09 Тамыз, 2013

Жалған кәсіпкерлерді салықтан құтқарған

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қалалық салық департаменті басшысының орынбасары 26 млн. теңге парамен қолға түсті

Алматы қалалық салық департаменті басшысының орынбасары 26 млн. теңге парамен қолға түсті

Алматы қаржы полициясы жалған кәсіпкер­лердің атынан заңсыз құжаттар жасау арқылы өзге компаниялардың көп көлемдегі салықтан жалтаруларына көмектесіп жүрген қылмыстық топты әшкереледі.

Ақпарат көздері бұл қылмыстық топ­қа Алматы қаласы салық департаменті дирек­торының орынбасары Б.Әжінұров қамқорлық көрсетіп келгенін жеткізеді. Бұл топтың ізіне түскен қаржы полициясының қызметкерлері жалған кәсіпкерлермен жасалған күдікті келісімдер бойынша жалпы сомасы 600 млн. теңгеге тең бухгалтерлік құжаттардың (есеп-фактура, фискалдық чектер, кассалық ордерлерге түбіртектер, еңбек демалысына үстемеақылар) жасалғанын анықтады.

«Жалған кәсіпкерлер заңсыз негізде түс­кен ақшалай табыстың белгілі бір пайызын қам­қорлық жасағаны үшін Алматы қаласы салық департаменті директорының орынбасарына төлеп отырған», – делінген хабарламада.

Үстіміздегі жылдың 7 тамызында Алматы қаласы бойынша салық департаменті басшысының орынбасары Б.Әжінұровқа қарсы қызметтік бабын асыра пайдалану (Қылмыстық кодекстің 307-бабы 2-тармағы) фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кейін Б.Әжінұровтың өзі де жалған құжат жасап бергені үшін 26 млн. теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Сондай-ақ, оның кабинетін тінту кезінде 30 мың долларға жуық ақша мен өзге де жалған кәсіпкерлер құжаттары табылған.

«Қазір бұл қылмыстық іс бойынша тергеу басталды. Оның нәтижесі кейін хабарланатын болады», – деп мәлімдеді Алматы қалалық қаржы полициясынан.

Сұлтан БОЗАЙҒЫР.