Жуырда Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын бастаған делегация аймақаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында Башқұртстан астанасы – Уфа қаласына сапармен барып қайтқан еді. Сапар барысында олар екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумына және «Ынтымақтастықтың саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дәлелдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Жуырда Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын бастаған делегация аймақаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында Башқұртстан астанасы – Уфа қаласына сапармен барып қайтқан еді. Сапар барысында олар екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумына және «Ынтымақтастықтың саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дәлелдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Башқұртстан мен Павлодар облысы іскерлік-кәсіпкерлік ортасының, ғылым мен мәдениет саласының өкілдерінің қатысуымен болған кездесуде екі елдің аймақаралық байланыстарын дамыту және нығайту жөнінде кеңінен әңгіме болды. Кездесу барысында Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын мен Башқұртстан президенті Рустам Хамитов машина жасау, металлургия, химия және мұнай-химия, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары мен инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктері жайлы мәселелерді талқылады.
Жалпы, Павлодар облысы Омбы, Новосібір, Том облыстарымен, Алтай өлкесімен жақсы қарым-қатынас орнатқан. «Қазақтар мен башқұрттар алдымен рухани тұрғыда жақынбыз. Енді өзге салаларда да байланысымызды одан әрі нығайта аламыз. Бұл кездесуді болашаққа бастар алғашқы қадам деп білемін», – деді Башқұртстан президенті Рустам Хамитов.
Біздің облыстың өндіріс саласындағы белсенділігі жоғары екені белгілі. Сондықтан, башқұрт кәсіпорындарымен ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын. Сапар барысында Павлодар қаласының әкімдігі мен Уфа қаласы әкімшілігінің арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық бағыттардағы, мәдениет, білім беру, спорт салалары және жастар мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамытуға қатысты хаттамаға қол қойылды.
Башқұртстан мұнай-химиялық жобаларды іске асыруда. Осыған байланысты облыс орталығындағы кальцийленген сода зауытының құрылысы жобасын іске асыру бойынша «Қазсода» ЖШС мен «Башкирская химия» ААҚ арасындағы бірлескен жұмыс жөніндегі меморандумға да қол қойылды. «Бұл жетекші жоба болады деп сенемін. Өйткені, оның құны жарты миллион долларды құрайды. Башқұртстандағы ірі компаниялардың тәжірибесі біз үшін аса маңызды», – деп атап өтті Ерлан Арын.
Сондай-ақ, Павлодар мұнайхимия зауыты мен Уфа мемлекеттік мұнай университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум да бекітілді. Қазіргі таңда еліміздің 300 студенті Уфаның жоғары оқу орындарында білім алуда, көпшілігі мұнай университетінде оқиды. Бұлардан бөлек Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты мен М.Акмулла атындағы Башқұртстан мемлекеттік педагогикалық университеті арасында көлемі 2 миллион долларды құрайтын келісімшарт жасалды.
Делегация мүшелері Уфа қаласындағы «Ақ бата» қазақ ұлттық мәдениет орталығының өкілдерімен де кездесті. Башқұртстанда 4 мыңнан астам қандасымыз тұрады екен. Облыс әкімі Ерлан Арын қазақ диаспорасының өкілдеріне киіз үй, қазақтың ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптарын, 200-ден астам кітап пен қазақ авторларының шығармалары жазылған 100 дискіні сыйға тартты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.