– Ардақ, сіз үлкен спортпен қош айтысқаныңыз жайында ресми түрде жария еткен жоқсыз. Алайда, айқас алаңынан көрінбегеніңізге біраз жылдың жүзі болды. Қателеспесем, соңғы жекпе-жегіңізді осыдан сегіз жыл бұрын өткіздіңіз емес пе?...
– Иә, дәп солай. 2011 жылы Лас-Вегаста АҚШ пен Қазақстан құрамалары арасында матчтық кездесу өтті. Сол жарыста мен Дэйв Курчейнді бірінші раундта ұрып жықтым. Содан бері айқас алаңына шыққан жоқпын.
– АҚШ пен Қазақстан құрамалары арасындағы сол бәсеке қалай аяқталған еді?
– Біздің жігіттер 4:1 есебімен жеңіске жетті. Сол команда сапында менен бөлек, Бекнар Аманбаев, Қазыбек Әшімов, Бейбіт Назаров және Нариман Мұсаев өнер көрсетті.
– Ол кезде 31 жаста едіңіз. Бұл – кәсіпқой спортшылар үшін нағыз кемелденген шақ. Ал сіз сүйікті ісіңізден қол үзіп қалдыңыз. Осындай қадамға саналы түрде бардыңыз ба, әлде біз білмейтін басқа да себептер болды ма?
– Әу бастағы арманым асқақ еді. Кемінде әлемнің бес дүркін чемпионы атануды көздедім. Алайда, бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Оның үстіне, шамамен сол уақытта Алматыда қазақтың біраз дарынды жігіттерінің басын қосып, спорт клубын аштық. Оған «Әлем файтерс» деген атау бердік. Ондағы мақсат – жас жеткіншектер мен жалындап тұрған жастардың еш алаңсыз жаттығуына барынша жағдай жасап, артымыздан ерген інілерімізге үлкен ареналарға жол ашу. Себебі кезінде біз қиындықты көп көрдік. Тоқсаныншы жылдары елімізде ережесіз жекпе-жекке деген қазіргідей қызығушылықтың болмағаны баршаға аян. Қамқорлық та кемшін еді. Бапкерім Сағатбек Мұсаханов екеуіміз жаттығу жасау үшін жөні түзу жер таппай, Алматының әр қиырын шарлағанбыз. Қара күз бен қақаған қыста ашық аспан астында даярландық. Есік-терезелері сынық, қабырғалары қисайған, тозығы жеткен әскери бөлімшеде жаттықтық. Орта мектеп пен колледждер, түрлі мекемелер, институттар мен университеттердің қуықтай залдарын да сан мәрте жалға алдық. Бізден кейінгі жастар осындай азапты көрмесін деп, кәсіби спорт клубын аштық. «Әлем файтерстің» тұсауы кесілгеннен кейін клуб басшысы ретінде бүкіл ауыртпалық маған түсті. Даярлық процесі мен оқу-жаттығу жиындарын өткізу, дүбірлі додаларды ұйымдастырудан бастап, спортшылардың шет мемлекеттерге шығуға қажетті құжаттарын дайындау, оларды қонақүйге орналастыру және тағы басқа көптеген шаруамен тікелей өзімнің шұғылдануыма тура келді. Осылайша спорттық мансабымды жалғастыруға мүмкіндік болмай, нағыз кемелденген шағымда сүйікті ісімнен қол үзіп қалдым.
– Жалпы, ережесіз жекпе-жектен өткен жарыстарда қанша кездесу өткізіп, соның нешеуін өз пайдаңызға шештіңіз?
– Барлығы 25 рет айқас алаңына шығып, 22 мәрте жеңіске жеттім. 20 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтадым. Екі рет ұтылып, тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді.
– Өзіңізді есіңізде ерекше сақталған кездесу?
– Барлық бәсекелер күні бүгінгідей көз алдымда. Қазір де кіммен қалай айқасып, қандай тәсіл қолданғанымды сіздерге еш жаңылмай айтып бере аламын. Ал менің жадымда ерекше сақталғаны – 2004 жылы Ресейдің Хабаровск қаласында өткен әлем кубогы жолындағы жарыс. Ақтық сында мен Артур Умахановқа қарсы шықтым. «Киллер» деген лақап атпен танылған спортшы соңғы екі-үш жыл аясында ешкімге есе жібермеген екен. Оның үстіне спорт кешенінде қаптаған кавказдықтар. Ал біз екеуміз ғана: бапкерім және мен. Айқас алаңына шыққаным сол еді, әр бұрыштан шовинистік сипаттағы ауыр сөздер естілді. «Қазақты өлтір!», «Ит терісін басына қапта!», «Түгін қалдырма!» деген дауыстар залды жаңғыртып барады. Қаным басыма шапты. Сегіз бұрышқа жұлқынып шықтым. Біраз уақыт бір-бірімізді ала алмадық. Бірінші раунд бел ортадан асқан тұста қарсыласымды жығып алдым да, ауыр-ауыр соққылардың астына алдым. Артур есінен танып қалды. Төреші жекпе-жекті дереу тоқтатты. Нокаут! Сағатбек ағаның сол кезде қуанғанын көрсеңіз. Бапкерім мені тік көтеріп алып, рингті шыр айнала жүгірді. Ал соның алдында ғана жер тепкілеп, айбаттанып, небір балағат сөздер айтып отырған көрермендердің дауыстары сол мезетте сап тиылған еді.
– Кей спортшылардың аузынан түрлі жарыстарда өздерінен әлдеқайда еңселі, ірі, салмағы ауыр қарсыластармен айқасуға тура келгені жайында ара-тұра естіп жүрміз. Сондай жағдай сіздің де басыңыздан өтте ме?
– Белгілі бір спортшыға арзан, арамза жолмен атақ алып беру үшін төрешілердің түрлі қитұрқы әрекеттерге барғанын сан мәрте көргенбіз. Бір ғана мысал, 2003 жылы Бішкекте аса ірі халықаралық дода өтті. Бас жүлдені қалай да өз қандастарына алып беруді мақсат тұтқан ұйымдастырушылар маған қарсы Қанжарбек Қыдырәлиевті шығарды. Оның салмағы – 93 кило. Мен – 70 кило шамасындамын. Осындай келеңсіздікті көреген бапкерім қазылар алқасына шағымданды. Олар түк естімегендей, тас керең болды да қалды. Біз біраз дауласқан едік, қырғыздар «Келіспесеңдер, елдеріңе қайтыңдар!» деп әңгімені шорт кесті. Енді шегінуге жол жоқ. «Жаным арымның садағасы» дедім де, тәуекелге бел будым. Алғашқы минуттарда асықпай, қарсыласымның шама-шарқын байқап көрдім. Сәлден кейін қарқынды күрт күшейткенім сол еді, Қанжарбек қалжырай бастады. Ақырында оны ұрып жығып, ауыр нокаутқа жібердім.
– Сіз қазақтың тағы бір қайсар ұлы Дәнеш Дүңгенбаевпен бір мезгілде өнер көрсеттіңіз. Несіне жасырайық, сол кездері қос саңлақтың бір-бірімен күш сынасқан сәтін көргісі келген көрермендер көп еді...
– Иә, ондай әңгімелердің айтылғаны рас. Екеуімізді жекпе-жекке шығаруға құлшынған адамдар да болды. Бірақ мен Дәнешпен айқаспайтынымды бірден айттым. Өйткені біз бұл өнердің қыр-сырына енді қаныға бастаған тұста Дүңгенбаевтың даңқы дүркіреп тұрды. Ол қарсы келгендердің барлығын сыпыра ұтып жүрді. Өзі бақ сынаған бәсекелердің бірде-бірінде жеңілген емес. Осы жайттардың барлығына қанық болған біз «Дәнештей болсақ қой!» деп армандайтынбыз. Оның үстіне, ол менен бақандай бес жас үлкен. Ал біз үлкенді сыйлайтын, қадірлей білетін қазақ деген текті халықпыз! Алаштың әрбір азаматы үшін «Аға!», «Бауыр!», «Құрмет!», «Ізет!», «Сыйластық» деген сөздер бос ұғым емес. Біз әркез өз жөнімізді, өз жолымызды білгенбіз. Алдыңғы буын ағаларымызды қадірлейміз, қастерлейміз, алақанға салып аялаймыз. Мені де ата-анам осылай тәрбиеледі. Осы қасиеттердің барлығын бала кезімнен бойыма сіңіріп өстім. Сондықтан да, бәске ат басындай алтын тігілсе де, мен ешуақытта Дәнештің жағасына жармаспайтын едім. Ал егер де әлдебір жарыста екеуіміздің жолымыз түйіскен жағдайда мен еш ойланбастан жеңісті ағама беретін едім.
– Осы әңгімеңізді ести отырып, осыдан бірер жыл бұрын Қытайда болған оқиға есіме түсті. Аспанасты елінде өткен жарыста қазақтың қос өрені бір-бірімен төбелесуден бас тартқан еді ғой. Ол жайттан сіз де құлағдар шығарсыз?
– Әрине! 2016 жылдың көктемінде Шанхайдың маңындағы шаһарлардың бірінде жалауы желбіреген жарыста Қытайда тұрып жатқан қандасымыз Ғабит Тұрханбек пен біздің елден барған Айбек Нұрсейіт бас жүлдені өзара сарапқа салуға тиіс еді. Екеуі октагонға шықты. Алайда, олар бір-біріне соққы жұмсамай, еш әдіс-тәсіл қолданбай, уақыт созып жүріп алды. Соны байқаған қазылар қатаң үкімі шығарып, оларды жарыстан шеттетті. Десек те қос қазақтың бұл «тірлігіне» барша жанкүйерлер қатты риза болды. Осы орайда, мына бір жайтты айтсам, еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Негізі бұл оқиғаның дәл осылай аяқталуына менің туған бауырым Бейбіттің де тікелей қатысы бар. Ғабит пен Айбек шешуші бәсекеге шығар алдында Бейбіт оларға «Жат жердің жанкүйерлерін қуанту үшін қазақтың өрімдей қос азаматы бір-бірін қан жоса етіп сабап жатқаны – ұят тірлік. Айналып келгенде, барлығымыз біріміз-бірімізге бауырмыз. Қандай жағдай болса да, әр қазақ бір-бірін құрметтеуі керек. Егер ақылымды тыңдасаңдар, айқаспай-ақ қойыңдар!» деп тіл қатты. Екеуі де азамат екен. Бейбіттің ақылына құлақ асқан Ғабит пен Айбек алысып-жұлыспай-ақ, мәселені «бейбіт түрде» шешті.
– Осыдан бірер ай бұрын америкалық «Титан» және қазақстандық «Әлем файтерс» клубтарының ұйымдастыруымен Алматыда дүбірлі дода өткені мәлім. Егер сол жарыста біздің жігіттер жеңіске жеткенде, оларға UFC-ге жол ашылар ма еді?
– UFC мен «Титан» тонның ішкі бауындай араласып, бірер жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. «Титаннан» шыққан 80-нен аса спортшының әлемдегі ең белді ұйымның қатарына қабылдануы осы сөзімнің айқын дәлелі! Сол себепті де қазақ жігіттерінің қарым-қабілетін байқап көрсін деген ниетпен біз оларды Қазақстанға арнайы шақырып, керемет кештің өтуіне мұрындық болдық. «Титан» басшыларының басты назары Бейбітке ауды. Сонымен қатар Қазыбек Әшімов пен Нұржан Тұтқаның да UFC-мен келсімшарт жасасуға мүмкіндіктері болды. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін қандастарымыз Алматыда өздерінің мықтылығын мойындатуға тиіс еді. Бірақ бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалана алмадық.
– Осы үш қандасымыздың арасынан көптен бері көзге түсіп жүрген Бейбіт Назаров екеніне ешкімнің дауы жоқ. Бауырыңыздың Алматыдағы жарыстың басты жекпе-жегінде атой салуына не кедергі болды деп ойлайсыз?
– Қырсық деген аяқ астынан емес пе. Салмақ өлшеу рәсімі қарсаңында Бейбіт қапияда жарақат алып қалды. Аяғы күп болып ісіп, сынықшының көмегіне жүгіндік. Алайда, жарыстың басталуына небәрі бір күн ғана қалғанда шыққан тобық пен шытынаған аяқты қалпына келтіру мүмкін болмады. Сол кезде жекпе-жектен бас тартуға да болар еді. Бірақ біз дүйім жұрттан ұялдық. Алматыдағы жарысты ұйымдастыру үшін көп уақытымыз бен күш-жігер кетті, мол қаржы жұмсадық. Оның үстіне кештің басты жекпе-жегінде Бейбіт Назаровтың шығатынын алдын-ала жарнамалап та қойдық. Бәсекеге түсуден бас тартсақ, жанкүйерлер бізді дұрыс түсінбей қалуы да мүмкін ғой. Содан жүрексіндік. Амалдың жоқтығынан тәуекелге баруға тура келді. Бірақ көздеген мақсатымызға қол жеткізе алмадық. Десек те біз ештеңеге өкінбейміз. Мойымаймыз да. Бәрі де бір ғана Алланың қалауымен жүзеге асады. Бүгін болмаса да, ертеңгі күні ол жоспар жүзеге асады. Тек бізге әлі көп еңбектену керек. Ниет пен пиғыл, талап пен құлшыныс және ұстанған бағытымыз дұрыс болса, бағынбайтын белес жоқ. Біз оған кәміл сенеміз.
– «Әлем файтерс» клубының қазіргі тыныс-тіршілігі қалай? Ол жерде қанша спортшы жаттығуда? Өздеріңіздің жеке спорт ғимараттарыңыз бар ма?
– «Әлем файтерсте» 100-ден аса жас өрендер жаттығуда. Олардың алды әлем чемпионы атанып та үлгерді. Түрлі жарыстарда жүлде алып, майталман мамандардың назарына іліккен жеткіншектер де жетерлік. Республика аумағында бірнеше турнир ұйымдастырдық. Біздің жігіттер жекпе-жектің сан түрі бойынша шет мемлекетерге де шығып жүр. Әзірге жеке ғимаратымыз жоқ. Жалға алған залда жаттығамыз. Алайда, кезінде қала әкімдігі тарапынан «Алматы Аренаның» маңынан бізге біраз жер телімі берілген еді. Сол жерде әмбебап спорт кешенін салуды көздеп отырмыз. Құрылыс жұмыстарын бастап, бірінші қабатын тұрғызып та үлгердік.
– Ережесіз жекпе-жек өнерін серік етіп жүрген қазіргі қазақ жігіттері арасынан кімдердің өнері сізге ұнайды?
– Аллаға шүкір, жақсы жігіттер бар. Біздің буын өкілдері бастаған жол кейінгі жастарға жұғысты болды. Қытайдан Жұмабек Тұрсын және Ресейден Дамир Исмағұлов шықты. Олардың ізін басып қазақстандық Шавқат Рахмонов UFC-ге жол тартты. Әрине, бұл жағдай барша қазақ жанкүйерлерін қуантуда. Алдағы уақытта Арман Оспанов, Қайрат Ахметов, Жалғас Жұмағұлов, Қуат Хамитов, Асу Алмабаев бастаған қаракөздеріміздің қалың легі алыстағы Америкада өздерін мойындатып жатса, бүкіл Алаш жұртының абыройы асқақтайтын еді...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ