10 Ақпан, 2020

Өнердің өз өкілі

551 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бес жыл ішінде үш труппа да жемісті еңбек етіп, әлемдік, республикалық фестивальдерге қатысты.

Өнердің өз өкілі

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының қызметкерлері мен актерлері арасында ескі театр, жаңа театр деген ұғым қалыптасып кеткен. Өткен бір жағдайды қозғамас бұрын «Ескі театрда жүргенде» деген сөз әуелі айтылады.

Мұндағы айтпағым, сол кішкентай қаланың бұрынғы тарихынан сыр шертетін мәдени ескерткіш - театрда  орыс труппасы 79 жыл, қазақ труппасы 14 жыл қала халқына рухани азық сыйлады. Бірге тату-тәтті еңбек етіп, көрермен қошеметіне бөленді. 2014 жылы ескі театрға басшылық қызметке Күршім ауданы Амангелді селосының тумасы Дінмұхамет Ұябай келді. Ата-анасы, достарының Доскен атаған азамат Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтының музыкалы  комедия факультетін тәмәмдаған соң Талас Өмірзақовтың ұйымдастыруымен ашылған «Шәкәрім мектебі» эксперименттік театрда Қазақстанның Халық артистері Ә.Өмірзақова, Қ. Жәкібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғ.Құлжановтармен  бірге еңбек етеді. Бір жылдан соң өз қалауымен Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрына актер болып орналасады. Жоғары оқу орынын бітіргенге дейін Семейдің М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің «вокал» бөлімін аяқтаған жас актер бірден республикалық драма әртістерінің әншілер фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталады. Бірнеше спектакльдерде түрлі жанрдағы образдарды сомдап жан-жақтылығымен ерекшеленеді (И.Кальман «Сильва» - Бони, И.Штраус «Жарқанат» - Альфред, Ғ.Мүсірепов «Қыз-Жібек» -Шеге, Т.Нұрмағамбетов «Табалдырығыңа табын» - Жө, М.Әуезов «Айман-Шолпан» - ақын Балпық, «Қаракөз» - ақын Асан, А.Цагарели «Ханума» муз.комедия - Түйметей, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» - Мамыр, О.Бөкей «Атау кере» - Аңшы шал, Ж.Аймауытов «Ақбілек» - Мамырбай, Ж.Шанин «Арқалық батыр» -Ду-ду, С.Балғабаев «Ең әдемі келіншек» - Абдулла, Р.Куни «Шытырман оқиға» - Ричард Уилли, Ж.Артықбаев «Малайсары Тархан» - Зайсан, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» - ақын Сердәлі).

24 жыл Павлодар театрында қызмет ете жүріп, актерліктен театр директорының орынбасарлығына дейінгі тәжірибелік жолдан өткен Дінмұхамет Ұябай адал еңбегінің нәтижесі ретінде 2004 жылы Мәдениет министрлігінің «Құрмет» грамотасы, 2007 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» төсбелгісіне ие болып, 2012 жылы «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталады.  

Алғаш басшылық қызметке келгенде Дінмұхамет Мамырқанұлының алдында үлкен жұмыс күтіп тұр еді. Салынып, енді қолданысқа берілуге дайын тұрған театр ғимаратын қабылдап алу, қазақ, орыс труппаларын орналастыру оңай шаруа емес еді. Осы кезде облыс басшысының қолдауымен «Жастар» театрының ашылды. Бәрі бір мезетке тап келді. Жаңа басшы осының бәрін ретке келтіре білді. Ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Н.Назарбаев келіп, лентасын өзі қиып, барлық жағдай жасалған өнер ордасының ашылуымен құттықтады. Бұл - 2015 жылдың 7 сәуірі еді. Елбасының арнайы келіп театр ғимаратын ашуы үлкен қуаныш, зор мәртебе болды. Сондай-ақ, ел өміріндегі елеулі мерекелермен тұспа-тұс келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Абайдың туғанына 170 жыл атаулы мерекелеріне арналған қойылымдардың тұсауы да осы жаңа ғимаратта кесілді. Сондай-ақ, қазақ труппасы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын аяқтаған  кәсіби актерлермен, ал жастар театры Қазақ ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенев атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы түлектерімен толықты. Театрға келген барлық мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы кезең ішінде театр директоры Д.Ұябайдың ұйымдастыруымен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, белгілі театртанушы Сәния Қабдиева және аталған академияның доценті, өнертану кандидаты, театртанушы Меруерт Жақсылықова арнайы шақыртумен келіп, шеберлік сыныптарын өткізді. «Тіл тазалығы мен сөз әрекеті» және «Сахналық кейіпкерді жасау элементтері» тақырыбында Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы  Т.Жаманқұлов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері К.Белжанова дәріс берді.  

Дінмұхамет Мамырқанұлы басшылық еткен осы бес жыл ішінде үш труппа да жемісті еңбек етіп, әлемдік, республикалық фестивальдерге қатысты. 2017 жылы Қырғызстан және Астанада Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклі театр сыншыларының жоғары бағасын алды. Сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен ІІ Республикалық эксперименталдық театр фестивалінде «Үздік  актерлік ансамбль» номинациясын иеленді. 2018 жылы режиссер Айдын Салбанов Башқұртстанның Уфа қаласында А.Вампиловтың 80 жылдығына орай өткізілген режиссерлер лабораториясына қатысып, «Үздік режиссер» атанды. 2018 жылы «Самғау» VI Халықаралық фестивалінде ерекше көзге түсті. Сондай-ақ, «Наурыз» V Түркі халықтарының халықаралық театрлық білім беру форум-фестиваліне театрдың көркемдік жетекші Сахан Әкелеев және орыс труппасының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Д.Волкоедова шеберлік сабақтар, семинарлар мен дәрістеріне қатысып, өз білімдерін  шыңдап қайтты. Орыс труппасы да Нұр – Сұлтан қаласында өткен VІІ «Samgau» халықаралық театр фестиваліне қатысты, биыл  Ресейде өтетін халықаралық фестиваль – зертханасына жолдама алды. Қазақ труппасы 2015 жылы Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің «Қазақ хандығының 550 жылдығы» номинациясына, 2019 жылы Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ-ші республикалық театр фестиваліне қатысып, қазылар алқасы ұжымның шығармашылық деңгейінің көтерілгенін айта келіп, «Бораш» рөлін сомдаған Елдос Мәсәлімге «Екінші пландағы ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын табыстады. 2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, белгілі режиссер Жанат Хаджиев атындағы ІІ халықаралық театр фестивалінен абыройлы оралды. Мамыр айында Ә.Сығай атындағы фестивальге қатысу жоспары тұр.

Сондай-ақ, театр ардагерлері де назардан тыс қалмай, қажырлы еңбек етіп келе жатқан С.Қопабаева, А.Воронин, Г.Бақтыбаева, В.Муравицкий, А. Латфи сынды актерлер Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеуделеріне тақты.

Алда жоспар көп. Театр ұлы Абайдың 175 жылдығына орай  маусым-тамыз айларында ақын мұраларын әлемдік кеңістікке насихаттау мақсатында «Мен бір жұмбақ адаммын...»  атты театрландырылған композициямен Ресейдің Омбы қаласына, түркі тілдес (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) елдерге гастрольдік сапармен шығуды жоспарлап отыр. Ал орыс труппасы мерейтойға байланысты М.Әуезовтің «Абай жолы» романына негізделген «Сенде біздей ойлайсың!» («И ты своими мыслями подобен нам!») атты қойылымды сахналауға дайындық үстінде. Сонымен қатар, Жастар труппасы жергілікті «Алтай» телеарнасымен бірлесіп «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан...» атты телебағдарламаның жобасын жасауда.

Театр бүгінгі таңда тарихи қойылымдармен қатар заманауи қойылымдардың санын арттыру мақсатында жұмыс істеуде. Репертуарда тарихи-драмалық қойылымдар, комедиялық, лирикалық драма, форс-мажор, әпсана, поэтикалық сондай-ақ, балаларға арналған ертегілер  жан-жақты қамтылған.

Бұл - бес жылда атқарылған жұмыстардың жартысы ғана. Біздің мақсатымыз - түгендеп жазу емес, еңбекті бағалай білу. Кез келген халықтың мәдени-рухани жағдайын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – ұлттық театрдың кәсіби деңгейі мен көркемдік дәрежесі. Ал мұның өзі халықтың өз театрларына деген ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыра түсетіні айқын. Бүгінде бір ғимаратты бөлісіп отырған үш труппа белсенді және тату-тәтті еңбек етуде.

Шолпан Лақаева,

театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

ӨСКЕМЕН