Атырау облысының әкімдігі жаңа идеяны қолдады. Ал оны «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау филиалы ұсынды. Идея дегенде ұлт тарихының мұнайлы өңір аумағындағы құндылықтарын жұртшылыққа тереңірек жеткізуді көздеген «Хазардан –Қазаққа дейін» атты жаңа телеэкспедицияны айтып отырмыз.
Атырау облысының әкімдігі жаңа идеяны қолдады. Ал оны «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау филиалы ұсынды. Идея дегенде ұлт тарихының мұнайлы өңір аумағындағы құндылықтарын жұртшылыққа тереңірек жеткізуді көздеген «Хазардан –Қазаққа дейін» атты жаңа телеэкспедицияны айтып отырмыз.
– Мұның мақсаты – деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан телеэкспедицияны алғашқы сапарға шығарып салу рәсімінде, – қанша ғасыр өтсе де маңыздылығын жоймайтын тарихтың куәсі – Ұлы Жібек жолын негізге ала отырып, Атырау облысы өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау. Аймақтың тарихи-мәдени мұрасын қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде облыс бойынша 313 тарихи-мәдени ескерткіш, 525 мәдени нысан тіркелген. Туған өлкеміздің баға жетпес жәдігерлері өлкетанушы, археолог, тарихшылар мен журналистердің деректері арқылы қалың жұртшылыққа жеткізілмек.
Мақат ауданынан бастау алатын алғашқы сапар Жылыой, Қызылқоға, Индер аудандарында жалғасын таппақ. Сонан соң, Атырау қаласы мен Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарының елді мекендерінде жалғастыру көзделіп отыр. «Тарихи-мәдени ескерткіштер жыл сайын жаңадан анықталып жатыр. Археологиялық ескерткіштерді әлі де тереңірек зерттеп, мемлекеттік тізімге енгіземіз деген жоспарымыз бар», дейді тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Ғалымжан Ысқақов.
Атырау өңірі тек мұнайымен ғана танымал емес. Ұлы Жібек жолындағы батыс өлкелердің кіндігі, қазақ хандығының тұңғыш астанасы Сарайшық шаһары да осы өңірде орналасқаны баршаға белгілі. Сонымен бірге, Асан Қайғы салдырған делінетін Қорғанша қаласы, алтын адам табылған Аралтөбе қорымы секілді ежелгі тарихи жәдігерге айналған мекендер бар. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы, Исатай-Махамбет бастаған ұлт азаттық көтерілісінің шежірелі тарихынан сыр шертетін тарихи орындар да көп. Демек, осының бәрі ұлт тарихының құндылығы ретінде кеңінен насихатталып, кейінгі ұрпаққа шашаусыз жеткізілуі тиіс.
Телеэкспедиция құрамында 12 адамнан тұратын кәсіби тележурналистика майталмандары мен археологтар, тарихшылар және өлкетанушылар бар. Оның құрамындағы топ жетекшілерінің бірі, «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау филиалының редакторы Е.Есмұратованың айтуынша, телеэкспедиция қорытындысымен мұнайлы өңірдегі жаңа жоба –10 бөлімнен тұратын деректі фильм түсіріліп, арнайы кітап шығарылмақ.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.