Кеше Үкімет үйінде Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кезекті селекторлық кеңес болып өтті. Онда биылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың есебі тыңдалды.
Биылғы көктемгі егіс жұмыстары 19,1 млн. гектар жерде жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 255 мың гектарға артық. Ал егіс алқаптары негізінен басымдық берілген дақылдар есебінен көбейтілмек. Дәнді дақылдар 16,7 млн.гектар жерге егілсе, майлы дақылдар 1,4 млн.гектарға егіледі. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 18 пайызға артық. Егер майлы дақылдардан орташа өнім алынатын болса, бұл ішкі рыноктың өсімдік майына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, еліміз үстіміздегі жылғы наурыздың аяғына дейін сыртқа тағы да 5,5 млн. тонна астық экспорттаған көрінеді. Алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырсақ, бұл 1,3 млн. тоннаға артық. Өткен жылы бункерлік салмақпен алғанда 23 млн.тонна астық жиналған болатын. Оның 4,9 млн. тоннасы әлі экспорттала қойған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің есептеуінше, еліміздің экспорттық әлеуеті 9 млн.тоннаны құрайды екен. Дегенмен, биылғы жыл да “айқайсыз” болмайын деп тұр. Егіс алқаптарының кеңеюі өз алдына, өткен жылдан қалған астықтың ел элеваторларын босатпауы проблема болып отыр. Оған қоса, астық бағасының төмендеуі тағы бар. Ақылбек Күрішбаев Қара теңіз порттарындағы астық бағасының 190-нан 165 долларға түсіп кеткенін мәлімдеді. Осыған орай министр Қытай және Ресей аумақтары арқылы ішкі рынокқа тоннасын 20-40 долларға жеткізетін астық экспортына субсидияны көбейтуді белсендіре түсу қажеттігін айта кетті. Астықты жеңілдетіп сату үшін қосымша 10 млрд.теңге қажет көрінеді. Бұл үшін арнайы жоба жасалып, мемлекеттік органдарға жіберілді. Келісімді тездетіп қарауды сұраймыз. Бұл еліміздің астық рыногындағы жағдайды тұрақтандыруға көмектеспек, деді ол.
Биылғы жыл шегірткенің биологиялық белсенді жылы болып саналады. Аталмыш мәселе үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған, бұл жөнінен еш уайым жоқ. Дегенмен кейбір зиянкестермен мәселе туындауы мүмкін. Сондықтан еліміз ауыл шаруашылығы жерлерінің 900 мың гектарын өңдеуден өткізуі керек. Заң бойынша бұл үшін жергілікті бюджет қаржы бөлуі міндетті, ал бұған Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары ғана қаржы қарастырған. Ал Премьер-Министр көктемнің салқындығын, жаздың тез шығуына байланысты астыққа зиян келтіретін зиянкестердің аз болмауы мүмкін екендігін жоққа шығармады.
Тағы бір мәселе, көктемгі егіс жұмыстары үшін жұмсалатын жанар-жағармайдың бөлінуі. Бұл жөнінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев кезекті науқанға байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанар-жағармайды жеткізуге жергілікті облыс әкімдері жауапты екендігін айтты. Сонымен қатар ол дизель отыны мен АИ-80 бензині рыноктағы бағадан төмен бағамен сатылатындығынан хабардар етті. Бұл саладағы күрделі мәселе ретінде мұнайшылардың пікірін келтірді. Олардың айтуынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жанар-жағармайды жоғары бағамен сатып алуы мүмкін. Осы орайда, Өмірзақ Шөкеев оны жеткізуші өкіл компанияларды қатаң бақылауға алу қажет екендігін атап айтты. “Бағаны белгілеп, облыстар бойынша квоталарды анықтаған соң жергілікті шаруашылықтар мен тауар өндірушілерге жанармай жеткізу әкімдердің жауапкершілігінде”, деді ол.
Селекторлық кеңесте облыс әкімдері көктемгі егіс жұмыстарына дайындық деңгейі туралы есеп берді. Мысалы, Қостанай облысында 2-деңгейлі банктердің несие беру кезінде кепілге жер алғысы келмейтіндігі, алса да амалсыз алатындығы туралы айтылды.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Байланыс және ақпарат министрліктеріне бюджеттегілердің жалақысы 25 пайызға артуына байланысты халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру шараларын жүргізуді жүктеді. Сондай ақ, Алматы облысының әкімі С.Үмбетовке су тасқынының салдарын жоюға бөлінген қаржының мақсатты орындалуын қадағалауды тапсырды.
Селекторлық кеңес соңында сөз алған Премьер-Министр биылғы жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты өте жақсы деңгейде деп бағалады. Жыл сайын жанар-жағармай төңірегінде туындайтын айқай-шу жоқтығына, барлық мәселе өз орнымен шешіліп жатқандығына ризашылығын білдірді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.