиырмадан астам мәселе қаралды. Олар мем­лекет­ара­лық ынтымақтастықты гумани­тар­лық салада, қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуде және халықаралық қатынастарда дамытып, тереңдетуге арналды. Басқосуда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев сөз сөй­леді. Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы лауазымында 100 күн болуының өзіндік бір қоры­тындысын шығарған сөз іспеттес болды. Қ.Саудабаев әуелі өзінің әріптестеріне, тұтастай алғанда, Достастық елдеріне Қазақстан төрағалығына дәйекті қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Отанымыздың ЕҚЫҰ-ның негіз қалаушы қағидаттары мен құндылықтарына адалдық танытып келе жатқанын, сондай-ақ Ұйымды одан әрі нығайта түсу мақсатында ТМД-дағы прагматикалық және өзара тиімді байланыстарды дамытуға әркез дайын екенін атап көрсетті. Қазақстан сыртқы саясат ве­дом­ствосының басшысы үстіміз­дегі жылдың 14 қаңтарында Венада өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жариялап, онда төрағалықтың қағидаттары мен басымдықтарын жария еткенін, солардың негізінде өзіндік бір “жол картасы” жасалғанын еске салды. Қанат Бекмырзаұлының пікірінше, қазақстандық төрағалық­тың бір ерекшелігі – Венадағы тұрақты консультациялар арқылы Ұйым аясындағы үдерістерге мүм­кін­дігінше барлық қатысушы мем­ле­кеттерді тарту болып табылады. Ал бұл өз кезегінде шешім қабыл­даудың консенсустық қағидаларын есепке ала отырып басымдықтарды ілгерілетуге айтарлықтай жәрдем жасайды. – Бізге Ұйымды “сілкілеп” алудың сәті түсіп, соның нәтиже­сінде мәселелердің кең ауқымы бойынша, оның ішінде ТМД-дағы әріптестеріміздің ұстанымдарына жауап беретін мәселелер бойынша да тақырыптық пікірталастар қанат жайды. Осыған байланысты Дос­тас­тық форматындағы консульта­ция­лардың тығыз режімін жалғас­ты­рудың маңызы зор деп санай­мыз, – деді өзінің сөзінде Қ.Саудабаев. Қазіргі таңда ЕҚЫҰ алдында жаңа қыр көрсетулер мен қауіп-қа­терлерге байланысты стратегиялық бағдарлар жасау сияқты маңызды міндеттер тұр. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміз­дегі жылы ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы бастамасы бірінші кезекте осындай қажеттіліктерден туын­дап отыр. Қанат Бекмыр­за­ұлы­ның сөзіне қарағанда, жоғары деңгейдегі кездесудің басты тақы­рып­тары туралы қазірдің өзінде әң­гіме қозғауға болады. Біріншіден, олар Ресей Президенті Дмитрий Мед­ведевтің ұсынысын қоса алған­да, Еуропа қауіпсіздігінің жаңа ар­хи­тектурасының мәселелері болуы ықтимал. Екіншіден, 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту жөніндегі шешім. Ұйымға мүше мемлекеттер ортақ көзқарас таныта алған жағ­дай­да бұл мәселені де оң шешуге мүм­кіндік бар. Үшіншіден, сын­дар­лы сипатқа ие болып отырған ауған проблематикасы және төртіншіден, толеранттылық пен мәдениетара­лық үнқатысу аспектілері. Қазақстандық төрағалық ЕҚЫҰ тұғырнамасында Еуропа қауіпсіз­ді­гінің болашағы туралы үнқатысуды дамытуға шешуші рөл береді. “Корфу процесінің” құндылығы сонда, ол барлық мүдделі жақтар­дың идеяларын жаңа қауіпсіздік жүйесінің өмір шындығына жауап беретін параметрлері кейпінде бір­тұтас суреттеп қана қоймай, жал­пы­ландыруға да мүмкіндік туғыза­ды. Осы орайда Қ.Саудабаев “Кор­фу процесінің” аралық нәтижесін сыртқы істер министрлерінің Ал­ма­тыда ұйымдастырылатын бейресми кездесуінде талқылау жоспарланып отырғанын айтты. Қазақстан, сонымен қатар, со­зыл­малы жанжалдарды реттеу үде­ріс­теріне өзіндік үлес қосуға ұмты­лыс танытып отыр. Мәселен, атал­ған мақсатта Іс басындағы төраға ақ­пан айының орта шенінде Оңтүс­тік Кавказ республикаларын аралап қайтты. Оның барысында жергілік­ті жерлердегі, яғни жанжал аймақ­тарындағы жағдайлармен жақын танысып, тараптардың ұстаным­дарын айқындауға қол жеткізілді. – Таулы Қарабақ жанжалын “Мадрид қағидаттары” негізінде бейбіт реттеу аясында біз ЕҚЫҰ-ның Минск тобы жұмысына ба­рын­ша ықпал ететін боламыз және 2010 жылдың барысында Астанада Әзір­бай­жан мен Армения басшы­ла­рының кездесуін өткізуге дайын­быз, – деді сөз ретінде Қанат Бекмырзаұлы. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі төрағалықтың келесі бір басымдығы – Ауғанстанды тұрақтандыру мен қайта құруға қа­тыс­ты айта келіп, ТМД – ЕО және Ресей – АҚШ/НАТО форматын­да­ғы ынтымақтастықтың оң үрдіс­теріне қанағат сезімін білдірді. Атап айтқанда, Ауғанстанға Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстан аумақтары арқылы, яғни “Сол­түстік бағыт” бойынша жүк жеткізу үдерісі толық күшінде жұмыс істей бастады. Мұның Ауғанстандағы қауіпсіздікке ықпал етіп жатқан халықаралық бітімгершілік күштері үшін маңызы зор. Сондай-ақ Ауғанстаннан жеткізілетін есірткіге қарсы күрес пен тұтастай алғанда, аяқталмайтын соғыстан зәрезап болған осы елді оңалту бойынша күш-жігер жұмсап келе жатқан халықаралық күштердің ҰҚШҰ мен НАТО шеңберінде нақты ынтымақтастығы қажет екендігіне екпін түсірілді. Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ аясындағы осы жылдың шешуші шаралары қатарында үстіміздегі жылдың қа­зан айында Астанада өтетін Тер­роризмнің алдын алу жөніндегі конференция мен шілде айында Венада ұйымдастырылатын есірт­кі­ге қарсы конференцияны атады. Бұған қоса, ауған проблематикасы мамыр айында Алматыда өтетін “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” Трансазиялық парламентшілер форумының күн тәртібіне енгізілген. Қазақстан сыртқы саясат ве­домствосының басшысы ТМД Атқару комитеті жетекшілерін жо­ғарыда аталған шараларға қатысуға шақырды. Өйткені, мұның өзі мүдделі халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ЕҚЫҰ мен ТМД-ның да, арасындағы күш-жігерді үйлестіруге жасалған соны қадам болып табылар еді. Қанат Бекмырзаұлының сөзін Достастықтағы әріптестері үлкен қызығушылықпен тыңдады. Ал ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісінде, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жиырмадан астам мәселе қаралды. Сөз ретінде Кеңеске биыл Ресей Федерациясы төрағалық етіп отырғанын да айта кетейік. Биыл 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл толады. 2010 жыл ТМД аума­ғында Ардагерлер жылы деп жа­рия­ланғаны белгілі. Осыған орай сыртқы істер министрлері Достас­тық елдері Мемлекет басшылары­ның соғыс ардагерлеріне, тыл ең­бек­керлеріне үндеуін бірінші ке­зекте талқылады. Бұл құжатқа пре­зи­денттер 8 мамырда Мәскеуде өте­тін бейресми кездесуде қол қоя­ды деп күтілуде. Осы жәйт арда­гер­лерге деген құрметтің бір көрінісі болатыны да сөзсіз. Сондай-ақ ТМД елдерінің ардагерлер ұйымы алдында тұрған қоғамдық маңызы зор әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған шаралар жоспары қа­рал­ды. Бұл шаралар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция­лар, ерлік сабақтары мен тақырып­тық кештер өткізуді, Жеңістің 65 жылдығына орай “Баршаға ортақ жеңіс” жинағын шығаруды, Дос­тастық елдеріндегі ардагерлердің әлеуметтік құқықтары мен мүдде­лерін қорғау бойынша жұмыс тәжірибелерін таратуды көздейді. Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Отанымыздың ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыруға бағыт­тал­ған және Ұйымның ТМД-мен өзара іс-қимылын одан әрі кеңей­туге арналған күш-жігерін қолдау­ды қарастыратын “Қазақстан Рес­пуб­ликасының Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мын­дағы төрағалығы туралы” ше­шім жобасы жеке бөлім ретінде қаралды. Ресей тарабы Еуропадағы қауіпсіздік туралы шарт жобасын ұсынды. Ол Еуропадағы қауіпсіздік жүйесін бүгінгі өмір шындығына сәйкес жаңаша қалыптастыруды мақсат тұтады. Министрлер Ресей­дің бұл бастамасына қолдау білдірді. Кеңеске қатысушылар ТМД Атқару комитетінің 2007 жылдың 5 қазанында қабылданған ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың барысы туралы ақпаратын да тыңдады. Өткен кезеңдерге арналған шаралардың көпшілігі орындалғаны, бірқатары жүзеге асыру сатысында тұрғаны атап көрсетілді. Қырғызстанның сұрауы бойын­ша сыртқы істер министрлері өз­дері­нің арнайы шешімдерімен үс­тіміздегі жылы Ыстықкөлде Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығының халықаралық спорт ойындарын өт­кізуге қолдау көрсету жөніндегі ұсынысын бекітті. Алдағы 2011 жылы ТМД құрыл­ғанына 20 жыл толады. Осыған бай­ланысты Мәскеу мәжілісіне қатысушылар Достастықтың мерей­тойына арналған іс-шаралар жоспарының жобасын қарады. Онда алдағы жылы көптеген іс-шаралар, атап айтқанда, ғылыми-тәжірибелік мәслихаттар, экономи­ка­лық және бизнес-форумдар, жастар және спорт кездесулері мен фестивальдер, ғылыми және шы­ғармашылық интеллигенцияның форумын, сондай-ақ басқа да бір­қа­тар іс-шаралар өткізу жоспар­ла­ныпты. Бұлардың да Достастық елдері халықтарын жақындастыра түсуге қызмет ететіні күмән туғыз­баса керек. ТМД елдері сыртқы істер ми­нистрлері кеңесінің кезекті мәжілісі алдында Қанат Саудабаев екіжақты кездесу өткізді. Оның біріншісі қырғызстандық әріптесі Қадырбек Сарбаевпен болды. Кез келген мүмкіндікті мүлт жібермей, кезде­сіп жүреміз. Жалпы, біз Қырғыз­стандағы оқиғаларды мұқият қарап, бақылап отырамыз, деп сөз бастаған Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы келесі кезекте көрші ел басшылығына Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы­на қолдау көрсеткені үшін риза­шылығын білдірді. Және сұхбат­тасын Алматыда өтетін сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне шақырды. Сонымен қатар, Қ.Саудабаев қырғызстандық әріптесіне ынты­мақ­тастықтың перспективалы ба­ғыттарының бірі ретінде Қырғыз­станның “Орталық Азия – Жапо­ния” үнқатысуына қатысушы еке­нін ерекше бөліп көрсетті. Қазақ­стан­дық сыртқы саясат ведом­ствосы басшы­сының пікірінше, өңір елдерінің интеграциялануы жолындағы кез келген қадам оны ме­кендейтін халықтардың игілігі үшін қажет. Біздің мақсат екіжақты уағда­лас­тықтардың жүзеге асырылуына күш жұмсау болып табылады. Қазақстан басшысының ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бастама­сын қолдаймыз, деді жауап сөзінде Қ.Сарбаев. Кездесуде Қазақстан – Қырғызстан қарым-қатынасының түрлі бағыттары бойынша пікір алмасылды. Украина Сыртқы істер министрі Константин Грищенкомен әңгімеде Қанат Саудабаев әріптесін осы қыз­метке тағайындалуымен құт­тық­тады. Жақында Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Виктор Яну­ковичтің телефон арқылы сөйлес­кенін еске сала келіп, тарихи тамы­ры тереңде жатқан мемлекетаралық ынтымақтастық күш ала түседі деген сенімін білдірді. Қазақстан сыртқы саясат ведом­ствосының басшысы жақын күндер­де Украинаға баратынын, сапар мақсатына орай Мемлекет басшысы­нан тиісті тапсырма алға­нын айта келіп, соңғы жылдары саябырсыған дәстүрлі байланыс­тарды қалпына келтіру екіжақты қарым-қаты­настардың басым бағыты болуы тиіс деген пікірін ортаға салды. К.Грищенко да Қазақстан мен Украина қарым-қатынасы дәстүр­лерге бай екенін атап көрсетіп, ресми Киевтің Қазақстанның бар­лық бастамаларын, оның ішінде ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысындағы іс-қимылдарын да әркез қолдайты­нын жеткізді. Оның айтуынша, Украина қолдау көрсетеді деп үміт артылып отырған ЕҚЫҰ саммиті тек Астанада өтуі тиіс. Біздер екіжақты байланыстардың кестесін жасап, Қазақстан – Украина қа­рым-қатынасын жандандыруға қуатты серпін беретін мәселелерді ыңғайластыруымыз керек, деді Украина сыртқы саясат ведом­ствосының басшысы. Ал ТМД-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы аяқталғаннан кейін Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебе­дев журналистерге арнап қысқаша брифинг өткізді. С.Лавров Кеңесте қаралған мәселелер туралы айта келіп, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына баса назар аударылғанына тоқталды. Сондай-ақ сыртқы саясат мәселесіне қатысты іс-қимылдарды үйлестіру ісіне мән берілгенін атап өтті. Гуманитарлық бағыт, шекара, миграциялық саясат, құқық қорғау салаларындағы іс-қимылдарды реттеп отыру жайын жан-жақты талқыладық. Келесі жылы ТМД-ға 20 жыл толады. Осыған орай да ортақ атқарылатын жұмыстар мәселесін қарастырдық. Оның ішінде ТМД-ны одан әрі қарай дамытудың тұжырымдамасы да бар, деді Ресей сыртқы саясат ведом­ствосының басшысы. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты қойылған сұраққа жауабында С.Лавров былай деді: “Қазақстанның Ұйымдағы бастамаларын Достастық елдері толықтай қолдайды. Өйткені, бәрі де халықаралық қоғамдастық үшін маңызды мәселелер болып табы­лады. Өкінішке қарай, кейбір мем­лекеттер ЕҚЫҰ-ны өз мүдделеріне қарай бейімдегісі келеді. Бірақ, Ұйым ешқашан өзінің қағидат­та­рынан ауытқымауы, ешкімнің ығына жығылмауы тиіс”. Самат МҰСА.