«Жатқанға жан жуымас» деген қағиданы бала жасынан берік ұстанған тараздық Қадір ака біздің газетіміздің оқырмандарына осыдан бірер жыл бұрын Елбасына өз ауласында өсірген жүзімдері мен гүлдерінен жинақталған бейнекассета мен фотоальбом жіберіп, амандық тілеп жолдаған хаты арқылы таныс. Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков қол қойған жауап хатта Елбасының бағбандық өнерге ризашылық танытқаны мен өзінің шынайы алғысын жеткізуді тапсырғаны айтылады. Бұл жайында сол кездері газетіміздің Жамбыл облысындағы тілшісі жазған мақалада толық айтылған-ды. Жуырда еңбекті жанына серік еткен ақсақалмен жолығудың сәті түсті.
«Жатқанға жан жуымас» деген қағиданы бала жасынан берік ұстанған тараздық Қадір ака біздің газетіміздің оқырмандарына осыдан бірер жыл бұрын Елбасына өз ауласында өсірген жүзімдері мен гүлдерінен жинақталған бейнекассета мен фотоальбом жіберіп, амандық тілеп жолдаған хаты арқылы таныс. Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков қол қойған жауап хатта Елбасының бағбандық өнерге ризашылық танытқаны мен өзінің шынайы алғысын жеткізуді тапсырғаны айтылады. Бұл жайында сол кездері газетіміздің Жамбыл облысындағы тілшісі жазған мақалада толық айтылған-ды. Жуырда еңбекті жанына серік еткен ақсақалмен жолығудың сәті түсті.
Сексеннің сеңгіріне қадам басқан қария есікті өзі ашты. Жүзі жылы, қарапайым келген еңбек иесі шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығында ауласында қызу жұмыс істеп жүр екен. Он алты жасынан жүзім өсіруді қолға алған Қадір акамен әңгімеміз осы саланың қыр-сыры жайында өрбіді.
– Қандай да бір табысты алмаңыз, ол тек еңбекпен ғана келеді, – деп бастады Қадір ака әңгімесін. – Елбасы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында да еңбектің маңызын ерекше атады емес пе? Оған менің алып-қосарым жоқ. Қай іске де бел шешіп, ынтамен кіріссеңіз, оның жемісін бермеуі мүмкін емес. Сол үшін де мен осы 3 сотық ауламды күні-түні еңбек алаңына айналдырып келемін.
Бала кезінен қиыншылықты бір кісідей өткерген қария еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігіне асқан тәубешілік білдіреді. Буыны қатаймай жатып-ақ еңбекке араласқан ол алғашында ұзақ жылдар құрылысшы болып, кейін Жамбыл ГРЭС-і іске қосылғанда өрт сөндіруші болып қызмет атқарып, сол жерден зейнетке шығады. Міне, сол кезден бастап оның бала күнгі жұмысы жүзім өсіруге асқан ыждағаттылықпен қайта кірісуі басталады. Бұрындары жұмыста жүргенде де қол үзіп кетпеген жұмысын дөңгелетіп әкетеді.
Өрт сөндіру қызметінде жүргенінде зейнетке шығуға біраз уақыт қалғанда, өзінің бөліміндегі күнделікті күзет қызметіндегі жігіттерге үлгі ретінде мекеменің маңайына қияр, қызанақ сынды бақша өнімдерін еккізуге мұрындық болғандығын да айтады ақсақал. «Кешке дейін қарап отырғанша, айналаңа бақша егіп, қосымша қарасаң, мен емес, өзің, қала берді, балаларың жейді ғой осы өнімді. Базардан қалта-қалта етіп сатып алғанша, бұл сендерге берілген тамаша мүмкіндік емес пе, деп айтып жүріп айналаны көгертіп тастадық. Бұған мекемеге келген әрбір жанның қызыға қарамағандары кемде-кем болды», деп бір тоқтады бағбан.
Интернеттегі жүзім жайындағы мәліметтерді бір шолғанымда, оның тамырын тереңге жайғандары елу-алпыс жылдай өмір сүретіндігін оқығаным бар-ды. Қадір аканың жуандығы отыз сантиметрге жуық ең үлкен жүзім түбін көріп, одан қанша уақыт болғанын сұрағанымда, қырық жылдан асқанын айтты. Жапырағынан жүзімі көп салған бұл түпте қыруар мәуе бастарын көріп еріксіз таңдай қақтық. Сондай-ақ, әр түп жүзім байлаған басын майда тор қалтамен ерінбей қаптап шығуы да сексенге жақындаған қарияға оңай соқпағаны анық. Олай етпесе тағы болмайды. Пісуіне екі жұмадай уақыт қалған өнімнің шымшық деген жаулары бүкіл еңбегін зая кетіруі де ғажап емес. Сондықтан да ол өнімі балалары мен немерелеріне дайын күйінде жетуі үшін барын салып жүргені. Бұл ретте еңбек ету өз алдына, ұзақ жылғы тәжірибенің де тигізген пайдасы молынан ғой деп топшыладық.
– Биылғы жүзімдеріммен мақтана алмаймын. Неге десеңіз, жасым келгесін былтыр күзде шамам болмай, көмілмей қалды да, біраз бөлігін үсік шалды. Қалғанына қанағат деп, соларды реттеп жүріп жатқаным ғой, бұл. Оның үстіне, базарды басқа жаққа көшіріп жіберіп, былтырғы дайындаған көшеттерімді өткізе алмай отырмын. Жүзімнің 15 сортынан дайындап, жылда маусымдық кездері қант-шәйімді ажырататынмын. Енді осы жағы бас ауыртып тұр, – дейді ақсақ ал.
Жүзім егетін жұртшылық арасында оның аталығы және аналығы болады деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Осыны білу мақсатында оқырмандарға бағбан пікірін келтіргенді жөн көрдік. Оның айтуынша, жүзімдегі аталық пен аналық деген ұғымдардың өзі дұрыс емес. Өзінің көп жылдарғы тәжірибесі бойынша ол кейбір бұтақтардың ұзын болып өсіп кететініне назар аударады. Ұзын болғанда сол буын-буынның арасы да қашық, қалың болып өседі. Мұны жұрт «аталық» деп айтады. Ал буындары жақындарын «аналық» дейді. Сол баяғыдан келе жатқан түсінік бар, «аналық» салады, «аталық» салмайды деген. Содан буыны қашық «аталық» деген жүзімнен екі бұтағын қойып қойдым. Әдетте, алғашында бір түпте екі бас, көп болса үш бас салады. Мына қызықты қараңыз, «аталық» деген жүзімім төрт бас салды. Бұл қалай, мүмкін мен жаңылысқан шығармын дедім де, өзге сортын, яғни «әйел саусағын» сынап көрдім. Сөйтсем, мұның «аталығы» жеті бас салып тіптен таңғалдырды мені. Сосын қыза келе, өзге сорттардан қойдым, барлығындағы көрсеткіш осыдан кем болмады. Аталығы аналығынан артық салмаса, кем салмады. Сол үшін де бұл екеуіне тіреліп тұрған ештеңе жоқ деген тоқтамға келдім. Жалпы, жүзімді молырақ өнім алу үшін ұзынырақ етіп кесе берсе болады. Алайда, «әйел саусағы» неғұрлым ұзын өссе, соғұрлым молынан сала беретінін айтқым келеді. Өздеріңіз естіп те жүрген боларсыздар, Ташкентте біреудің қорасынан, екінші біреуіне өтіп кетіпті жүзім сабақтары дегенді. Сол «әйел саусағы» деп жатады. Ал шындығында ол ірі «хусаин» деген жүзім. «Әйел саусағы» шынында бойжеткеннің саусағындай жіңішке ұзын болып келеді.
Қадір ака бүгінгі жастарды еңбекке баулу жайында да өз ойын ірікпей жеткізді. Базарда арба сүйреп жүрген жастардың көбінің ауылда 20 сотықтан жерлері бар. Таңның атысынан, күннің батысына дейін арба итеріп күнелткенше, сол ауылдағы жеріңе жүзім мен бақша өнімдерін егіп, содан-ақ осы ақшаны табуға болады ғой деп қанша айтамын оларға. Дені менің сөзімді жүре тыңдайды. Біле-білсе, менікі солардың қамы ғой. Жастайынан белдеріне күш түсіріп, ертең ауру болып отырмақшы ма орта жасқа келгенде. Осы жағы мені қатты ойландырады. Олар менің айтқанымды істеп, осылай әрқайсысы асқан ынтамен өз ауласын көгертіп жатса, біріншіден, өзіне нәпақа, екіншіден, экологиялық тазалықты сақтайды, үшіншіден, жеміс-жидектен елімізде арзаншылық болмай ма, дейді ақсақал. Иә, оның ұрпақ болашағына бейжай қарамайтыны осы сөздерінен-ақ аңғарылып тұрғандай.
– Бір әттеген-ай дейтінім, көп болса екі-үш жылдан кейін менің күш-қуатым бітетін секілді. Содан кейін бұл жүзімдерімнің қараусыз қалатыны менің қатты жаныма батады. Кіндігімнен тараған қос ұлым техникаға құмар болып шықты. Қыздарым біреудің адамы. Немерелерім де жүзіммен үнемі айналыса береді деп ойламаймын, – деп ағынан жарылады акаң.
Даналардан шыққан: «Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам» деген сөз бар. Сол сөз осы Қадір акаңа арнап айтылғандай. Оның бізбен әңгімесі арасында: «Мен жұмыс жасағанда уақыттың жетпейтіні сондай, Құдайдан күн батар алдында тағы бір сағат уақыт жалынып сұраймын», деген сөздері осыған дәлел.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
ТАРАЗ.