09 Тамыз, 2013

Жарыстар күнделігі

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теннис. Жақында қазақстандық теннисші Кәмила Керімбаева Украинаның Донецк қаласында өтіп жатқан теннистен ITF турнирі іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанды.

Теннис. Жақында қазақстандық теннисші Кәмила Керімбаева Украинаның Донецк қаласында өтіп жатқан теннистен ITF турнирі іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанды.

Енді ол Донецк қаласында өтетін турнирге қатысады. Турнирдің жүлде қоры 75 000 АҚШ доллары. Осыдан кейін ол Түркияда өтетін жарысқа қатысуды жоспарлап отыр. Мұндағы жүлде қоры – 25 000 АҚШ доллары. Хоккей. Бүгін Астанада «Нұр Отан» ХДП, Қазақстан хоккей федерациясы мен «Барыс» ХК-ның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолында халықаралық турнир басталады.

Бұл сынға жергілікті «Барыс» пен Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Югра» (Ханты-Манси), «Амур» (Хабаровск), «Витязь» (Подольск) командалары қатысады. Оның ашылу салтанаты «Қазақстан» мұз спорт сарайында өтсе, ойындары осы жерде 13 тамызға дейін жалғасады. Турнирдің ашылу салтанатына «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысады деп күтілуде.

Турнирдегі «Барыс» клубының ойындары мен финалдық кездесулердің бәрін «KAZSPORT» және «КХЛ-TV» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Бүгін жарыстың ашылу салтанатынан кейін мұз айдынына «Барыс» пен Хабаровскінің «Амур» командасы шығады. Оның алдында сағат 14.00-де «Югра» мен «Витязь» кездеседі. Ал 10 тамызда сағат 14.00-де «Витязь» бен «Амур», сағат 18.00-де «Барыс» пен «Югра», 12 тамызда сағат 14.00-де «Амур» мен «Югра», сағат 19.00-де «Барыс» бен «Витязь» кездессе, 13 тамызда сағат 14.00-де үшінші орын үшін матч, сағат 19.00-де финал өтеді.

Футбол. 11 тамызда елордадағы «Астана-Арена» стадионында Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Армения командасын қабылдайды. Матч Астана уақыты бойынша сағат 19.00-де басталады. Бұдан кейін, 14 тамызда Қазақстан ұлттық құрамасы Грузия командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл ойын сағат 20.00-де басталады. Екі кездесуге де кіру тегін.

Суға жүзу. Осы аптада Астанадағы «Қазақстан» спорт кешеніңде әскери қызметшілер арасында суға жүзуден чемпионат болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелерінен, әскер түрлері мен тектерінен, Ақмола өңірлік гарнизонында шоғырланған әскери бөлімдер мен мекемелерден жасақталған 16 команда қатысты.

Қорытындыда әйелдер арасында Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштеріне қарасты 19132 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша кіші сержанты Е. Прибыткова алтын медальді иеленді. Ерлер арасында 30 жасқа дейінгі жеке біріншілікте Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасының аға лейтенанты М. Әбілмәжінов 100 метрлік қашықтықта 1 минут 18 секунд нәтиже көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды 14776 әскери бөлімінің лейтенанты Е. Ғалымжанұлы иеленді. Үшінші орын 55765 әскери бөлімінің өкілі кіші сержант А. Ибраевқа бұйырды.

Жалпыкомандалық есепте жүлделі бірінші орынды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл басшылығы иеленсе, екінші және үшін орындарды 14776 әскери бөлімі мен Әуе қорғанысы күштерінің командалары бөлісті.

«Егемен-ақпарат».