Әлем • 10 Ақпан, 2020

World Grand Prix 2020 турнирінің жеңімпазы анықталды

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Англияның Челтнем қаласында снукерден өткен World Grand Prix 2020 турнирінің финалында әлемдік рейтинг бойынша екінші орында келе жатқан Нил Робертсон шотланд снукершісі Грэм Доттты 10:8 есебімен жеңді.

World Grand Prix 2020 турнирінің жеңімпазы анықталды

«Есеп 9:5 болып жатқанда, бұл маған финалдық жекпе-жектердегі ең үздік ойыным сияқты көрінді. Сосын Грэм камбэк жасауды бастады да, мен қатты шаршағандықтан қарқынды бәсеңдетіп алдым. Егер мен финалдық үш ойынның екеуінде жеңіліп қалғанымда, қатты өкінетін едім. Бұл жайт маған белгілі бір дәрежеде қысым жасады», - деді ол турнирдің марапттау салтанатында. 

Еске салар болсақ, Нил Робертсон бұдан бұрын German Masters 2020 турнирінің шешуші ойынында Джадд Трампқа 6:9 есебімен есе жіберген  еді. Ал мұның алдында European Masters 2019/20 турнирінде  қытай снукершісі Чжоу Юэлунді 9:0 есебімен ойсырата жеңіп, чемпион атанған болатын.

Осы жеңісінен кейін австралиялық снукерші әлемдік рейтингтегі ұпай санын 967 500-ге жеткізіп, үшінші орындағы Марк Уильямстен 92 750 ұпайға ұзап кетті. Ал дүниежүзілік рейтингте әлем чемпионы Джадд Трамп 1 448 500 ұпаймен көш бастап келеді.

World Grand Prix 2020 турнирінің су жаңа чемпионы Нил Робертсон осы жеңісі үшін 100 мың фунт стерлинг (48 833 657,31 теңге) мөлшерінде сыйақы алды.