09 Тамыз, 2013

Үздіктер іріктелген көрме

284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласындағы «Достық» үйінде облыс бойынша «Қазақстанның үздік тауары-2013» атты өңірлік көрме-конкурсы өткізілді. Оған облыс аумағындағы негізгі ірі кәсіпорындардың, бизнес-ассо­циа­циялардың басшылары, жеке кәсіп­керлер, әлеуетті тапсырысшылар, мүдделі жеткізушілер, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Ақтөбе қаласындағы «Достық» үйінде облыс бойынша «Қазақстанның үздік тауары-2013» атты өңірлік көрме-конкурсы өткізілді. Оған облыс аумағындағы негізгі ірі кәсіпорындардың, бизнес-ассо­циа­циялардың басшылары, жеке кәсіп­керлер, әлеуетті тапсырысшылар, мүдделі жеткізушілер, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.Осы көрме-конкурс­ты өткізудегі мақсат кәсіпорындар мен ұйымдардың отандық өнім сапасын жақсартуға бағытталған қызметінің белсенділігін арттыру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толтыру, тұрғындар арасында сапа танымдылығына қол жеткізу болып табылады. Ол «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Тұрғындар үшін үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша ұйымдастырылды. Көрме-конкурсқа 20 кәсіпорын мен жеке кәсіпкер өз өнімдерін қойды. Олардың арасында өндірістік мақсатта өнім өндіретін «Базальт», «Силикат-А», «Тенус», «Нағыз Бетон» «Ситал-2», тұрғындарға өз өнімдерін ұсынатын «Керамика», «Света­ком» «Жак» тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ, азық-түлік өндірумен айналысатын «Степное», «Мәртөк сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Ваниль», «Волынец» және «ӘмірғалиевА.А» жеке кәсіпкерліктері де бар.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков көрме-конкурсқа қатысушылардың өңір экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталған қадамдарына сәттілік тіледі. Сараптамалық топ әр кәсіпорынның өнімдерін көріп, ұсынылған материалдарды талдап, қорытынды шығарғанша осында өз өнімдерін қойған бірнеше фирмалардың өкілдерімен әңгімелесудің сәті түсті.

«Мәртөк сүт» ЖШС директоры Алла Тыщенконың айтуынша, көрме-конкурсқа өздері шығаратын 11 түрлі сүт өнімдерін әкеліпті. Олар аудандағы үш ірі шаруа қожалығымен сүт тапсыруға келісім-шартқа отырған. Басқа да тұрғындардан сүт қабылдайды. Сол сүттен өндірілген қаймақ, айран, ірімшік, басқа да өнімдерді қалалықтар қыл үстінен бөліп әкетеді екен. Яғни сүт өнімдерінің сапасы жақ­сы болғаны, экологиялық тазалығы тұтынушылардың көңілінен шығатыны көрініп тұр.

Хромтау ауданындағы «Керамика» акционерлік қоғамы болып қайта құрылған кәсіпорынға мемлекет қолдау көрсетіп, «Даму – аймақтар-2» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие бөлген. Акционерлік қоғамның коммерциялық директоры Рахат Алтыбаевтың мәлімдеуінше, кәсіпорынды жаңғырту жобасы 222 миллион теңгеге түсіпті. Жылына 1 миллион шаршы метр плита шығаруға негізделген жобаның қуатын игеруде ілгерілеушілік бар. Мұнда өндірілетін өнім сапасы еуро­палық стандартқа сай келеді. Нарықта бәсекелестікке қабілетті керамика плитала­ры негізінен ортанқол тұтынушыға арнал­ған дүниелер. «Керамиканың» плиталарына қазірдің өзінде ішкі рынокта сұраныс жоғары. Мұнда 160 адам еңбек етеді.

Көрме-конкурсқа ет өнімдерінің 43 түрін әкелген «Степное» ЖШС сөресі маңында адамдар қарамы көп. Оның да реті бар. Серіктестіктің ысталған еті, шұжығы, тілі, қазы-қартасы және басқа жеңсік тағамдары көз жауын алады. Сапасы да тіл үйірерліктей дәмді. Кезінде «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық көрме-конкурсына қатысып, өз өнімдерінің сапалылығын дәлелдеп үлгерген серіктестіктің жүлдегерлер қатарынан көрінуге мүмкіндігі мол екені айтпаса да түсінікті.

Сараптамалық топтың ұйғарымымен «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Тенус А» ЖШС бірінші, «Силикат-А» ЖШС екінші, ал, «Нағыз Бетон» ЖШС үшінші орынды иелен­ді. «Халық үшін үздік тауарлар» номинациясында «Керамика» АҚ алда болды, екінші және үшінші орындарға тиісінше «Светаком» ЖШС мен «Ниязов.Е» жеке кәсіпкерлігі табан тіреді. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Степное» ЖШС жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды «Волынец» жеке кәсіпкерлігі иеленсе, үшінші орын «Мәртөк сүт» ЖШС-не бұйырды. Көрме-конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бұл шараның жеңімпаздары Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысу құқына ие болды. Ен­ді олар осы көрме-конкурста облыстың эко­номикалық даму әлеуетін, өнімдерінің қан­ша­лықты сапалылығын көрсететін болад ы.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.